Пікірсайыс – заман ойыны

Пікірсайыс тарихы көне антикалық дәуірден бастау алған. Бұл шешендік өнер шаруашылық саласы мен саяси өмірде маңызды еді. Елімізге ең алғаш 1995-1996 жылдары келген ойын жастар арасында әлі де қызығушылыққа ие болып келеді. Интеллектуалды сайыс көбіне оқушылар мен студенттер арасында кеңінен тараған. Олардың көшбасшылық қабілетін, жеке тұлға болып дамуының және өз пікірін орынды айта білуінің бірден-бір себепкері десек қателеспейміз. Сайыс барысында түйсігіндегі заттарды түсіндіру, дәлелдей алу, өз пікірінің дұрыстығына өзгені сендіре отыра қарсыластың ұсынысының қателіктерін табу – басты мақсат.
Пікірсайыста ой мен сөздің бірлігі – жеңіске жетудің құралы. Бәрінен бұрын ортаға тасталған тақырыптың ұғымын, қарапайым тілдегі анықтамасын тауып алған жөн. Соған сәйкес терминдерді қолдансаңыз тіптен жақсы. Дегенмен, ғылыми терминдерді шектен тыс қолдану да дұрыс емес. Пайдаланған барлық сөздер жалпыға түсінікті болған жақсы. Кейде көп мағыналы, диалект сөздерді айтқанда олардың қалай, қайда қолданылып тұрғанын түсінікті етіп алған жөн. Сондықтан сөздің дұрыс мағыналарын, этимологиялық сөздіктерді пайдалануға кеңес береміз.
Пікірталаста жеңіске жету үшін барлық пікірге қарсы шыға бермеу қажет. Кейде қарсыластың да дұрыстығын қолдай отырып, қателіктерін көрсету де немесе тікелей тақырыпқа қатысы жоқ екенін де айтқан жөн. Егер ақылға сыйымды, орынды ұсыныс тасталса, қарсылықсыз өткен жөн. Қыңырлық ешқашан жеңіске алып келмейді. Керісінше, артық қыламын деп тыртық етуіңіз мүмкін.
Мәдениеттің жоғары деңгейін көрсету – бірінші орында. Қарсыласыңды құрметтеу, пікірін сыйлау, оны сабырмен тыңдай білу керек. Жеңіс жолында тойтарыс беремін деп, дөрекі сөйлеуге, мазақ етуге, дауыс көтеруге мүлдем болмайды. Сонымен қатар жеке діни, саяси көзқарастарға тиісу де өзіңізге кедергі болатынын ұмытпаңыз.
Сіздің эмоциялық ұстанымыңыз да көп рөл атқарады. Ашушаңдық, қызбалыққа салыну ойыңызды бөліп, пікіріңізді дұрыс жеткізуге кедергі болады. Керісінше, салқынқандылық, сабырлылық және ұстамдылық жеңіске жетуге көп көмек береді. Ойыңызды тыңдаушы қазылар мен көрерменге бұл ұнайтыны анық.
Қазіргі таңда бұл шешендік өнердің түріне қызығушы жандардың көбейгені көңіл қуантады. Бұл өнер жас талғамайды. Сәйкесінше, мектеп оқушысы, студент, тіпті мемлекеттік қызметкерлер де қатыса алады.
Ең алғаш «Жастар рухы» жастар қанатының басшысы Абылай Құрметұлының бастамасымен бастау алған пікірсайыс өнері еліміздің барлық аумағында қарқынды дамуда. Мысалы, ең алғаш Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті жанынан құрылған «Сенатор» дебат клубында қазір 100-ден аса пікірсайысшы бар. Одан кейінгі жылдары барлық ЖОО дебат клубтары ашылып, қалалық, облыстық, республикалық ойындар көптеп ұйымдастырылуда. Мемлекет тарапынан қолдау мен түрлі заттай немесе ақшалай сыйлықтар, мектеп оқушыларына арналған білім гранттары саны артып келеді.
Уақыт көшіне сәйкес білімді де білікті жеке тұлға дамуында көп көмегі бар пікірсайыс – заман талабының ойыны десек қателеспейміз. Халық арасында «мемлекеттік саяси мәселені 15 минутта талқылап, 5 минутта шешімін табушы жалғыз мамандар» ретінде қалыптасқан пікірсайысшыларға алдағы уақытта тек жеңіс тілейміз!
Г.САҚТАПОВА