Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Елу бесінші белес

Елу бесінші белес

Ол Арал ауданының Қаратерең ауылында туып-өсті. Ол мектеп жасынан қолына қалам ұстап, журналист болуды мақсат тұтты. Осы арманына жету үшін мектеп бітіргеннен кейін, кіндік қаны тамған ауылында екі жыл өндірісте еңбек етіп, содан кейін ғана Алматының әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетіне жол тартты. Ол кезде бұл аталған жоғары оқу орнына түсу үшін талапкерлерден екі жыл өндірісте еңбек ету қажеттігі талап етілген болатын. 1987 жылы Алматыға келіп, әлгі аталған жоғары оқу орнына құжаттарын тапсырып, негізгі емтиханға дейінгі сынақтардан (ауызша, жазбаша) сүрінбей өтіп, басты емтихандарға жолдама алған болатын. Алайда, жоғары оқу орнының қабылдау комиссиясы оның оқуға түсу үшін тапсырған құжаттарынан болмашы кінәрат тауып, оны түзеп келуге кейіпкерімізді кері ауылға жіберді. Сол тұста интернеттің дамымаған кезі болғандықтан, ол ауылға барып-келем дегенше, негізгі емтихандардың алғашқысы басталып кететін сәт болды. Сондықтан ол жоғары оқу орнына 1988 жылы қайта келуге бел буды. Кейіпкеріміз осы жылы Алматыға келді де, емтихан сынақтарынан сүрінбей өтіп, ҚазМУ-дің студенті атанды. Бұл өте жоғары жетістік еді. Себебі, «менмін» дегендердің өзі республикадағы маңдай алды бұл жоғары оқу орнына 3-4 мәрте келіп барып, түсетін.
Сөз басында ол дегеніміз, бүгінде есім-сойы қалам ұстағандардың көпшілігіне мәлім, Әмірхан Алмағанбетов ағамыз. Ағамыз бала кезінен елгезек болды. Үйінің үлкені ретінде әкесіне қолғабыс жасап, мектеп жасынан пішен ору, мал жайғару деген секілді ауылға тән жұмыстарды жалықпай атқарып, өзінен кейінгі бауырларын да бағып-қақты. Енді сөзімізді әріден қозғасақ, жалпы Әмірхан Тұрмаханұлының нағашысы алымды, айтулы азамат еді. Оның нағашысы Толыбай аға Ұйқасов Қаратерең ауылын ұзақ жылдар бойы басқарып, зейнет жасына шықты. Ал кейіпкеріміздің әкесі осы ауылда клуб меңгерушісі, балық зауытының кәсіподақ комитетінің төрағасы, су құбыры стансасының бастығы қызметтерін атқарып, тура жүріп, әділ сөйлеп, абыройлы зейнетке шықты. Анасы болса көпшіл, елге сыйлы жан болды.
Ә.Тұрмаханұлының басылымдарға жазуы бесінші сыныптан бастау алды. Алғашқы туындысын оқыған елге белгілі азамат, қазіргі Президент кеңесшісі Бауыржан ағамыз оған үлкен қолдау білдіріп, үзбей жазуға кеңес берді. Сөйтіп оның жігеріне қанат бітіп, алғашқы материалын сол кезде аудандық «Толқын» газетінде қызмет жасаған Серік ағасының атына жолдады. Іле жолдаған мақаласы аудандық газетке жарияланып, оның жазып тұруына даңғыл жол салынды. Материалдары аудандық газеттен кейін облыстық, республикалық басылымдарға жиі жарияланып тұрды. Студент кездің өзінде де қолынан қаламы түскен жоқ. Үнемі тынбай жазып жүретін кейіпкерімізге жоғары оқу орнын бітірген соң, оған аға басылымда және бірнеше мәртебелі орындарда қызмет жасауға ұсыныс жасалды. Осыған қарамастан ол Сыр бойына жол тартты. Келді де, облыстағы маңдай алды жоғары оқу орнына ұстаз болып қызметке кірісіп кетті. Өкінішке қарай, осы тұста бүкіл республикаға тән еңбеккерлерге жалақы төлеу мәселесі жылдап, бір жарым жылдап кешікті. Сіздің біліктілігіңіз бен талантыңыз жеткілікті өмір сүруге сол кезде жәрдемші бола алмауы себебінен, Әмірхан ағамыз да өзінің жұмыс істеп жүрген университетінен шығуға және басқа қалаға қоныс аударуға тура келді. Сөйтіп ол көрші Байқоңыр қаласын бетке алды. Бұл ғарыш айлағы оған құт болды. Осында ол көп ұзамай пәтер алып, отау құрды. Асыл жары екеуі ұлағатты ұрпақ сүйді. Ағамыз қызметте сатылап өсті. «Байқоңыр» қалалық газеті бас редакторының міндетін атқарушы, «Дархан» акционерлік қоғамының (ет комбинаты) вице-президенті, жергілікті Ресей әкімдігіне қарайтын «Орталық» қонақ үйінің инженері қызметтерін атқарды.
– Байқоңырда қызметте болғанымда, жергілікті әкімдік қазақ тіліндегі басылымды қаржыландыруға қаражат тапшы деген желеумен оны жауып тынды. Өзім сыйлайтын азамат «Дархан» акционерлік қоғамының президенті марқұм Қуандық аға Назарқұлов бұл жәйді естігеннен кейін, маған осындағы орталық базарда ет комбинатының құс етін сатуға кеңес берді. Бұл жерде құс етінің өтімі өте жақсы болды. Сондықтан Қуандық аға риза болып, көп ұзамай өзі басқаратын ет комбинатында вице-президент болуыма ұсыныс жасады. Мен бұл ұсынысқа бірден келістім. Мұнда екі жылға жуық еңбек еткен мерзімде бірнеше рет алғыс иеленіп, құрметке бөлендім. Өкінішке қарай, Қуандық ағаның жүрегі кенеттен тоқтап қалып, оның өндіріске ие болатын ұрпағы әлі жас болуы себебінен, ет комбинаты жабылды. Одан әрі маған осындағы «Орталық» қонақ үйінде инженер ретінде қызмет жасауыма сенім артылып, мұнда бес жылға жуық қызмет жасағаннан кейін, қайтадан өз салама түрен салдым, – дейді Әмірхан ағамыз.
