Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Өнер – таусылмас азық, жұтамас байлық

Өнер – таусылмас азық, жұтамас байлық

Өнерлі өрге жүзеді. Әр адамның өзінің ерекше біткен таланты болады. Соның бірі – өнер. Өнер – халықтың тарихының шежіресі. Осы өнер арқылы өмірдің кең тынысы, тіршілік құбылыстары, адамның әртүрлі сезімі бейнеленеді. Сөз, әуен, қолөнер адам өмірінің сан ғасырлық тарихынан көптеген нәрсені көрсетіп, алуан түрлі сыр шертеді. Қазақ халқының басынан өткен сан қилы замандар, оның тіршілігі, салт-дәстүрі, санасы, өмір сүрген ортасы, әдет-ғұрпы арқылы ұлттық өнер ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, болашақ үшін тарих сахнасына айналады.
Әрбір адамның бойында Алланың берген берген өнері немесе дарыны болады. Соны дұрыс білсе, өнерлі жан өз орнын табады. Өнер адамның әрбір кезінде берілуі мүмкін. Бастысы, оған деген құштарлық сезімі биік болса, алынбайтын қамал болмайды. Ауданда осындай өнердің бір тармағы бойына дарыған балғын балапандардың бетін қақпай белін буып, болашағына даңғыл жол ашуға жөн сілтеп келе жатқан мекеменің бірі – аудандық өнер мектебі. Бүгінде қаншама шәкірт тәрбиелеп, өлкен өмірге қадам бастырған іргелі қара шаңырақтың ісі алға басып келеді.
Б.Момышұлы: «Өнер  – адамның рухани азығы, ол халықтың бүгіні мен келешегі, арманы мен қиялы, жалпы болмысы», деген ғой. Шын дарын өнер жолында өз орнын таба алады. Күш-жігер, ақыл мен қайрат – бұлар өнердегі шыдамдылыққа жетелейтін асыл қасиеттер. Қазіргі таңда мектеп оқушыларының бойындағы дарынын ұштау, бос уақытын тиімді пайдалану, шығармашылық қабілеттерін арттыру мақсатында бірнеше үйірмелер мен қосымша дәрістер өткізіліп келеді. Ал сондай дәрістер мен өткізілген сабақтың арқасында көптеген шәкірттеріміз аудандық, облыстық, қалаберді республикалық байқауларда топ жарып жүр. Бұл бағыттағы жұмысымыз бұдан әрі де жалғасын таба бермек.
Света Мыханова,
Арал ауданының өнер мектебінің оқу ісі жөніндегі орынбасары.
11 желтоқсан 2021 ж. 3 953 0