Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аралым, міне, осындай өнер мен дәулет қонған жер

Аралым, міне, осындай өнер мен дәулет қонған жер

Алғашқы ой – өн бойына Ұлы даланың өсиеттері мен қадір-қасиеттерін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізумен келетін туған жер, өскен мекен жайлы болмақ. Осыған дейін де талай тарландар қаламын алғаш болып «Атамекен» тақырыбына бұрғаны сөзсіз. Құдайдың құдіретін-ай, шіркін! Туған жер адамға сонша ыстық, сонша жақын болады екен ғой. Ақындар «туған жерім, ыстықсың» деп жырға қосса, осында жүргенде оған мән бермеппіз. Оқуға түсіп, арман қуып Алматыға кеткен күннен қимас бұла шағым –балалығымның, армандаған асқақ сәттерімнің мөлдір бастауында тұрған туған жерім жиі-жиі еске түседі. Алматыда оқып жүрген білімнің қарашаңырағы ҚазҰУ-нің әрбір бұрышынан Аралымның естеліктерін іздеп, жыңғылы мен жусанын туған жерден басқа орыннан таппайтынымды білгенде, мендік жас көңіл тезірек елге қайтуды аңсады да тұрды.
Кең даланың ауасын, қыс өтiп, көктем келген тұстағы тiл жетпейтiн жусанның жұпар иісін, көктемгi бусанған жерін, көгалын сағынасың. Ең аяғы, жаздың күні ел ығырын шығаратын тентек желін де сағынасың. Ауылдағыдай самал желге бетімді сипатып, бір еркелейін десем, Алматыда жел аса бола қоймайды екен ғой, сонысы қатты батты маған. Туған жерге деген адам баласының сағынышы шексiз. Қасқыр екеш қасқыр да өзi мекен еткен орнын қорғап, өзiне күш көрсеткен жауынан бой тасаласа да, айналып сол мекенiне соқпай ма?! Бабадан мұра болған сол атамекендi аңсамайтын, сағынбайтын адам бұл өмiрде кем де кем шығар-ау!
Аралға сырттан келгендер көз тоқтамайтын мидай даланы көргенде, “ит байласа тұрмайтын жер екен” деп бас шайқасып қалады. Ал сол жерде талай-талай атақты, дана дарабоздар мен таланттылардың қалай шыққанына таңданып, тағы да таңдай қағысады. Сол Аралдың тарихи тұлғаларымен мақтанып, ұрпағы болғаныма мен де қуанамын. Қуана отырып, сол тұлғалардың әруағына кiр келтiрмеудi, Арал жұртының қасиеттi борышы екендiгiн еске салғым келедi. Талай майданда “туған жер, атамекен үшiн” айқасқан батыр бабаларымыздың ерен ерлiгiн ұрпақтары ұмытпайды! Атадан балаға мирас болған құт мекенiн көзiнiң қарашығындай сақтары анық.
ХVIII ғасырда Ұлытауды жоңғарлардан босату үшін болған негізгі шайқаста Кіші жүз сардарларының қатарында мың баланы бастап барып, үлкен ерлік көрсетіп, жауды жеңуге шексіз үлес қосқан Сартай Байжанұлы туралы талай дастандар жазылды. Тіпті, біздің дәуірде тек елімізге ғана емес, бүкіл әлемге танымал «Жаужүрек мың бала» фильміне арқау болған дара тұлға Аралдың топырағына аунап өскен Жақайым ата баласы болатын. Жау жағадан алған тұста, Хиуа, Қоқан, орыс жұртымен үш жақты күрес жүргізген батыр тұлға Жанқожа Нұрмұхамедұлының есімі тарихтың ақтаңдақ беттерінің төрінде, елінің мәңгі есінде. Баба мен бала дәуірін мәдениет тұрғысынан жалғастырып отырған «Нұртуған мектебін» қалыптастырушы Нұртуған Кенжеғұлұлы, толғау-термесінің лейтмотиві адами құндылық болған Қарасақал Ерімбет, «Қан мен терінде» толқынын сүйген теңіздің ерен еңбегі арқылы Аралдық қайсар елдің бейнесін жұрт жүрегінде жаңғыртқан Әбдіжәміл Нұрпейісов, теңізше толқып,теңізден шабыт алған, «қазақтың Корчагині» атанған Зейнолла Шүкіров, Аралдың табанынан су кеткенмен, халқының жүрегінен жыр кетірмеген Бекұзақ Тәңірбергенов, бүгінде «әу» деген ұрпағының екі өлеңінің бірін сөзбен өрнектеген Шөмішбай Сариев, Жарасқан Әбдірашев, Шынберген Сүлейменов, ел мерейіне бөленген ерен тұлға Мешітбай Құттықов,Толыбай Абылаев, Ерғали Абдуллаев сынды тұлғалар шықты емес пе! Олардың алдындағы және кейiнгi дарабоздарымыз бен таланттарымыз қаншама!
Тасын түртсең, тарихы сөйлейтін Арал өңірінің дара перзенттері де туған жерге деген сағынышымның себебі болған шығар, сірә. Алматының ит тұмсығы батпас қалың ормандарынан Аралымның мидай даласын,биік ғимараттары мен тас төселген көшелерінен туған жердің құм шағылдарын,шыршаның өткір иісінен жусанның жұпар иісін іздегенімнің де, жұрт қызыққан Алматыдан толқынды Аралымды биік қойғанымның да басты себебі осы болар.
Туған жер – сайран салып, көбелек қуып,қызықты балалық шақты өткізетін жер ғана емес, ол сенің өткенің мен болашағыңның ұштасуы, сенің ертеңгі күні өмірден орын табуыңа әсер ететін жақының секілді. Жоғарыда мен бір ұшын өз ойыма арқау еткен тұлғалар – тарих, сол тарихтағы ұлы адамдармен біте қайнасқан ортақ асылымыз – Туған жер!
Сымбат ЖАҚСЫЛЫҚОВА,
Әл-Фараби атындағы ҚАЗ-ҰУ-нің студенті
28 ақпан 2023 ж. 390 0