Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Балық шаруашылығын дамыту мәселелері талқыланды

Балық шаруашылығын дамыту мәселелері талқыланды

Бүгін аудан әкімі С. Сермағамбетовтің төрағалығымен өңірдегі балық шаруашылығын дамыту мәселелері жөнінде мәжілісі өткізілді.
Күн тәртібінде 3 мәселе қаралды.
Алдымен жиында сөз алған аудан басшысы елімізде балық шаруашылығын дамыту бойынша әзірленген жол картасы бағдарламасында тауарлы балық өсіру, тоған шаруашылығын дамыту, жалпы қолдан балық өсіруге бейімделу қажеттігіне басымдық берілгендігін айтып өтті.

Жиында талықланған бірінші мәселе бойынша аудандағы су айдындарындағы балық шаруашылығын дамыту, кіші Арал теңізіндегі ауланған балықтардың көлеңкелі жолмен сатылымына тыйым салу және жаңадан қабылданған заңдылықтарды іске асыру туралы Арал-Сырдария облысаралық бассейіндік балық шаруашылығы инспекциясы бөлімшесінің басшысы Есіркепов Есенбай хабарлама жасады. Бұған қосымша заңсыз балық аулау, құжатсыз тасымалдау жағдайларының алдын алу бағытында атқарылып жатқан жедел-профилактикалық және рейд шаралары жөнінде аудандық полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары Шүкіров Қуанышбек айтып өтті.

Жыл басынан бері Арал балық инспекциясы бөлімімен табиғат қорғау заңнамасын бұзған 93 фактісі анықталып, жолы кесілсе, табиғат қорғау тобы мен учаскелік полиция инспекторларының бірлескен рейдтік іс-шаралары нәтижесінде, балық аулау және балық ресурстары мен басқа да су жануарларын қорғау қағидаларын бұзғаны үшін 11 тұлғаға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық хаттама рәсімдеп, тиісті шара көрілген.
Хабарламашылардан кейін аудан әкімі балық шарауашылығы инспекциясының басшысына дария арнасының бойында заңсыз балық аулауды болдырмау қажеттігін айтып, полиция бөліміне ауылдық округ әкімдерімен бірлесіп елді мекендердегі балықшылардың теңізге қатынайтын көліктерін бақылауға алуды тапсырды.

Мұнан кейін балық шаруашылығы бойынша санитарлық талаптардың сақталуы және жергілікті жерден балықтың экспортталуы туралы Арал аудандық аумақтық инспекциясының басшысы Алтынбек Мәнепұлы баяндады.
Жиын барысында жауаптыларға аудан орталығындағы балық сататын орындарда құжаттар мен сынамалардың заңдылыққа сәйкестігін үнемі қадағалап, үйден сақтап сату жағдайларын болдырмау қажеттігі жүктелді. Сонымен бірге табиғат пайдаланушыларға балық дүкенін ашу жөнінде ұсыныс берілгендігі айтылды.

Аудандағы көлдермен және кіші Арал теңізіндегі балық қоры және оның болашағы туралы Балық шаруашылығы ғылыми өндірістік орталығының ЖШС-нің Арал филиалының директоры Барақбаев Тынысбек түсіндіріп өтті.
Күн тәртібіндегі үшінші мәселе аудандағы балық шаруашылығы саласы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар және ішкі сауданы тұрақтандыру туралы аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Жәнібек Жарасұлы баяндама жасады.
Жиынға қатысушылар баяндамашыларға және табиғат пайдаланушыларға сауалдарын қойып, өздерінің ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.

Мәжіліс қорытындысымен балық шаруашылығына жауапты мамандарға ауылдық округ әкімдерімен бірлесіп, заңсыз балық аулап, тасымалдаушыларға қолданыстағы заңнама аясында тиісті шаралар қабылдау, мұндай жағдайлардың алдын алу үшін белгіленген жерлерде, бірлескен бекеттер қоюды қамтамасыз ету тапсырылды. Сонымен қатар, ауылшаруашылығы бөлімі мен ауылдық округ әкімдеріне балық шаруашылығы бойынша жобалардың орындалуына мемлекеттік сүйемелдеу, қолдау шараларын ұдайы жүргізу, елді мекендерде балық аулаумен айналысатын тұлғалардың тізімін жасақтау жөнінде тапсырма берілді.

Аудан әкімдігінің баспасөз хатшысы

31 наурыз 2022 ж. 418 0