Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Шелпек неге жетеу?

Шелпек неге жетеу?

Ес білгеннен бастап апамыз пісіріп берген жеті шелпек нанды көрші-көлемге, көшеде кездескен адамға таратып, оның «қабыл болсын» деген тілегіне «әмин» деп жауап беріп өстік. Ол кезде оның онша мұнша сырына үңілмесек те, әйтеуір Жаратқаннан жақсы тілек тілеудің ишарасы екендігін білеміз. Жеті шелпектің неге жетеу екендігін және оның нендей қасиеті бары туралы ойлар кейін келе бастады. Бүгін дерек көздерінен жинақтаған ақпаратымды сіздермен бөліскенді жөн көрдім.
Халық арасындағы кейбір аңыздарға қарап бұл дәстүрдің Пайғамбарлар дәуірінен келе жатқанын аңғарамыз. Шелпек неліктен жетеу болу керек деген сауалға жауапты Ысқақ қожа әулиенің кезінде пайда болған әфсанадан таба аламыз. Қазығұртта өмір сүрген Ысқақ қожаның ұлы Ысмайыл әкесі дүниеден өткен соң, қырқына дейін бейсенбі күні жеті шелпек таратыпты. Сонда халық күлшенің неге жетеу екенін сұрағанда, «Жеті күлшенің сауабы жеті атаңа, одан асса, жетпіс атаңа кетеді. Ал бір күлше өз қара басыңа жетеді» деп жауа¬п берген екен. Міне, осы сәттен бастап ел арасында «Жеті шелпек жеті түрлі бәледен сақтайды» деген сөз пайда болыпты. Иә, қазақ ұлты үшін жеті саны жат емес. Жеті ата, жеті қазына, жеті жұт, жеті жоқ және жеті жетім ұғымдары ерекше. Ал дінде бұл сан символдық рөл атқарады. Осыған байланыст¬ы Жаратушының жалғыз екенін танудың белгісі ретінде Қағбаны жеті рет айналу парыз етілген.
Жеті шелпектің шарапаты туралы мына бір әсерлі әңгімені сіздерге ұсынғым келеді.
«Баяғыда бір жолаушы келе жатып, сандық тауып алады. Ашып қараса, алтын тас жатыр екен. «Құдайым жоқ жерден берді ғой» деп шаттанған бейбақ алтынға қолын соза бергенде, алтын тас үлкен жыланға айналып, өзіне тап береді.
– Ей, бейшара не тапсаң да, өз сорыңнан көр. Сандықта жатып мың жыл бойына: «Біреу мені босатса, алтынмен аптап, күміспен қаптаймын», – деп тіледім. Ешкім құтқармады. Бүгін: «Кімде-кім құтқаратын болса, соны жұтамын» – деп серт бердім. Сен кезіктің. Енді сертімді орындаймын», – дейді. Жолаушы шыр-пыр болып жалынса да, жылан көнбейді. Кенет оның көзі отыз жолаушыны шалады.
Қуанған жолаушы олардан араша сұрайды. Олар жыланнан қорқып:
– Бұл жылан алып екен. Бұған шамамыз жетпес, – деп кетіп қалады.
Жылан жақындай түседі. Бейбақ:
– Өлген жерім осы болды ғой, – дей бергенде, тағы да бес кісінің сұлбасы көрінеді.
Жолаушы құтқар деп жалынады.
– Отыздың шамасы жетпегенде, бізден не күтесің? – деп, олар да кетіп қалады.
Жылан төне түседі. Бейбақ иманын үйіреді. Сол кезде бір аласа бойлы адам келе қалады.
– Ей, жылан, мына бейбақтың не жазығы бар? – деп сұрайды. Жылан мән-жайды баяндап:
– Отыздан қайыр, бес жаннан пайда болмағанда, сен не істей аласың? Жолыңнан қалма, – дейді. Аласа адам:
– Ей, жылан, жазықсыз жанға жала жаппа. Өтірігіңе сенбеймін. Айтқаның рас болса, мына денеңмен кішкене сандыққа қалай сыйдың? Көз көрмей, көңіл сенбейді, – дейді. Жылан бұлқан-талқан ашуланып:
– Сандықтан қалай шықсам, солай сыйып та кетемін, – дейді де, түтінге айналып, жоғары көтеріліп, сандыққа кіріп кетеді. Аласа адам сандықты тарс жауып:
– Жыланнан құтылдың. Енді жолыңнан қалма, – дейді. Жолаушы қуанып:
– Айлаңды асырдың, батыр. Қарыздармын. Жөніңді айт, кімсің? – дейді.
– Бұл жылан – орынсыз айтқан өз сөзің. Он пәленің тоғызы – тілден. Орынсыз сөз иесін қабады. Ақылды адам тілін буады. Отыз кісі – ұстамаған оразаң, бес кісі – қаза қылған бес уақыт намазың. Құлшылыққа салғырт қарадың. Олардан қайран болмады. Бірақ сен жұма сайын жеті шелпек пісіріп, кедей-кепшіктерге садақа бердің. Мен – өзің пісіріп таратқан шелпекпін. Сені құтқаруға Құдай жіберді, – депті. Міне, жеті шелпектің өз отбасыңызға да, өткендерге де тигізетін шарапатын көрдіңіз бе?
Дәстүрдің бұрысы болмайтынын санамызға құйып жүрейік. Шарапаты мол жеті шелпекті дін мен ділден бөліп қарауға болмайды.
Дайындаған Н. МАРАТҚЫЗЫ
19 наурыз 2023 ж. 474 0