Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Жақсылықтан үміт етіп жүрейік

Жақсылықтан үміт етіп жүрейік

Адам баласы пайда болғаннан бері ырымшылдық та онымен қатар өмір сүріп келеді. Ырым-тыйым арқылы бала тәрбиелеу, жат әдеттерден тыю, қауіп-қатерлерді ескерту және ұлтымыздың рухани кеңістігінде әлі күнге дейін сақталып келе жатқан тарихи, этномәдени, әлеуметтік мәні те¬рең дүние. Қалай дегенмен, ырым-тыйымдарды халқымыздың ұлттық болмысынан бөліп қарауға болмайды.
Ырыммен қатарлас жүретін тұмар тағу, аластау, бақсылықпен емдеу, жауырынға қарап болжау, құмалақ салу сияқты дәстүрлі ұлттық ерекшеліктер көне түркі мәдениетіне ортақ құндылықтар деп саналады.
Ырымға сену туралы пікірлер көп. Адамдар ырымдарға сеніп қуанышқа кенелуге, қайғыға душар болуға, шексіз рахатқа бөленуге, сары уайымға түсуге, өмір жасын ұзартуға болады деп есептейді. Адамдардың қиялы мұндай наным түрлерінің талайын ойлап шығарған. Ырымшыл адамдардың ойынша оларды әр күндік бәле-жаладан құтқарып жүрген дәл осы күштерге деген сенім. Ырым-нанымдардың көптігі соншалық, олардың бәрін қамту мүмкін емес. Сондай наным-сенімнің бірі – үйдің сыртқы бетіне қызыл шүберек байлау немесе қақпа алдына тұз іліп қою сынды амалы. Осы тұрғыда аудандық мешіттің наиб имамы Нұржан Кеңесханов:
– Қазақ наным-сенімге бай, ырымға сенген халық. Сол сенімнің арқасында талай қауіп-қатерден аман-есен өтіп, осы күнге дейін жеткеніне де шүбә келтіруге болмайды. Ата-бабамыздың бұл дәстүрін де керек жерінде қолданғанымыз жөн-ау. Көз тию ол ежелден бар нәрсе. Мұны дініміз де жоққа шығара алмайды. Бірақ көз тиеді деп қорықсаңыздар, байланған қызыл шүберек көмектеспейді. Тіл-көз қорғанудың дұрыс жолы ол – көз тигенде оқылатын арнайы дұға-сүрелерді оқу. Бұрындары отбасы мүшелерінің бірі сырқаттанып қалғанын білдіру үшін қызыл шүберекті есік сыртына байлаған. Әсіресе, балаларда жиі кездесіп жататын «қызылша ауруы» жұққан кезде есіктің сыртына қызыл шүберек байлаған. Бұл сақтық шарасы ретінде үй сыртына қойылатын «белгі» . Қызыл шүберектің байлаулы тұрғанын көрген адам бұл үйге қонақ болудың реті келмейтінін түсіну үшін жасалатын ишара деуге де болады. Бұл өзгенің денсаулығына зиян келтірмеу, жанашырлықтан туындаған ниет деп ойлаймын, – дейді.
Біздің санамызды қоршаған әлемді танып білуге, оны игеруге апаратын жол өте ауыр. Табиғат құбылыстары жайлы немесе өзі туралы бір нәрсе білу үшін адам көптеген түсініксіз жұмбақ, кейде таңғажайып болып көрінетін дүниелерге үңіліп қарауы қажет. Олар көп жағдайда түсініксіз құбылыстарды өздерінің қиялы жеткенінше қандай да бір тылсым күштердің әрекеті деп топшылаған. Ырымға сенудің мағынасы осында жатыр.
Пайғамбарымыздың бір хадисінде: "Жаман ырым исламда жоқ. Бұл жердегі жақсы ырым мен жақсы сөзден мақсат – өмірде кездескен қандай да бір жақсы жағдайды, естіген игі сөзді жақсылыққа жору, жақсылықты үміт ету" делінген.
Расында да «білгеніміз бір тоғыз, білмейтініміз тоқсан тоғыз» екенін осындай көргені мен түйгені мол жандардан сұрап-біліп, ғибрат алғанымыз өзімізге ғана емес, ұрпағымыз үшін де маңызы бар дүние.
К. МАХСҰТ 
27 қыркүйек 2022 ж. 980 0