Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » ТҰРМЫСТЫҚ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚТЫҢ САЛДАРЫ ҚАНДАЙ?

ТҰРМЫСТЫҚ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚТЫҢ САЛДАРЫ ҚАНДАЙ?

Бүгінгі көтеріліп отырған тақырыптың өзектілігін бәріңіз білесіздер. Әлем елдерінде белең алған тұрмыстық заң бұзушылық біздің елімізде де өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Отбасындағы жанжалдың кесірінен болатын қылмыстардың жиілеп кетуіне қоғам алаңдаулы. Зерттеулер бойынша оның басты себептерінің біріне – маскүнемдік, жұмыссыздық, соған байланысты тұрмыс жағдайының ауырлығы сияқты әлеуметтік жағдайлар жатады. Тұрмыста жапа шегетіндер негізінен әйел адамдар мен балалар. Ал біздің мемлекетіміз үшін әйел-ана мен жас ұрпақты қорғау ерекше мәселе. Өкінішке қарай, қазіргі уақытта қоғамның қарыштап дамуына қарамастан отбасылық зорлық-зомбылық әрекеттер тыйылар емес. Оған өзіміз күнде куә болып отырмыз.Негізінен, қай халық та отбасындағы зорлықзомбылық туралы айтуды жөн санамаған. Әрі «Бас жарылса – бөрік ішінде, қол сынса – жең ішінде» деген жазылмаған «заңдарымен» бекітіп қойған. «Ерлі-зайыптының арасына есі кеткен түседі» деп үй ішіндегі дау-жанжалға араласудың орынсыз екендігін білдіреді. Әкесі шешесін ұрып-соғатынын көріп өскен ұл өзі үйленгенде күйеу болудың жөні осы деп, жұдырығын ала жүгіруге бейім болатыны да рас. Ал «баламды әкесіз етпеймін» деп төмпешке көнген ананы көрген қыз да тұрмыстағы мұндай олқылықты қалыпты жағдай деп санайды. Дегенмен оның салдары қорқынышты жағдайларға душар етіп жататыны өкінішті. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселесінде ең маңыздысы – құқық бұзушыны жазалау емес, отбасын қолдау және сақтау. Жазалау шараларынан гөрі алдын алу шараларын қарастыру, құпиялылық, өмірлік қиын жағдайда жүрген әрбір адаммен жеке жұмыс жүргізу сияқты принциптер басшылыққа алынады. Тұрмыстық зорлықзомбылық – әкімшілік құқық бұзушылық немесе отбасылық мәселе емес, кез келген басқа зорлық сияқты қылмысқа жатады. –Арал ауданы бойынша отбасы тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтар бойынша жыл басынан бері 49 өтініш қаралып, процессуалдық шешімдер қабылданған. Оның ішінде отбасы тұрмыстық саласындағы құқық бұзушылық Әкімшілік құқық бұзушылық кодекстің 73-бабы бойынша 37 азаматқа әкімшілік шара көрілді. Сот әкімшілік материалдарды қарау барысында 7 азаматқа қатысты жоғарыда аталған заңға сәйкес құқық бұзушының әрекетіне шектеу қойып, ерекше талаптар белгіленді. Аудан көлемінде әйелдер мен балалар арасындағы зорлықзомбылық іс-әрекеттерін болдырмау мақсатында «Зорлық-зомбылыққа жол жоқ», «Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсымыз», «Зорлықсыз әлемді қалай қорғауға болады?» атты іс-шаралар ұйымдастырылды. Жалпы ауданда мұндай жағдайлар салыстырмалы түрде алып қарасақ аз кездеседі. Бірақ жоқ емес, – дейді Арал ауданының полиция бөлімі жергілікті полиция қызметі бөлімшесі, әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы, полиция майоры Гүлнар Есенжолова. Әйелдер күш көрсетіп жатса да төзімділік танытады, жұрт алдындағы абыройын ойлап, күйеулеріне қарсы берген арыздарын да қайтып алып жатады. Отбасында зәбір көрген әр әйелге тығырықтан шығудың жолы барын, қоғамның көзқарасынан қорықпай, заң шеңберінде мәселесін шешуге талпыну керек. Үнемі жұдырық жұмсайтын күйеуіне аяушылық танытып, арызын кейін қайтарып алатын әйелдер өз өмірлерін, денсаулықтарын ойлауға шамасы келе бермейді. Тұрмыстағы жанжал ең алдымен жанұядағы баланың психикасына кері әсерін тигізеді. Мамандардың айтуынша, ондай отбасында өмір сүріп жатқан балалар психологиялық травмаға тап болады екен. – Үйде жайлы жағдайда өмір сүріп жатпаған бала көбіне жасқаншақ болып өседі. Өз ойын еркін жеткізе алмайды. Қаттырақ сөйлей бастасаң өзөзінен жайсызданып, тұтыға сөйлеп мазасызданады. Және ондай балалар өсе келе жүрегі қатайып, өмірге өкпелі болып өседі. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» демекші, кейін өз өмірінде де мұндай жағдайға жол беруі мүмкін. Мен балабақшада психолог болғандықтан балалармен жеке дара жұмыс жасағанда олардың қандай отбасында өмір сүріп жатқандығын түсінемін. Олар кіршіксіз таза пейілді, сондықтан ойындағысын еш бүкпесіз айта салады. Біз ондай отбасында өсіп жатқан балаларға моральдық тұрғыдан қолдау көрсетіп отырамыз, – дейді психолог Гүлбану Әбілғазықызы. Көбіне зорлық-зомбылық құрбандары саналатын әйелдердің проблемасы – барлық елдер заң шеңберінде тыйым салуға талпынып жатқан үлкен мәселе, әрі жиі қайталанатын қылмыстар санатына жатады. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болған әйелдердің нақты санын дәл айту мүмкін емес. Себебі, олардың барлығы арнайы органдарға барып шағымданбайды. Әсіресе қазақ отбасындағы әйелдер зорлық-зомбылыққа төзіп жүре береді. Кейбір әйелдер, дәл сол мезетте ашуын біреуге жеткізіп алса, одан кейін кешіріммен қарап, әрі қарай өмір сүре береді. Бұл тұрғыда Мемлекет басшысы ҚасымЖомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауында қоғамдағы зорлық-зомбылық деңгейін төмендету үшін жүйелі шаралар қабылдау керектігін айтқан болатын. Талқыланып жатқан заң жобасы тек әйелдерге ғана емес, отбасының басқа да мүшелерінің тең құқы сақталып, тұрмыстағы қысымды болдырмауға көмек болатыны сөзсіз. Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарымен дағдарыс орталықтары жұмыс істейді, ал агрессор ер азаматтармен жұмыс жүргізілмейді. Осыған байланысты біздің елімізде пилоттық жоба ретінде арнайы жоба қолға алынған. Осы бағдарлама аясында отбасындағы агрессияның пайда болуының негізгі себебі анықталып, жақындарына қол көтеріп үйренген ер адамға ашуды жеңудің әдіс-тәсілдерін үйретеді. Психолог, психотерапевт мамандар оның ызасы не себепті пайда болғанын, неге біреуді ұруға әуес екенін зерттейді . Негізгі мақсаты – агрессордың істеген зорлық-зомбылығының қылмыс екеніне көңіл аудартып, мойнына жауапкершілікті алуына және келешекте осындай қатыгездікке қайта бармауына ықпал ету. – Қазір қоғамда түрлі естіген құлаққа түрпідей тиіп жататын жағдайлардың куәсі болып жүрміз. Отбасы болған соң ыдыс-аяқ сылдырамай тұрмайтыны түсінікті жайт. Бірақ сол екеудің арасындағы келіспеушілік қоғамды дүр сілкіндірер масқара жағдайға душар етіп жатыр. Оның бәрі адамдар психологиясының өзгергендігін көрсетеді. Қазір адамдар ашуды ақылға жеңдіре алмайтын дәрежеге жеткен. Бұл ұлттық тәрбиеге де қайшы. Бала санасына да кері әсерін тигізеді. Сондықтан мұндай олқылықтармен қоғам болып күресуіміз керек. Біздің Аналар кеңесі аудандағы кызкеліншектерге жан-жақты қолдау көрсетуге дайын. Көмек сұрап келген жандарға әркез өз тарапымыздан қолдау жасап жүрміз. Біздер аналар ғана емес, әкелермен де жұмыс жасаймыз. Мақсатымыз отбасы құндылығын сақтап қалу болғандықтан, ондағы әрбір мүшенің мәселесіне мән беру керек деп санаймын, – дейді аудандық Аналар кеңесінің төрайымы Лаура Қолғанатқызы. Зорлық-зомбылық жалпыға ортақ мәселе және бұл аналардың қасіреті, бүлінген тағдырлар. Өзі құрған шаңырақ шайқалмасын десек, қыз баланың тәрбиесімен бірге, ұл баланың тәрбиесіне ерте жастан көңіл бөлу қажет. Әр жеткіншек қыз бала мен ананы сыйлауды, әйел затын қадірлеуді бала күнінен бойына сіңіріп өссе, отбасында зорлықзомбылық орын алмас еді.

Н. МАРАТҚЫЗЫ
01 сәуір 2023 ж. 796 0