Салғырттықтың салдары
Соңғы кездері ол кісінің кеуде тұсы шаншып, жиі мазалайтын болды. Қазақпыз десек өзімізге тиеді. Бірақ естен таным құламайынша, оны-мұны ауруға мән бере бермейтін әдетіміз бар. Ол да солай бейқам тірліктің екіпініне еріп жүре берген. Оның мазасыз күйін, сырт көзге сыр алдырмай жүрген шыдамдылығын байқаған әйел байғұс шыдасын ба? Күштеп жүріп дәрігерге әкелді. Түрлі тексеруден өткізіп, қан сараптамасын алған дәрігер ауруханаға жатпаса болмайтындығын айтты. Тіпті сол күні жедел жәрдем көлігімен облыс орталығындағы жүрек аурулары бөлімшесіне жеткізді. 1 апта емнен соң түзелгендей болды. Көңілі орнығып, отбасы, бала-шағасының қасына оралар шақта дәрігер тағы бір тексеру жасады.
– Тәке, – деді дәрігер. Өзінің адам жатырқамайтын, кез келген адаммен емен-жарқын араласып кете беретін ашық қасиетінен мұндағы дәрігерлермен де жақын болып алған. – Сіздің жүрекке ота жасалуы керек. Ондағы қан тасымалдаушы тамырлар бітеліп келе жатыр. Соларды арнайы түтікше қою арқылы кеңітеміз. Содан соң жағдайыңыз жақсара түседі, – деді.
– Қашан жасалу керек?
– Кез келген уақытта. Өзіңіздің жағдайыңызға қараңыз. Келер жылдың аяғына дейін шыдауға әзірге шама келеді, – деді дәрігер.
Мақұлдасып үйге келген. Түн ұйқысында алқынып оянып, кеуде тұсындағы моторы тағы мазалай бастайды. Сосын өмірлік қосағына:
– Ақыры жасату керек отасын жасатып алып, тыныш ұйықтайын да, – деді.
– Білмеймін ғой енді, ол қалай болар екен? Әуелі порталға салып, құжат дайындап, сараптамалар жасату керек шығар...
– Өткенде мені қараған дәрігермен келісіп келдім. Ол жігіт өзі жақсы екен. Маған «аға, өзіме кел, әй моментте жасап тастаймын» деді. Сол жігітке хабарласып барып, жасатып алайын.
Ертеңіне қоңырау шалып еді. Дәрігер: "келіңіз, әп-сәтте мазаңызды қашырған ауруыңыздан айықтырып жіберемін" деді. Көңілі орныққандай болып жолға дайындалды. Халінен хабардар болған жақын туыс, достары облысқа емес, Астана немесе Алматы қаласындағы мықты клиникаларды нұсқап еді. Ешкімнің кеңесіне құлақ аспай, өзіне сөзімен иландырған дәрігерге тартып отырды.
Сол күні мен өзіме жақын жанды соңғы рет көрген екенмін. Соңғы рет шәйімді ұсынып, өзі жақсы көретін қуырылмай асып жасалған қамыр лапша асымды ұсыныппын. Дастарқан басында қаз-қалпынан таймады. Көздерінен уайымды аңғардым. Бірақ ешкімге сыр алдырмады. Менің балаларыма мейірлене қарады. Бір атадан тараған төрт қыз бен екі ұлдың ішіндегі шаңырақта қалғаны. Өзі тірлікке епті. Мамандығы болмаса да мал бағып, шаруа қожалығын құрып, тәуір тұрмыс кешіп жатты. Елдегі рулас, туыс ағайынның басын біріктіріп, ылғи қазаны асулы, төрінен қонақ арылмайтын. Бізден едәуір жасы үлкен болса да, бәрімізбен қалжыңы жарасып жүретін. Мен ол кісінің жиенінің келіншегімін. Маған да келін деп қарамай, қалжыңдасып отырады. Келін болып түскеннен бастап өзімді әкемдей еркелетіп отыратын сол бір ағамды мен де жақын тартып кеттім.
Телефоным безек қақты. Сағат таңғы алтыны көрсетіп тұр. Хабарласып жатқан ағам екен. «Алло» деймін ұйқылы-ояу үнмен.
– Әй, әлі ұйықтап жатсың ба? Біздің үйге қонақ келейін деп жатқанда ұйықтап жатқандарың не? – дейді.
– Мақұл аға, барамыз қазір, – деймін ұйқымды аша алмай тұрып.
Бес минут. Тағы да телефон без етті. Тағы да ағам.
