Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Банкроттық: Қанша адам өтініш берді?

Банкроттық: Қанша адам өтініш берді?

Елімізде жуырда банкроттық туралы жаңа заң қолданысқа енді. Бұл өз кезегінде банктер мен займдарда, микрокредиттік ұйымдарға берешегі бар, бірақ оны өтей алмай жүрген адамдарға жасалған қолдау. Үстіміздегі жылдың 3 наурызынан бастап жеке тұлға банкроттығы бойынша өтінім қабылдау жүріп жатыр. Банкрот деп тану сот арқылы және соттан тыс болып екіге бөлінеді. Біз бүгін соттан тыс банкроттық туралы ақпарат беретін боламыз.
Өтінімді қарыз төлеушінің өзі ғана жолдай алады. Бұл ретте eGov.kz порталын және eGov Mobile мобильді қосымшасын пайдалану ыңғайлы болмақ дейді мамандар. Осы уақытқа дейін ауданда қанша адам өзін банкрот деп тануға берді және нәтиже қалай болды деген сауалдаға бүгін жауап іздеп көрген едік.
Өтініштер қабылдау басталған шақта «Азаматтарға арналған үкімет » мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Қызылорда облысы бойынша филиалы Арал аудандық бөлімшесіне (Халыққа қызмет көрсету орталығы) ағылған халықтың қарасы көп болды. Бәрінде бір мақсат – несиелерінен өздерін банкрот деп тану арқылы құтылу. Дегенмен қаперде ұстайтын факторлар бар. Азамат өтінім бермес бұрын мына деректерді міндетті түрде тексеруі тиіс.Банктер, микроқаржы ұйым¬дары, коллекторлық агенттіктер алдындағы берешек 5,5 млн теңгеден аспауы және кешіктіру мерзімі 12 айдан кем болмауы керек. Мүлікке, оның ішінде ортақ меншіктегі мүлікке меншік құқығының болмауы қажет. Яғни атында үй немесе көлік тіркелмеген болуы керек.Өз телефоныңыздың және жұбайыңыздың нөмірін мобильді азаматтар базасында (MАБ) тіркеу. Арызға кредитормен (екінші деңгейдегі банкпен немесе микроқаржы ұйымымен) қарызды реттеу туралы құжат қоса беріледі. Банктің реттеуден бас тартуы және өтініштің көшірмесі немесе өтінішті электронды форматта жіберу туралы растау (банктен жауап болмаған жағдайда) реттеу құжаты деп саналады. Коллекторлық агенттіктер алдындағы қарыз бойынша реттеу құжаты қажет емес.
– Соттан тыс банкроттық процедурасын қолдану туралы өтінімді беру үшін Қазақстан Республикасының жоғарыда аталған заңында көзделген азаматты банкрот деп тану туралы соттан тыс тәртіппен арыз беру талаптарының сақталуын растауы керек. Некеде болған жағдайда жұбайының (жолдасының) ЖСН-ын көрсетеді. Несиесі бар қаржы ұйымдары туралы дерек енгізіледі. Салық органын көрсетіп, құжаттар көшірмесін қоса алып келеді. Егер атаулы әлеуметтік көмек алатын болса және міндеттемені орындау мерзімі 5 жылдан асқан болса арнайы белгі қойылады. Өтінімге бірреттік құпия сөзбен немесе ЭЦҚ-мен қол қояды. Өтінімді жібергеннен кейін жеке кабинетте жұбайы (жолдасы) келісім беру тиіс. Өтінім жауабы 15 жұмыс күні ішінде шешім ұялы телефонға хабаралама арқылы келеді. Соттан тыс банкроттық процедурасын жүргізу уақыты 6 айға дейін созылады, – деп түсіндірді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Қызылорда облысы бойынша филиалы Арал аудандық бөлімшесі (Халыққа қызмет көрсету орталығы) бастығының орынбасары Еркін Қуантқанұлы.
Өтінім беру басталған шақтан бері осы уақытқа дейін 450-ге жуық жеке тұлғадан өтініш жолданған, бірақ көбінің өтініші мақұлданбай кері қайтарылған. Соттан тыс банкроттық рәсімін қолданудан бас тарту туралы хабарламаны алған жағдайда аза¬мат бас тартуға себеп болған негіздер жойылғаннан кейін, бірақ бас тартуды алған күннен кейінгі 3 айдан ерте емес мерзімде қайта жүгінуге құқылы. Деректерге сүйенсек, соттан тыс банкроттыққа өтініш бергендердің ішінде ең төменгі қарыз сомасы – 1383 теңге болған. Бір ескеретіні, бұл еріккенің ермегі емес. Шын мәнінде «алмақтың да салмағы бар» демекші, өтінім мақұлданған жағдайда жеке тұлғаға шектеулер қойылады.
– Ең алдымен халық түсінуі керек бұл жайдан жай бола салатын дүние емес. Шын мұқтаж, несие алып өмірде түрлі жағдайларға тап болып, қарызын өтеуге қауқарсыз адамдарға арналған мемлекеттің қолдауы. Егер банкроттыққа берілген өтініш мақұлданған жағдайда, жек тұлғаға 5 жылға дейін ешқандай несие ұйымдарынан қаражат берілмейдІ. Және шетелге баруына рұқсат жоқ. Сонымен қатар 3 жыл бойы деректер базасында жеке мәліметтері сақталатын болады. Осы уақыт аралығында жұмысқа орналасып, болмаса жылжымайтын мүлік (көлік, үй) сатып алатын болса немесе біреу сыйға тартса, оның төлем қабілеттілігі қалпына келтіріліп, қарызын өтеуіне мәжбүр болады, – дейді Еркін Қуантқанұлы.
Егер жеке тұлға өзін банкрот деп таныса, заңнамаға сәйкес екінші мәрте банкроттыққа 7 жылдан кейін ғана өтініш бере алады.
Не десек те бұл шынымен де банкке берешегі күн санап өсіп, бірақ өзінің төлем қабілеттілігінен айырылған адамдар үшін үлкен қолдау. Осыны еріккеннің ермегіне айналдыруды қажеті жоқ. Мүмкіндігінше өзінді банкрот деп тануға асықпаған абзал. Өйткені оның да алдағы өміріңізге кері әсері болуы бек мүмкін.
НАЗЕРКЕ БАҚЫРАН
18 сәуір 2023 ж. 338 0