Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Арақ – бүкіл бәленің көзі

Арақ – бүкіл бәленің көзі

Жалпы, ішімдік сөзі – «ішуге болатын барлық сұйық заттарды» білдіргенімен, діни әдебиеттерде һәм еліміздің әдет-ғұрпында діни тұрғыдан ішуге болмайтын мас қылатын сұйық заттардың арнайы атауы. Фиқһ саласында бұл тақырып жалпы түрде «әл-әшриба» тармағында талқыланады. Қазақ тілінде «ішімдік» сөзімен де сол мағына, яғни, діни тұрғыдан ішуге болмайтын, мас қылатын алкогольді сұйық заттарды айтамыз. Адамзат тарихындай көне тарихы бар және барлық кезеңдер мен қауымдарда болған ішімдік және оған үйреншікті болу – Құран түскен кезеңде Хижаз-араб аймағында да етек жайған әдет еді. Ислам адамзатты зұлымдықтан, адасудан және барлық жамандық атаулыдан сақтап, заттық һәм рухани бақытқа кенелтіп, адамның жан дүниесі мен қоғамға тыныштық сыйлауды мақсат тұтқан мейірім діні болғандықтан, адамның есін ауыстыратын, ақылын тұмшалайтын ішімдіктерге үзілді-кесілді тыйым салды.Құран кәрімде Алла тағала былай дейді:
«Уа, иман келтіргендер! Шындығында арақ, құмар ойын, пұттар, көріпкелдік жасайтын жебелер– шайтанның істерінен. Сондықтан да олардан қатты сақтаныңдар, сонда құтыласыңдар! Шындығында шайтан арақ пен құмар ойындар арқылы сендердің араларыңа от салып, дұшпандық пен жеккөрушілікті орнатуды, сендерді Алланың зікірінен, намаздан алыстатуды қалайды, сонда да тоқтатпайсыңдар ма?! Аллаға мойынсұныңдар әрі Оның елшісіне мойынсұныңдар, сақтаныңдар! Ал егер кері кетсеңдер, біліңдер, Елшіміздің бар міндеті анық жеткізу ғана».
Қазіргі таңда ащы сусыз қандайда бір іс-шаралар, тойлар тіпті сәби балалардың өмірге деген бастауларының өзі ақ дастарқан басын айналып өтпейтіні жаныңа бататыны шындық. Дегенмен бұның бәрі нәпсінің еріп кетуіне тәубесіз өмірлік қағидаға айналып кетсе қоғамның азғындауына апарып соғары сөзсіз.
Бүгінгі статистика бойынша жер бетіндегі халықтың үштен бір бөлігі ішімдік тұтынатындар. Ол дегеніміз – 6 миллиардтан астам халықтың 2 миллиарды спирттік ішімдік тұтынады деген сөз. Өкінішке орай, Қазақстан тұрғындары да ішімдікті көп тұтынатын елдердің қатарында екен. Жалпы еліміздегі халықтың 35,5 пайызы ішімдік тұтынса, ал 300 мыңнан астам адам ішімдікке салынғандар, дейді мамандар. Еліміздегі халық тұтынатын ішімдіктің бір жылдық мөлшерін жан басына шаққанда 12 литр арақ, 31 литр сырадан келеді екен.
Расымен харам болған нәрсені халал деп, халал болған нәрсені харам дейтіндер арамызда баршылық. Арақ ондай адамдар үшін ауырып қалғанда шипасы, дастарқан үстінде батасы онсыз қабыл болмайды, көңіл-күйі болмаса онсыз көңіл-күйі көтерілмейді. Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын):«Барлық мас қылушы – арақ һәм барлық мас қылатын нәрсе харам».
Шайтанның алдауына көніп нәпсінің құмарына еріп, өзін бір батыр санап қасындағының шырқын кетіріп жаман атқа ие болғандар қаншама. Өзінің туыстарына айырылып қоғамға түк пайдасы жоқ тек жеке дара басын ойлап өмірдің тәлкегіне риза болмай әлсіздіген танытып, уәдесінен шыға алмай, жат-жұртқа сыйы кетіп, намысы тапталып жүргендер аз емес-ау.
Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) бір хадисінде: "Үш адам жәннатқа кірмейді. Олар: арақ ішуші, туыстық байланысты үзуші және сиқырға сенуші. Кімде-кім арақ ішіп, мас болып өлсе, даңқты һәм ұлы Алла одан әл-Ғута өзенінен сусындатады», – дейді. Адамдар: «Уа, Расулалла! Әл-Ғута өзені деген не?» – деп сұрағанда, Пайғамбар (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Ол тозақтағы зинақор әйелдердің мүшелерінен ағатын өзен. Олардың мүшелерінің исінен бүкіл тозақтықтар қатты жиіркенетін болады», – деп жауап берген.
Басқа бір хадисте:Ибн Омар (Алла одан разы болсын) риуаят еткен хадисте Алланың елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) былай дейді: «Арақ он түрлі қырынан қарғысқа ұшырады: арақтың өзі, оны ішуші мен құйып беруші, сатушы мен сатып алушы, дайындаушы мен дайындатушы, әкелуші мен әкелдіруші және арақтан түскен пайданы жеуші Алла тарапынан қарғысқа ұшырады». Демек арақтың кеселдері қай қырынан болмасын берер пайдасынан зияны көп. Оның асылы негізінен мұсылман түгілі, адамзатқа Алла тағала тарапынан қарғыс етілген.
Тағы бір хадисте Пайғамбар (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) арақ ішкен адамның намазы қашан тәубе еткенше, қырық күн бойы қабыл болмайтындығын айтқан.
Абдулла ибн Амрден (Алла одан разы болсын) жеткен риуаятта Алланың елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Қандай да бір адам арақ ішсе, оның намазы қырық түн бойы қабыл болмайды. Ал сол күйі өліп, оның несеп жолында арақтан бірдеңе қалса, ол жәннатқа кірмейді. Сол қырық күннің ішінде өлсе, нағыз надан күйде өлген болады». Арақ – басқа күнәлардың істелуіне себепкер болатын азғырушы ішімдік.
Дастарқан басында ішімдік қойып ақ баталарын жаудырып, оның қабылдығын күтіп жүргендерге Алла елшісінің хадистерінде тілек тілеу былай тұрсын, намаздарының қабыл болмайтынын ескерткен.
Абдулла ибн Амрден (Алла одан разы болсын) жеткен риуаятта Алланың елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Бәни Исраил патшаларының бірі бір адамды әкелдіріп, одан не арақ ішуді, не бір адамды өлтіруді, не зина жасауды, не шошқаның етін жеп немесе оны өлтіруді талап етеді. Ол адам арақ ішуді таңдайды. Арақты ішкен соң қалған істердің бәрін де істейді». Яғни, ішімдік барлық күнәларға еріксіз итермелейді.
Алланың елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) бір хадисінде былай дейді: «Арақтан аулақ болыңдар! Уаллаһи, иман мен араққа мас болу бір адамның кеудесінде ешқашан қатар тұра алмайды. Ол екеуі бірін-бірі шығарып жіберуге тырысады».
Арақ – адамдарды адастыру үшін қолданатын шайтанның құралы. Ибн Аббастан (Алла одан разы болсын) риуаят етілген хадис: «Расулалла (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) бірде Алланың лағынеті болғыр Ібілістен: «Менің үмбетімнен дос тұтқандарың қанша?» – деп сұрады. Сонда Ібіліс: «Олар он», – деп олардың арасында арақ ішуші маскүнемді де қосқан.
Шариғатымызда арақ-шарап ішімдік атауы денеге, киімге тисе немесе төгілсе нәжіс деп қабылданады. Қашан жақсылап тазаланғанша ондай киіммен намаз оқуға болмайды. Арақтың азы да, көбі де харам. Хадисте: «Мас қылатын нәрсенің азы да, көбі де харам», – делінген. Арақты ем-шипа ретінде қолдануға болмайды.
Арақ ішуші де, қызмет етуші де өте қатты азап шегеді. Ішімдік Алла тағаланың арам қылған нәрселерден болған соң оның берер пайдасымен шипасы болмайтыны белгілі. Мінекей, осы зиянды нәрселерден арылып, мүлдем ойымен нәпсіге берілмеген құмардан алыс болуын Алла тағала қасиетті Құран кәрімде ескертіп, пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) өзінің хадистерінде айтып өткен. Асыл дініміз ішімдікке жақындамауды үгіттеумен туралыққа шақырады.
Қадірлі мұсылман қауымы, Алла тағала баршамызды туражолда болуын нәсіп етсін, құмар мен ішімдіктен алыс, ізгі салиқалы амалдарға жақындатсын.
Қ. Қабылғазиев,
аудандық орталық мешіттің бас имамы
15 сәуір 2023 ж. 425 0