Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Халық таңдауы – ел игілігіне

Халық таңдауы – ел игілігіне

Енді төрт күннен кейін елімізде өтетін Парламент Мәжілісіне және жергілікті мәслихаттарға депутаттар сайлауы – 19 жылдан кейінгі жаңа форматта, конституциялық реформаларға сай өткізілетін халық таңдауы. Өз басым осы сайлауға көп үміт артып отырмын.

Біріншіден, бұл сайлау – билік тармақтарын реформалауға кеңі­нен жол ашады. Осы шақы­ры­лымда сайланатын депутаттар Әді­летті Қазақстанды құру жолын­да бел шешіп күресетініне күмәнім жоқ.

Екіншіден, бұл сайлауда 7 партияның мүшелерімен қатар, партияларда жоқ азаматтардың да саяси додаға қатысуына жол ашылды. Бұл жағынан алғанда биылғы сайлау елдің барлық аза­матының тең дәрежеде сай­лауға түсуіне мүмкіндік жасалды. Сайлау қорытындысында мықты халықтық блок құрылатыны сөзсіз. Осы орайда 10 мыңнан астам азамат Мәжіліс пен мәсли­хаттар депутаты болып сайлануға өз құқығын пайдаланып отыр.

Үшіншіден, бұл сайлау нау­қанының маңызды ерекшелігі – партиялық тізімдердегі квотаның кеңеюі және депутаттық мандаттарды бөлу кезінде квотаны есепке алу нормасы. Анығырақ айтқанда, Мәжіліс депутаттарын сайлауда партиялық тізімге әйелдер мен жастардан бөлек, мүгедектігі бар жандар да саяси үдерістерге қатысуда қиындықтарды бас­тан кешіретін әлеуметтік санат ретінде енгізіліп, саяси квота бекітілді. Мұның басты мақсаты – пікірлер плюрализмін қамтамасыз ету, біржақты көзқарасты жою және ортақ игілік үшін шешім қабылдауда мүмкіндіктер теңдігін қамтамасыз ету.

Сайлаудың осы ерекше­ліктерге құрылған жүйесіне көшу біздің азаматтық және сая­си белсенділігімізді арттыруға айтарлықтай серпін береді. Оның үстіне, бұл сайлауда саяси сынға түсушілердің сайлау науқанында бәсекеге қабілеттілігі тың үрдіске бағыт алғанын көреміз. Партиялар арасындағы бәсеке болсын, округ­тік сайлау арасындағы үміт­керлердің бәсекесі болсын, олар­дың бәрі саяси науқанның көрігін қыздыра түскенін байқау қиын емес. Бұл сайлаудың құндылығы осында.

Сайлаушылар арасындағы енжарлық пен бейжайлықты жою­да бұл факторлар аса үлкен рөл атқарып отырғанын қазір ешкім де жоққа шығара алмайды. Кез келген партияның неме­се кандидаттың және оның штабы­ның мотивациясы мен көзқарасы, материалдық және адами ресурстары, науқанға дайын­дық деңгейі, креативі, шы­найылығы сайлауалды нау­қанның жоғары деңгейде өтіп жатқанын білдіреді. Ал мем­лекет бұқаралық ақпарат құралдарын теңдей пайдалануға кепілдік беріп отыр. Заңнамалық тұрғыдан барлық кандидаттың мүмкіндігінің тең екені де осы сайлаудың әділетті өтуіне апаратын бірден-бір жол екені даусыз.

Сайлау – халықтық таңдау. Сондықтан да Қазақстанның бар­лық азаматын Парламент Мәжі­лісіне және жергілікті мәсли­хат­тарға депутаттар сайлауы күні өздерінің қалаған партиялары мен округтерінен түсіп жатқан кандидатына дауыс беруге шақырамын. Сіз сол арқылы Қазақстанда бас­тал­­ған саяси институттар рефор­ма­сының сәтті өтуіне үлес қоса аласыз.

Жақсыбек ҚҰЛЕКЕЕВ,

мемлекет және қоғам қайраткері

egemen.kz
15 наурыз 2023 ж. 249 0