2008 жылы Ә.Тұрмаханұлы облыстық «Сыр бойы» газетіне әуелі тілші болып орналасып, кейін өзін жан-жақты таныту арқылы аға тілшілікке жоғарылайды. Осында қызмет жасағанына үш жарым жылға жуық мерзім толғанда, оған Астана қаласында қызмет жасауға ұсыныс жасалады. Жақсы нәрсеге қашан да тез әрі жылдам қадам жасайтын ағамыз бұл ұсынысқа келісіп, елорданың бетке ұстар басты журналына редактор болып орналасады. Бұл жерден көп ұзамай қалалық әкімдікке қарасты «Астана ақшамы» газетіне ауысып, жазу-сызуын одан әрі ширатып, жұртшылыққа есімі кең танылады. Айтпақшы, ұмыт қалдырып барады екенбіз, осы басылымда қызмет жасап жүрген кезінде, бас басылым «Егемен Қазақстанда» қызмет істеуіне ұсыныс жасалады. Оған қатардағы тілші емес, бірден шолушы бол деген сенім артылады. Ол кезде бұл басылымды Сауытбек аға басқаратын. Кезінде университетті бітірген тұста, кейіпкеріміздің осы басылымда қызмет жасауына мүмкіндік туғанын сөз арасында айттық. Дегенмен де ол осы жолғы ұсынысқа ұзақ келісімдерден кейін ғана, аталған басылымда қызмет жасауға келісті. Әмірхан ағамыз бас басылымда уақыт талғамай қызмет жасап, басылым мен оның сайтына материалдары бірінен соң бірі жарияланды. Сөйтіп әбден төселіп, ысылды. Содан кейін ғана Астана қаласының әкімдігіне қызмет ауыстырды. Мұнда ол жеті жылға жуық қызмет жасап, абырой үдесінен табылды. Бірақ қолынан қаламын түсірген жоқ, әліге дейін бас басылымға материалдары жарияланып келеді. Әлеуметтік желі бетінен өзінің ауылына тікелей қатысты жол мен денсаулық саласына қатысты мәселені жиі-жиі көтеріп, оған билік назарын аудартты. Оның нәтижесі де жаман емес. Қазіргі кездері «Қаратерең-Жаңақұрылыс-Жетес би» елді мекендері арасына жол жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Кейіпкеріміздің туған жер дегенде жаны қалмай болысатын қасиеті әкесіне тартқан. Әкесі марқұм Тұрмахан ағамыз ауылына сыйлы болған, көпшіліктің мәселесіне ерекше назар аударып, оларға қолдау көрсеткен аузы дуалы елжанды азамат еді. Оның шарапатын ауылдастары жатқа біледі. Бір таңғаларлығы, ол өте қарулы болатын. Ерекшелігі, егде жасқа келсе де, қарны жоқ, тіп-тік жүріп, ретті жерде ғана сөйледі. Сондықтан ағамыздың кезінде ауылындағы зауытта кәсіподақ комитетінің төрағасы болуы бекер емес деп ойлаймыз. Ал Әмірхан ағамыздың анасы өте сұлу болды. Сұлулығына сай, ісі ұқыпты, сөзі биязы еді. Өте ақкөңіл жан болатын, қолындағы барын көмек сұрап келгендерге аянып қалмайтын. Осы қасиеті ұлы Әмірхан ағамызға дарыған.
Біз сөз орайында Әмірхан ағамыздан «басқа салаларда қызмет жасау сізге қиындық туғызбады ма?» деп сұрадық. Ағамыз сұрағымызға тосылып қалмады. Қайта әр салада қызмет жасауы оны шыңдай түскен екен. Оның пайымынша, адам өзін жаңа қырынан сынап, мол тәжірибе жинақтауға басымдық беруі керек. Бірақ, негізгі мамандығыңды ұмыт қалдырмаған жөн.
Журналистика саласы бойынша кейіпкеріміз «Алтын қалам» иегері атанып, басылымдарда қызмет жасап жүрген кездерінде Мемлекет басшысының іссапарларын тұрақты түрде жазу оған сеніп тапсырылған. Ал облыстық бас басылымда қызмет жасағанында аймақ басшысының қызметі мен іссапарларын жиі ақпараттандырып тұрды. Негізінде мұндай жауапкершілік ширақ әрі орынды жан-жақты сараптап жазатын журналистке жүктеледі. Ол өзі мұндай қасиетін өмірлік ұстазы Бауыржан ағаның оған дұрыс жол сілтеуімен байланыстырады.
Бүгінде қасиетті Рамазан айында Әмірхан ағамыз мерейлі 55 жасқа қадам басып отыр. Жалпы ол мемлекет дамуына 37 жылға жуық уақыттан бері аянбай еңбек етіп келеді. Ендеше, мерейтой иесіне әрдайым абырой біиігінен көріне беріңіз деген шынайы тілегімізді білдіре отырып, қажымай-талмай еңбектене беріңіз дейміз.
Абай ЕЛЕШ
18 сәуір 2023 ж. 471 0