Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлық мерекенің мәні неде?!

Ұлық мерекенің мәні неде?!

Наурыз – ежелден бастау алған жыл басы мейрамы. Шамамен 5000 жыл бұрын пайда болған мереке күнтізбе бойынша күн мен түннің теңесу кезіне сәйкес келеді. Мерекені тойлау дәстүрі дүние жүзі халқының көпшілігінің бағзы салт-дәстүрлерінен орын алған. Бізге дейін жеткен тарихи деректерге қарасақ, мейрамды бірнеше күн тойлау, көже дайындап, оны тарату, түрлі жарыстар ұйымдастыру секілді әлі күнге жалғасын тапқан ғұрыптарды көруге болады.
Қазақтың мифологиялық түсінігі бойынша 21 наурыз түні даланы Қыдыр ата аралайды. Бұл түн әрқашан қасиетті, киелі саналған. Сол түні қазақтар Қыдыр атаны күтіп, ұйықтамауға тырысқан. Түнде арнайылап ыдысқа ұн салып, терезенің бірін ашық қалдырған. Егер үй таза, берекелі болса, Қыдыр ата батасын береді деген сенім бар.
Халық таза, жаңа киімдерін киінген. Ауылдың ер-азаматтары қол алысып, төс қағыстырса, әйелдер құшақтасып, игі тілектер айтады. Мереке қарсаңында араздасқан жандар татуласып, күнәлі адам тазарады деп сенген. Ауыл ақсақалдары араларына жік түскен бауырларды татуластырып, барлығы бір дастарқаннан дәм татып, жалғыз-жарым жетімдерді үйлендірген, кембағал жандарды туыстарына аманаттап тапсырған. Ауылдағы қыстан нашар шыққан отбасыларға жылу жинап берген.
Жастар да тұрмыс-тіршіліктен қалыс қалмай күндіз арықтарды тазартып, су жіберіп, ағаш отырғызып, гүл егуден бастаған. Бұл күні жер-жерде бәйге, көкпар тарту, қыз қуу және палуандар сайысы секілді ұлттық ойындар ұйымдастырылады.
Ал тұрмысқа шықпаған қыздар өздері ұнататын жігіттерге арнап соғымның соңғы етін уызға салып пісіріп, «ұйқыашар» тағамын әзірлейді. Жігіттер мен бозбалалар да қыздардың тағамдарына қарымта ретінде өздерінің қалауынша «селт еткізер», «дір еткізер» сыйлықтарын қайтарады. Бұл күні кешке жастар отырысы болып, таңды қарсы алуды да әдетке айналдырған.
Барша Азия халықтарына ортақ тағы бір ерекшелік – Наурыз тағамдары. Көбіне сүр ет пен қойдың басы қосылған, өсімдік майына пісірілген ас түрі көп жасалады. Қойдың басы мен ет пісірілуі – қыстан аман-есен шығып, қоштасуды білдірсе, ағарған, көже пісірілуі – көктеммен қауышудың, жақсылықтың нышаныболып саналады. Наурыз көже – ұлыстың күні пісірілетін қазақтың ұлттық тағамы. Ол келер жылда молшылықтың жоралғысы ретінде барша үйде дайындалатын болған. Халықтық дәстүр бойынша оған сүр етпен қатар тары, бидай, бұршақ, сүт, су, тұз секілді кем дегенде 7 түрден тұратын азық қосылуы тиіс. Ырымға сүйенсек, тақ санға келтіріліп мұндай тағамдар саны көбейтіле берген. Көжені ел арасында «тілеу көже», «көп көже» деп атап, ішілген соң «ақ мол болсын!» деп бата айту қалыптасқан.
Және бір қызығы, Наурыз мейрамы көпшілік ойлағандай діни мейрамдар қатарына жатпайды. Сондықтан көптеген мұсылман елдерінде мейрамды тойлауға тыйым салынған. Сирияда және Иранда мереке атап өтілмейді. Ал Түркияда 1991 жылға дейін рұқсат болмаған. Шамасы, мейрамды діни мереке деп санау халықтың этникалық тыныс-тіршілігінің тамырымен байланысты болса керек. Себебі тойлаушы көптеген Орта Азия елдері мұсылман елдер қатарына жатады. Біздің елімізде де Кеңес үкіметі кезінде атап өтілуге тыйым салынғанымен, қазіргі кезде маңызды мерекелердің бірі болып табылады.
Ал осы төл мерекемізді елімізге қайтарған қазақтың маңдайалды ақыны – Мұхтар Шаханов екенін білдіңіз бе? 1926 жылдан бастап елімізде Наурызды тойлауға тыйым салынды. 1988 жылы Мұхтар Шаханов коммунистік партияның бірінші хатшысына хат жазып, мерекені қайта тойлатуға рұқсат сұраған. Хатта: «Геннадий Васильевич, желтоқсан оқиғалары екі ел арасында мәселе туындатты. Қазақтар сізге жек көрінішпен қарайды. Егерде Наурыз мейрамын тойлауға рұқсатыңызды берсеңіз қазақтар басқа көзқараспен қарайтын еді...» деп жазылған. Содан соң Колбин Горбачевті көндіруге уәде еткен. Айтқандай, сол жылдан бастап Наурыз мерекесі тойланып келеді.
Биылғы көктемнің жарқын мерекесі, төл мерекеміз сәрсенбінің сәтті күніне сәйкес келіпті. Күн мен түнді тең еткен, жан-дүниені тірілткен, шаруаның бір малы екеу болып, аққа ауыз тиген күн, қытымыр қыстың ызғарынан құтылып, алдағы күннен жақсылыққа үміттендерген Наурыз мейрамы құтты болсын! Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағы, Самарқанның көк тасы еріген күн берекелі болсын! Ұлыс оң, ақ мол болсын, ағайын!
Г. САҚТАПОВА
22 наурыз 2023 ж. 277 0