Отбасылық жүктің жүгі ауыр

Қазіргі жас отау құрғандардың басым бөлігі тұрмыста кездескен отбасылық қиындықтарға төзе алмайды. Өйткені екі арнадан бір арнаға тоғысып, жұптық өмірге қадам басқан жастарды қолдап, демейтін ата-ененің сыпсың өсек пен сылтау сөзден қолы тимей жүр. Сол себепті жастардың өкінбей ажырасуына себептер табылып жатыр. Өзіндік пікірі жоқ, өзгенің ықпалынан шыға алмайтын жанмен де өмір сүрудің өзі қиынға соғады. Отау құрған соң, азаматтың нақты өзіндік ой-пікірі болу керек. Некенің бұзылуы – отбасы өміріне ғана емес, қоғам өміріне де кері ықпалын тигізетін жағымсыз әрекет.
Қазіргі таңда жастар әлеуметтік желі арқылы танысып, көпшілігі отбасын құруда. Бірін-бірі дұрыс танымай, мінездерін білмей бас қосуда. Мұндай жастардың арасында біз айтқан баянды махаббаттың салтанат құруы неғайбыл. Көбісі жарты жолдан қосылған жандар секілді аялдамасына жеткен соң жөнімен кетіп жатыр. Сұқбаттасып, сырласып, бірінің кемшілігін бірі толтырып тұратын жандардың жарасымды өмірін көру қазір тым сиреп барады. Сондықтан бізде ажырасуға келгенде сылтау да, себеп те жетіп жатыр. Сандарды сөйлетсек соңғы деректердің сынық көңілге сүйеу болар түгі жоқ. Айталық, 2021 жылда 516 отбасы құрылып, 104 отбасы некесін бұзған. 2022 жылы да отбасылық өмірге бірге қадам басқан 411 жұптың 100-і бүгінде жарты жолдан екі жаққа кеткен. Бұл дегенміз – әлі де отау құрған әрбі 4-5 отбасының бірі ажырасып жатыр деген сөз.
Ажырасу – табиғи құбылыс. Оны түбегейлі жою да мүмкін емес. Дегенмен болдырмаудың алдын алуды әркім өзінің бастауы қажет. Некенің қасиетін ұғыну, келешек ұрпақ қамы үшін отбасы құндылықтарын отбасында, ұжымда, кез келген ортада үздіксіз дәріптеп отыру қажет. Бала ұядан не көрсе, ұшқанда соны іледі. Адамдардың арасында бір-біріне деген құрмет, бауырмалдық пен сыйластық басым болған жағдайда ғана ер мен әйел өз міндеттерін жете түсініп, отбасында келісім салтанат құратыны анық.
Иә, қоғамдық құрылымдардың ұясы болып саналатын отбасының беріктігін сақтай отырып, мемлекетіміздің әлеуметтік дамуына үн қосу – әрбіріміздің міндетті борышымыз. «Ауруды жаратқан Алла, емін де жаратады» демекші, бұл мәселенің де бір шешімі болары анық. Өйткені біз рухани байлығы жоғары, ар-ұят пен обал-сауапты бәрінен биік қоятын елдің ұрпағымыз. Бәрінен бұрын «Үйлену оңай, үй болу қиын» деген даналық сөзді қалдырған бабаларымыздың алдында жүзіміз жарқын болса екен. Осыны жұптық өмірге қадам басқан немесе қадам басқалы жүрген арбір азамат ұғынса дейміз.
М. ЖҰМАШЕВА