Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Сіз туралы сандар сөйлесін немесе нумерологияға сенесіз бе?

Сіз туралы сандар сөйлесін немесе нумерологияға сенесіз бе?

Табиғаттың тылсым сырларына сену адам баласына тән нәрсе. Ол жарық дүние пайда болғаннан қалыптасқан. Отқа, көкке сыйыну, оларға табыну секілді түрлі мистикалық амалдар бар. Заман дамып, ол уақыт әлдеқашан өтсе де әлі күнге дейін халық сенімінде олардың орнын басушы күштердің бар екені өтірік емес. Бірі – бақсы, балгер, көріпкелге сенсе, енді біреулер ғылыми тұрғыдан нумерология мен регрессология секілді дүниеге сенеді...
Нумерология – қазір қоғамда кең таралып жатқан ілімнің бірі. Ол табиғат болмыстарына, адамдарға, болашаққа деген сандардың жағымды немесе жағымсыз ықпал етуі жайында мистикалық наным. Көбінесе болжамды болашақты болжау, өзінің мінезінің жақсы немесе жаман тұстарын білу үшін, кейде өз жұбымен қаншалықты сәйкес келетінін білгісі келіп те жасап жатады.
Нумерология және нумерологиялық болжау ежелгі Пифагорлықтар секілді математиктер арасында кең танымал болды. Сонымен қатар, алхимия және химия, астрология және астрономия сияқты математикадан бөлек сала ретінде қарастырылады.
Ғылыми тұрғыдан алғанда, сандардың ешқандай сиқыры жоқ. Олар өз алдына ешқандай маңыздылыққа ие емес және адам өміріне пайдалы қасиеті де жоқ. Сондықтан бұл ілімді толықтай сенімді түрде ырым немесе жалған ғылым жолы деп атасақ болады, ал сандар нумерологияға ғылыми жылтыр беру үшін ғана қажет. Оның дәлелі ретінде Ұлыбританияда 1993 жылы болған тәжірибені айтсақ болады. Онда нумерологиялық әдістер мен тексерулерді скептиктер жүргізіп, теріс нәтиже алған. Тәжірибе 2012 жылы Израильде қайталанды. Ол экспериментке кәсіби нумеролог пен 200 қатысушы қатысады. Барлық тәжірибе жұмыстарының нәтижесі қате болғаны ешкімді таң қалдыра қойған жоқ. Еуропа ғалымдары да бұл нумерология әдісін жоққа шығарған.
Қазіргі таңда нумерология тек халық арасындағы қызық үшін құрылған ойын тәрізді болып қалды. Ғаламтор желісін ашып қалсаңыз сандардың сиқыры жазылған түрлі жазбаны көруге болады. Тіпті, Пифагор заманынан келе жатқан үнді нумеологиясын қарапайым өмірде қолдансаңыз болды. Мысалы, 0 саны жоқшылықты білдіреді екен. Пифагор ілімі бойынша ең оңай сан, себебі ол адам өмірінде жақсылықтың немесе жамандықтың толықтай жоқ екенін білдіреді. Жалпы әлемнің өзгерісі бұл санға байланысты емес делінеді.
1 саны – байлықтың, атақ пен тұрақтылықтың белгісі. Пифагор ілімі бойынша шексіз құдіретті білдірсе, үнді нумерологиясында күн энергиясын білдіреді екен.
2 саны әйел жанының белгісі ретінде танымал. Байыптылық, мәдениеттілік пен нәзіктіктің белгісі. Үнді нумерологиясы оны 1 санының қарсысы, яғни Ай энергиясы ретінде бағалайды.
3 саны шығармашылық жандардың өмірінде көптеп кездеседі. Жұлдыз немесе Юпитер энергиясы аталып, қиялы шексіз жандардың тағдырын шешетін сан екен.
4 – еңбекқорлық, шыдамдылық пен ұйымдастырушылық қасиеттің тоғысқан жері деседі. Үнді нумерологтары оны Раху деп атаса, көп жерде айдың толған күнімен танымал.
5 санын ұтқыр, құбылмалы, көпшіліктің назарында жүруге бейімді жандардың тағдырымен байланыстырады. Ол әйел мен ер адам мінездерінің үйлесімін көрсетуші сан.
6 – тыныштық, отбасылық ошақтың символы. Отбасындағы романтика мен үйлесімділіктің белгісі. Венера жұлдызы арқылы нумерологиялық әдіс қолданылады.
7 саны философиялық ойлау мен зерттеу жолын көрсетеді. Ол көбіне ойшылдар өмірінде орын алатын сан және айдың туу күнінде сәттілік әкелуімен танымал.
8 – сенімді, ымыраға бейімді жандардың саны. Адамдар өміріндегі қараңғылықтың жойылып, жарық сәулесінің көрінуін, жақсылықтың бастамасын білдіреді.
9 санын ауқымды істермен айналысатын, барлық сала түріне бейімі бар жандармен байланыстырады. Өмірдегі жақсылық пен жамандық тізбегінің сандық көрінісі деуге болады.
Міне, егер көңіліңіз қалап, қызығушылық танытсаңыз осы сандар арқылы өзіңіз туралы аздаған мәлімет алсаңыз болады. Дегенмен, ойыңызға алып, көңілізге күдік орнатқан немесе тек жақсылықты күттіретін жорамалдарға сеніп, алданып қалудан сақ болыңыз демекпіз.
ӘЛНИЯЗИНА
22 сәуір 2023 ж. 386 0