Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ауылдықтардың ырысы еселене түспек

Ауылдықтардың ырысы еселене түспек

Жуырда аудан әкімінің орынбасары Е.Әбішев «Ауыл аманаты» жобасын түсіндіру мақсатында қала, кент және ауылдық округ әкімдерімен онлайн форматта жиын өткізді.
Басқосуда сөз алған аудандық ауылшаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Ж.Жұбанов аталған жобаның мақсаты ауылдық елді мекендерде және шағын қалаларда бизнес жобаларды іске асыру үшін жеңілдетілген несие беру екендігіне тоқталып, келіп түскен ұсыныстарды толықтыру қажеттігін жеткізді.
Сондай-ақ Еркін Жұмаханұлы «Ауыл аманаты» жобасы ауылдық жерлердегі халықтың табысын арттыруды көздейтінін тілге тиек етіп, осы бағытта жобаны тұрғындар арасында кеңінен насихаттауды тапсырды.
Еске сала кетейік, бұған дейін жауапты сала мамандары осы бағыттағы жұмысты жандандыру мақсатында Сексеуіл кенті, Аралқұм, Аманөткел ауылдық округтеріне барып, тұрғындармен кездесу өткізген болатын.
Аталған кездесулер барысында тұрғындар сала мамандарына көкейтесті сауалдарын қойып жан-жақты ақпарат алған болатын. Осылайша кәсіп ашатын жандар үшін аталған жобаға қатысты нақты ақпараттық түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Өңірде «Ауыл аманаты» жобасына биыл 3 млрд теңге қаржы қаралған. Жоба халықтың табысын арттыру, ауыл тұрғындарын аграрлық бизнеске барынша тарту, азық-түлік қауіпсіздігін және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған.Толығырақ түсіндіріп өтетін болсақ, микрокредиттер ауылдық елді мекендерде және шағын қалаларда жүзегеасырылатын жобаларға беріледі. Яғни, облыс бойынша Қызылорда қаласынан басқа елді мекендердің барлығынан азаматтар өтінім бере алады.
Бұл ретте өңдеу саласына қатысты жылыжайлар, сүт, ет өндірісі, құс және балық шаруашылығы секілді жобалар, өсімдік шаруашылығын, мал шаруашылығын дамыту, ауыл шаруашылығы кооперативтерін жабдықтау және басқа бағыттағы бизнес жобаларды қаржыландыру көзделіп отыр.
Шағын несие алу үшін өтінім беруші жеке кәсіпкер болып тіркелуі керек. Сондай-ақ, кепілмен қамтамасыз етудің, салық органдарында тіркеудің болуы, басқа несиелер бойынша мерзімі өткен жарнаның, мемлекеттік кірістер органдарында берешектің болмауы талап етіледі. Бұдан бөлек, несие алушы зейнеткерлік жастан аспауы тиіс.
Несие алушыда ауыл шаруашылығын жүргізу үшін жер телімі, қора және басқа да қажетті жағдайлардың болуы, ауылшаруашылық өндірістік кооперативіне мүшелікке кіру және жоба аясындағы өндірген өнімін өндірістік кооперативке өткізу талап етіледі.
Тағы бір айта кетерлігі, «Ауыл аманаты» аясында несие алған азаматтарға негізгі борыш пен сыйақыны өтеу бойынша 1,5-2 жыл жеңілдік кезеңі де қарастырылған.
Енді несие алудың шарттарына тоқталар болсақ. Микрокредит мерзімі – 5 жыл, мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін 7 жылға дейін беріледі. Ал ең жоғары сомасы 2,5 мың АЕК немесе 8,6 млн теңге. Зәкірлік кооперацияны дамыту үшін 8 мың АЕК немесе 27,6 млн теңгеге дейін. Сыйақы мөлшерлемесі жылдық 2,5%-дан аспайды.Айта кетсек, бағдарлама әкімшісі – облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы.
Халықтың тұрмыс сапасын көтеруге бағытталған осындай тиімді бағдарламаларды халық арасында түсіндіру жұмыстарын жандандыру керектігін айтқан аудан әкімінің орынбасары Е.Әбішев жиынға қатысқан ауыл әкімдері мен жауапты сала басшыларына бірқатар тапсырмалар жүктеп, алға нақты міндеттер қойды.
(Өз тілшімізден)
22 сәуір 2023 ж. 265 0