Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Құтырма ауруынан сақтаныңыз!

Құтырма ауруынан сақтаныңыз!

Құтырма – табиғи ошақтық аса қауіпті жұқпалы ауру. 2013-2014 жылдары Арал ауданы көлемінде адамдар арасында екі құтырма ауруы тіркеліп, екеуі де құтырма ауруынан қайтыс болды. Ауданда 2020 жылы – 168 адам, 2021 жылы – 162 адам, 2022 жылы – 201 адам, 2023 жылдың қаңтар айынан осы кезге дейінгі аралықта 39 адам түрлі жануарлардан жарақат алып, медициналық көмекке жүгінген.
Құтырма ауруының қоздырғышы табиғатта жабайы жануарлар арасында айналыста болады. Құтырмамен ауыратын хайуандардың ішінде қасқыр, түлкі, ит, мысықтарды ерекше атап өтуге болады. Сонымен қатар жарқанаттар, қояндар, жабайы шошқалар, тағы басқа да ауырады. Үй жануарлары (сиыр, қой, ешкі, жылқы, түйе) құтырмамен ауырған жабайы хайуандар мен ит-мысықтардың жарақаттауынан соң ауру жұқтырады. Құтырған ит те, мал да судан, су ішуден қорқады. Құтырған иттің сілекейі оның алғашқы сырт көрінісі пайда болғанға дейін 3-10 күн бұрын адам үшін қауіпті, сондықтан иттерді еркелеткенде, ойнатқанда абай болу керек.
Хайуандар сілекейіндегі қоздырғыштар адамды сілекейлегендегі, қапқандағы, тістегендегі пайда болатын жара арқылы нерв жүйелеріне өтеді. Қоздырғыштың адам ағзасына еніп, клиникалық көріністер беруі 8-10 күннен 40 күнге дейін, сирек жағдайларда 3 айдан 1 жылға дейін созылуы мүмкін. Құтырмаға шалдыққан адам алғашқыда судан, судың сылдырынан, жарықтан және басқа да дыбыстардан шошынады. Құтырмаға тән сыртқы белгілері науқас ерекше жұлынып құтырады, қимылы күшейеді, жұтқыншақта және бұлшық еттерде діріл, құрысу пайда болады, кейін ағзаның жұмыс қабілетінің нашарлау себептерінен науқас қайтыс болады.
Қазақстан Республикасының 30.12.2021 жылы №97 «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңы шығарылып, 2022 жылдың наурыз айынан бастап күшіне енді, осы Заң талаптарына сәйкес енді қаңғыбас ит-мысықтар жойылмайды, тек ауланып, арнайы уақытша ұстау пункттерінде ұсталады. Бірақ осы Заңды жүзеге асыратын ереженің бекітілмеуіне байланысты Заң талаптарына сәйкес қаңғыбас жануарларды аулауға, оларды уақытша ұстауға арналған пункттерді ашуға, пункттердің жұмысына қаржы бөлу мәселесі шешілмей отыр.
Кез келген аудан тұрғыны түрлі жануарлар сілекейлеген, жарақаттаған жағдайда жарақатты сабынды сумен 10-15 минут жақсылап жуып, міндетті түрде дәрігерге көрінуі қажет. Дәрігер тағайындаған құтырмаға қарсы егу шараларын кестеге сәйкес мерзімді уақытында үзбей алуға тиіс. Жеке қожалықтағы ит-мысықтарды, малдарды құтырмаға қарсы ектіру қажет, оларға мал дәрігерлік құжат алынуы керек. Иттерді аулада байлап ұстап, көшеге қарғыбау байлап, тұмсыққап кигізіп алып шығу шарт.
М.Садықова,
Арал аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бас маманы
27 наурыз 2023 ж. 328 0