Облыс әкімі ұлағатты ұстазды құттықтады
8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорда облысының Құрметті азаматы, еңбек ардагері Алма Ақдәулетованың үйіне барып, келе жатқан мерекемен және туған күнімен құттықтады.
Нұрлыбек Машбекұлы ұлағатты ұстазға ұзақ жыл бойы аянбай еңбек еткені үшін алғыс білдіріп, зор денсаулық тіледі.
«Сіздің өмір, еңбек жолыңыз, жеткен жетістіктеріңіз – ізіңізден ерген жас ұрпаққа өнеге. Жоғары білім беру, ғылым саласындағы дара жолыңызды осы бағытты таңдаған талапкерлер үлгі тұтады. Облыстық партия, атқару комитетінде ер азаматтармен қатар жүріп атқарған қызметтеріңіз қай кезде де қоғам құрметіне бөленді. Облыстық кеңес депутаты, әйелдер қоғамының төрайымы болған кездегі елге сіңірген еңбегіңізді жұртшылық жоғары бағалады. Сізді алдымыздағы арқасүйер үлкеніміз, жанашыр тілекшіміз ретінде әрдайым құрмет тұтамыз. Қамқор пейілмен, ақ ниетпен айтатын ақыл-кеңестеріңізден Сыр елінің жарқын болашағына деген жанашырлығыңызды, мол тәжірибеңізден түйген тағылымыңызды байқаймыз», – деді құттықтау сөзінде Нұрлыбек Машбекұлы.
Айта кетейік, Алма Танабайқызы 8 наурыз күні 90 жас мерейтойын тойламақ. 1950-1954 жылдары Қызылорда педагогикалық институтында оқыған ол осы институтта оқытушы болып, студенттерге дәріс берген. Еңбек жолында 1969 жылы Қызылорда облыстық партия комитетінің ғылым және білім бөлімінің меңгерушісі, 1973 жылы облыстық Кеңес атқару Комитетінің жауапты хатшысы, 1978-1988 жылдары облыстық комсомол комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарған.
Алма Ақдәулетова – облыстық дәрежедегі дербес зейнеткер. Қазақстан Республикасының «Құрмет белгісі» орденінің, «Ерен еңбегі үшін» медалінің, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Құрмет грамотасының иегері. Кеңестер Одағы деңгейіндегі Әйелдер съезіне делегат болған. ҚР Президентінің «Алғыс хатымен», көптеген медальмен марапатталған. Қызылорда облысының Құрметті азаматы.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
syrboyi.kz