Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аралым-арым, намысым

Аралым-арым, намысым

Теңіз төскейінен орын тепкен айдынды Арал қаласына биыл 95 жыл толып отыр. Соған байланысты жақында қалалық №3 кітапханада «Аралым-арым, намысым» атты таным сағаты болып өтті.
Кештің мақсаты – туған жер тарихын жас ұрпаққа ұғындыру, олардың елге, жерге, Отанға деген перзенттік сезімі оянып, ұлтжанды, елжанды болып өсулеріне ықпал жасау.
Шара барысында кітапхана меңгерушісі А.Нағашыбаева:
–Арал – қазақылықтың қаймағы бұзылмаған тарихи мекен, өнер мен жырдың өлкесі. Үлкендердің шежіреге толы әңгімелерін тыңдасақ, ол кездегі Арал мен қазіргі Аралдың арасы жер мен көктей. Шабытыңа шабыт қосылып кететін шежірелі өңір – менің туған жерім бүгінде ажарлана түскен. Еліміз тәуелсіздіктің көк туын желбіреткеннен кейінгі уақыт аралығында Арал қаласының тыныс-тіршілігі жаңарып, ажарлана түскен. Қазақ жерінің тарихы тым әріден басталатынын, Арал теңізі, оның жағалауын атам заманнан мекен еткен халықтың тарихы да уақыт тереңінде екенін ұмытпаса деймін,– депкиелі топырақта талай сындарлы кезеңдерді бастан өткерген Арал – байлық көзі – балығымен, ақ алтыны – ас тұзымен әлемге әйгілі екенін, теңіз төскейінен орын тепкен айдынды Арал қаласының кешегісі мен бүгініне кеңінен тоқталып өтті.
Қалалық Мәдениет орталығының жыршы, термеші, үйірме жетекшісі Гүлжамал Бейсова «Аралым», мәдениет орталығының әдіскері Гүлжанат Әйтімова «Теңізбен тілдесу», Гамзат Қалыбек «Теппенкөк» күй, Нұрперзент Амантай «Балбырауын» күйін орындаса, қалалық №1 кітапхана қызметкері Гүлнәз Оңталапқызы «Қара қайық», Д.Айдаулетова «Аралды сүю керек қайтқанда да», Д.Тастыбаев «Арал көшіп келеді», Ш.Жамағатова «Арал», Т.Толыбай «Жаным Аралым» атты жүрекжарды жыр жолдарымен туған жерге деген сезімдерін жеткізді.
Шара соңында Абай атындағы орталық кітапхана әдіскері Таңшолпан Нұрмаханқызы қаламыздың 95 жылдық мерей тойымен құттықтай келе, шара қатысушыларын марапаттады. Кітапханашы Б.Әбілдаева «Туған жерге туыңды тік» атты кітап көрмесімен таныстырды.
К. ЗДЕНОВА 
14 қазан 2022 ж. 680 0