– Не қылдың, келе жатсың ба? – дейді. Осылай біз көз алдына көрінбейінше телефонға дамыл бермей, әр бес минут сайын звондап отырғаны. Мереке күндері «ет салғызып қойдым, біздікіне келіңдер» дейді. Улап-шулап біз барамыз. Өзі ылғи асығып жүретін. Біздің үй қалада, олар ауылда тұрды. Жұмыс барысымен қалаға жиі келеді. Тіпті күн арылтпай келіп тұрады. Кейде біздің ас-ауқаттың үстіне дәл келсе, кейде дастарқан жиылған соң келіп қалады. Келеді де «Келін, шәйің қайнап тұр ма? Берсең ішемін, бермесең кетемін» дейді. Жеті жылда мен де ол кісінің осы әдетіне бейімделгем. Осы аяқ астынан ағам келіп қалар деп шәйімді қайнатып қоямын. Екеуміз әңгіме соғып отырып бір шәйнек шәйді қыс демей, жаз демей салдыратып тастаймыз. Хош дестік қазір сол күндерге.
Отаға жүрер күні де емен-жарқын әңгімесін айтып, шәй ішіп, хош аман болыңдар десіп, пойыздың уақытында үйден шықты. "Отадан жақсы шықты" деген хабарға қуандық. Бірақ жан сақтау бөлімінен палатаға шықпады. 1 апта өтті. Жағдайы күннен күнге нашарламаса, жақсарған жоқ. Дәрігер жанына ешкімді кіргізбеді. "Өкпесіне су жиналып жатыр, әлсіз" деген хабарды телефоннан біліп отырдық. Күн сайын түрлі ауруларды айтып жатқан дәрігерге қайран қалдық. Ота алдындағы тексерісте қаны мен өкпесі, бауыр мен бүйрегі сау, тек жүректегі ақауды емдетемін деген адамның мұндай халге түсуінің себебін түсінбедік. Жүрек жайына қалып, өкпемен алысты. "Су жиналды, демалуы қиындап жатыр" деді. Несін жасырамыз, дәрігердің де, медбикенің де қалтасын қомпайттық. Осылай уайыммен жүргенде бір ай өте шықты. Жаңа жыл жақындап қалған кез еді. Бір күні "ағаң палатаға шығыпты" деген маманың (енемнің) қуанышты хабарын естідім. Ол кісі де бауырын уайымдап, ес жоғалтып жүрген. Жақсылықтың нышанына марқайып қалды. Бізде телефонға телміріп дәрігер жіберген жазбалардан жағдайын білуден басқа амал жоқ. Палатаға шыққан соң жарын да қасына кіргізді. Бірде халінің қайта нашарлап кеткендігі туралы айтқан дәрігер мұның бәрі қалыпты жағдай деп сендірді. Бірақ сол сәтте "неге сонша ұзап кетті?" деген ой болды. Әдетте тамырды кеңітіп, түтікше қойдырғандардың аз уақытта емделіп шығып жатқандығын естіп жатырмыз. "Неге тап біздің ағамызға түрлі ауру жабысып алды" деген күмәнді ой мазаласа да жамандыққа жоруға дәтім бармады.
27 желтоқсан. Сол күні таныс-біліс ағайын, дос-жолдастың бәріне қоңырау шалып хабарласып, жағдайының түзелгенін айтты. Төртінші қызы Ақботаның туған күні болатын. Сағат 12-ден өткен соң құттықтаймын деп дайындалып жатқан. Сағат тілі 12-ге 5 минут қалғанда қан құсып, жағдайы күрт нашарлады. Жедел жеткен дәрігерлер қайта жан сақтау бөліміне алып кетті. Осылай ағам мәңгілік мекеніне аттанды да кетті. Суық хабардан ес жоғалттық. Жүрек удай ашыды...
Сол жолдармен жүріп келемін. Бұл жолы ағам қоңырау соғып шақырған жоқ. Бір кездері осы тас жолға түсіп алып, қуанышқа ортақтасуға асығып жететінбіз. Бұл жолы жетуге асықпадым. Себебі сол бір кішіге де, үлкенге де ізеттілігімен сыйлас болған ағамның жаназасына бара жатырмын. Міне, осылай шуағын шашып, құшағын ашып, бауырға сая болған бәйтерек құлады. Көңіл қимай жыластық. Бірақ Алладан пенде күшті ме...
Бұл жағдайда дәрігердің қателігі себеп болды. Ота кезінде байқаусызда өкпенің қоршауыш қабаты кесіліп кетіп зақымданған. Мұны өлерінен бір күн бұрын келіп «Аға, медицинада сәтсіздік деген болады» деп кешірім сұрап келген дәрігерлердің әрекеті аңғартты. "Себепсіз шыны да сынбайды" демей ме, осылай болды. Біз көндік. Бір өкінтетіні, ажалға өз аяғымен барып, ақшаға сатып алғаны...
Н. МАРАТҚЫЗЫ