Бірреттік акция: сары нөмірлі машиналар тіркеуден жылдам өтеді

"Облыста бірреттік акцияда 6 мыңға жуық жүргізушіден көлігін заңдастыруға өтінім берілді. Өтінімдердің қазір қанағаттандырылғаны - 3,5 мыңға жуық. 2600-дей көлік нақты тіркеуден өтті", - дейді Жамбыл облыстық полиция басқармасының автоинспекторы Дулат Құрманалиев.
Бірреттік акция кезінде шалғай аудандардың азаматтары облыс орталығына сабылып, ұзын-сонар кезек туғызбау үшін Меркі және Қордай аудандарында арнаулы орталық ашылған болатын.
Акция бір жарым ай бұрын басталса да, көлігін тіркеп, қазақстандық нөмір алып үлгергендер бар. Кезек те аз емес. Маманның айтуынша, оларға көлігін заңдастырып алуына алғашқы жарна, БАЖ салығын төлемегені кедергі келтіріп отыр екен.
"Тіркеуден өтпей қалған көліктердің көпшілігі - көршілес мемлекеттерде әлі есептен шығарылмағандар. Елге әкеліп, уақтылы есепке қоймаған көлік иелерінің де тіркеуден өткізу процессі ұзаққа созылып жатыр", - деп түсіндірді автоинспектор.
Руслан Шөкеев есімді жүргізуші автокөлігін тіркеуден өткізуге өтінім бергеніне көп бола қоймағанын айтты. Оның айтуынша, сары түсті нөмірлі машинаны тіркеуде көп кедергі кездеспейді екен.
"Менің көлігімнің нөмірі сары түсті болған соң, кедергі болған жоқ. Армениядан әкелгенмін. Сол елден есептен шығарттым. Тиісті рәсімдеулерден өттім. Енді отандық көлік нөмірін ілетін күнді күтіп жүрмін", - дейді жамбылдық Руслан Шөкеев.
А. СЫРЫМБЕТ
massaget.kz