Қадір түнінің не екенін білесің бе?

Қадір түні – сөзсіз ең қадірлі түн! Алла тағала оны берекелі етіп, басқа түндерден ерекшеледі. Сондай-ақ осы түнді мың айдан да маңыздырақ (қайырлы) етті. Ал мың ай сексен үш жылға тең келеді екен. Есептесек, мың ай дегеніміз 83 жыл 4 айлық уақыт екен. Демек, Қадір түніндегі құлшылығымыз 83 жылдық ғибадаттың сауабына тең болмақ. 95 жылдық адам өмірін алсақ, оның 15 жылы балиғат жасы болып саналады, сонда толық 80 жыл өмір сүргені. Ендеше, адам өмірінде бір Қадір түніне дөп келу, бүкіл өмірін құлшылықпен өткізгендей сауапқа кенелтеді.
«Сол түні таң бозарып атқанға дейін».Мұнда мұсылманға сол түнді Құранның түсе бастағанын, адамзатты қараңғылықтан нұрға бөлегенін ойлап, шынайы ынтамен Құран оқып, нәпіл және қаза намаздарын оқып, дұғамен өткізуі насихатталған. Алла Елшісі:«Кім Қадір түнін иманмен және сауап тілеп, (намазда) тұрумен өткізсе, өткен күнәлары кешіріледі»,– дейді. Ең кереметі осы түнді мың айдан артық еткен Құранның сол түні түсе бастауында жатыр. Мұсылманның міндеті – алдымен Құран оқуды үйреніп, одан кейін мағынасы мен тәпсірін меңгеріп, сол білгендерімен амал ету. Одан кейін осы ақиқаттарды өзгелерге жеткізіп, олардың да тура жолға түсулеріне күш-қайратын жұмсауы қажет. Қадір түнін ғана қадірлеп, сол түнді ұйықтамай өткізіп, басқа түндерде Құраннан тыс ғұмыр кешу қате ұғым болып есептеледі.
Н. КЕҢЕСХАНОВ,Арал аудандық орталық мешітінің найб имамы