Банкрот болған адамдардың өтініші қандай жағдайда қабылданбауы мүмкін?
Жеке тұлғалардың банкроттығы бойынша соттан тыс рәсім арқылы берілген өтініш саны кейінгі жағдай бойынша 20 мыңнан асты. Алайда кейбір жағдайда өтініш кері қайтарылуы мүмкін, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Қаржы министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомство мәліметінше, алдын ала жүргізілген тексеру кейбір азаматтардың мына себептеріне байланысты банкроттықты қолдана алмайтынын көрсеткен:
- 12 ай ішінде қарыз ішінара өтелгені;
- борышкердің немесе зайыбының мүлкі болуы;
- банкпен не МҚҰ реттеу рәсімін жүргізуі туралы құжаттың болмауы;
- дара кәсіпкер ретінде тіркелгені;
- атаулы әлеуметтік көмекті 6 айда аз мерзімде алуы.
"Ол азаматтардың телефонына 1414 қызметі арқылы соттан тыс банкроттық рәсімін қолданудан бас тарту туралы хабарлама жіберіледі", - делінген ведомство хабарламасында.
Қазақстандықтар мұндай хабарлама алған болса, соттан тыс банкроттыққа қойылған өлшемдерге сәйкес келсе, 3 айдан кейін қайта өтінішпен жүгіне алады.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда банкроттыққа өтініш қабылдаудың алғашқы күні 2,5 мыңнан аса азамат өтініш бергені хабарланған болатын.
Сондай-ақ, Қазақстанда 1,1 миллионнан аса адам банкроттық туралы заң көмегімен қарызынан құтыла алатыны хабарланды. Бұл туралы қаржы вице-министрі Ержан Біржанов айтқан болатын.