Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ауылшаруашылығы және кәсіпкерлік саласын дамыту мәселелері талқыланды

Ауылшаруашылығы және кәсіпкерлік саласын дамыту мәселелері талқыланды

Аудан әкімінің орынбасары Е. Әбішевтің төрағалығымен ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік саласын дамытуға арналған мәжіліс өткізілді.
Жиынның күн тәртібінде 5 мәселе қаралды.
Алдымен, аудандық ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімінің басшысы Ж. Жұбанов «Ауыл Аманаты» пилоттық жобасы бойынша атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасады. Биылғы жылдан бастап жүзеге асырылып жатқан «Ауыл Аманаты» пилоттық жобасына Қаратерең, Қарақұм және Аққұм елдімекендерінің жобалары ұсынылған. Жобаның мақсаты - ауылдық елді мекендерде және шағын қалаларда бизнес жобаларды іске асыру үшін жеңілдетілген несие беру. Аталған жобалар қолдау тапқан жағдайда, 128 жоба несиелендірілетін болады.
Мұнан кейін, жауапты бөлім басшысы балық шаруашылығын дамыту бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтті. Жәнібек Жарасұлы өз сөзінде, өңірімізде тауарлы балық өндірісін ұлғайту мақсатында 7 көлді тазалау, гидротехникалық құрылғы салу және электр желілерін жеткізу бойынша жұмыстар атқарылып жатқандығын атап өтті. Сондай-ақ, «Арал СДО»-нің 4 компоненттен тұратын тауарлы балықты өсіру және өңдеу комплексін ұлғайту жобасының екі кезеңі іске қосылған. Алдағы уақытта қалған екі кезеңінің жүзеге асырылуы межеленуде. Бұдан бөлек, заңсыз балық аулаудың алдын алу, тасымалдау және заңсыз балық айналымына қарсы күресу мақсатында тиісті құзырлы органдармен тұрақты жұмыстар жүргізіліп жатқандығын айтты.
Хабарламашыдан соң, Еркін Жұмаханұлы тиісті бөлім басшысы мен кент, ауылдық округ әкімдеріне балық шаруашылығы бойынша жобалардың орындалуына мемлекеттік сүйемелдеу, қолдау шараларын ұдайы жүргізуді, аудандық Балық инспекциясымен бірлесіп, елді мекенде орналасқан заңсыз балық қабылдап отырған тұрғындарды анықтап, заң шеңберінде тиісті шаралар қабылдауды және су айдындарында және мұз үстіндегі қауіпсіздік шараларын сақтау жөнінде үгіт-насихат жұмыстарын күшейті тапсырды.
Одан соң, аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Р. Жанаев 2022 жылы ауылдық округтерде кәсіпкерлікті дамыту бойынша атқарылған жұмыстар мен 2023 жылға арналған жоспарлар және индустриалды аймақ мәселесі туралы баяндама жасады. Ауданымыз бойынша бүгінгі күнге тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері 6038 бірлікті құрап, өткен жылмен салыстырғанда 35,1 пайызға өсім алған. Ал несиелендіру бойынша мемлекеттік бағдарламалар мен жалпы қаржы институттары арқылы 1910,7 млн. теңгенің 142 жобасы несиелендірілді. Мұнымен қоса, 2022 жылы «Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған «Ұлттық жобасының» аясында жалпы құны 490 млн. теңге болатын 400 жоба грант қаражатын алды.
Соңғы мәселе бойынша ауылдық округтердегі пайдаланылмай тұрған мүліктер туралы аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Т. Рашев хабарлады.
Жиын соңында жауапты бөлім басшыларына және қала, кент, ауылдық округ әкімдеріне мәжілісте қаралған мәселелерді жүзеге асыру бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.
"Толқын" ақпарат 
08 ақпан 2023 ж. 274 0