Ақлақ маңдайында гүлді жыңғыл
Өткен жылдың көк майсалы мамыр айының нақ бел ортасында Сырдарияның арғы бетіндегі Қаратерең ауылына қарай жол жүрдік. Бір тұстары ғана ойдым-шойдым, негізінен оқтай түзу жолдың біразын еңсеріп, Ақлақ су тоспасы көпірінен ары асып өте бергенде, дәл жол жиегінде көздің жауын алатын бір көрініске еріксіз тоқтадық.
Жолдың оң жағында бытыса өскен бірнеше шоғыр жыңғыл шешек атып, түрлі түске боялып, анадайдан көз арбады. Сексеуіл, жүзген, жыңғыл аралас өсетін өңірде туғандықтан, бұл бұталы өсімдіктерді жақсы білеміз, қыр-сырына әжептәуір қанықпыз. Ал мына көз алдымыздағы керемет біз көргендерден тым басқа... Күншығыс елі Жапонияда сакура ағаштары бір мезгілде бүр жарғанда, әдемі гүлдері әммә әлемді тамсандырып жүр емес пе. Сол сакура жылына бір-ақ рет гүлдегенде, оны қызықтауға жер-жаһанның әр түкпірінен туристер лек-лек болып ағылады дейтін. Ал Ақлақтың іргесінде гүлдеп тұрған мына жыңғылдардың ғажайып келбеті сол сакурадан бірде-бір кем түспейді десек өтірікші болмаспыз.
Көлікте бес-алты адам едік. Табиғаттың шырайлы сұлулығы алдында кім тұра алған. Атып-атып шығып, таңдайымызды таңдана қағып қойып, кезекпен суретке түсе бастадық. Иә, алдымызда қаптай өскен бір шоғыр жыңғыл осынау тұмса табиғаттың әрін келтіріп, біз көрмеген ғажайыптығын паш етіп тұр.
Биіктігі екі-екі жарым метрдей болатын күлгін-қызыл түсті гүлді бұталар көлеңкелеген кісіге сая болатындай ауқымды. Пейіштің жұпарындай аңқыма иісі көкірек сарайын кеңейтіп тұр. Біздің қарабайырлау көрінетін боз даланың шырайы мен әрін келтіретін ағаш осы жыңғыл болар деген тоқтамға келгендей болдық. Қырмызыдай жайнаған майда гүлдері сахараның өсімдіктер әлемінің ең бір әдемісі екендігі айқын.
Көңіл деген көк дөнен емес пе. Теңдессіз табиғат картинасына теңеу іздейтіндей халдеміз. Есімізге ілгері-кейінді жазылған қазақ шайырларының қызыл жыңғыл туралы өлең шумақтары орала берді, орала берді. Белгілі алаш ақыны Жүрсін Ерман:
Иіскесем шашақталған шырпыңнан бір,
Жаныма болатындай мың күндік ем.
Өткізем жыңғыл кезіп бұл күнді мен,
Жұпары құдыредей жыңғылдың ем, – деп бір шарықтай шалқыса, тағы бір дарынды ақын Қазыбек Иса:
Түстей алмай түсіңді, жыңғыл гүлі,
Жылдан жылға құмарттың бір мұңдыны...
Қызғыш па екен, боз ба екен, күлгін бе әлде,
Қосындысы етпес бір түрді үлгілі.
Түрленесің түс бермей, жыңғыл гүлі, – деп, әсем өрілген жыр жолдарын төгілдіреді.
Шынымен де, мына жыңғылдың түрлі-түсті майда гүлдеріне қанша сұғына қарасақ та, біз де оның түсін бір сәтте анық айыра алмадық. Мың құбылған бояулар сәт сайын өзгергендей құбылды да тұрды. Қызғыш дейін десең, одан бозғылдау. Боз деп айтуға оқталсаң, оған да келіңкіремейді. Ау, бұл күлгін түсті дейін десең, алқызыл тартып кететін сияқты. Өз көзіңе өзің сенбейсің. Сиқырлы бір түстердің арбауына шырмалып қалып қойғандаймыз.
Шығыс беттен соққан самал жел мен тіке түскен күн сәулесімен құбыла қозғалған жыңғылдың гүл шешектері ертегінің сырлы бояуларындай сәт сайын түр-түсін өзгертіп, жұмбақ та құпия түрде бізді жолға шығарып салды. Шоғыр жыңғылдың жамыраған гүлдеріне үздіге де үзіле қарай-қарай, «жол ақысы-жүрмек» деп Қаратереңге қарай сапарымызды жалғап кете бардық.
Сұлу Сырдың жағасындағы қызыл жыңғылдың ғажайып гүлдері жадымызда жазылып қалып, сағынышпен еске алып, әңгімелей жүретін болдық. Шөл даланың бір аруындай болған жыңғыл туралы білгіміз келіп тұратын күй кештік.
Жалпы, жыңғыл Қазақстанның далалы, шөлді аймақтарында көп тараған екен. Ол өзен бойында, тоғайлардың арасында, құмды, сазды сортаң топырақтарда кездеседі. Биіктігі бір метрден үш метрге дейін барады.
Сыр бойының сәніне айналған жыңғылдың төзімділігіне тең келер өсімдік жоқ. Табиғаттың дүлей күштері – ысылдаған құм көшкінімен де, мезгіл-мезгіл қызыл су боп бар алқапты басып тастар тасыған сумен де, тұзы шыққан аппақ сортаңмен де сұрапыл айқасқа түсіп, жеңіп шығады. Жыңғылдың жер үсті өркені көшпелі құмның астында қалғанда, өркен ұшынан қайта тамыр жайып, жаңа өркен өсіріп, қайта желек жая түседі. Әр құм басқан сайын осындай ерекшелігі арқасында биіктігі 20-30 метрге жететін құм қорған пайда болады да, оның үстіне жыңғыл қаптап өседі дейді.
Жыңғылдың елімізде 25 түрі бар екен. Олардың түсі жыл мезгіліне қарай өзгеріп отырады: көктемде жасыл, жазда көкшіл-сұр, ұзын шашақ тәрізді гүл шоғырында өте ұсақ мыңдаған гүл болады. Олар бір жылда екі-үш рет көктем мен жазда, күзде гүлдей береді. Бұл қасиеттеріне қарай жыңғылды шөл аруы ғана емес, қазақ даласының табиғи, ауа райы жайсыздықтарына қасқая қарсы тұратын қайсар өсімдігі десек те болады. Әйтеуір, адам қызығатындай мықтылықты, өміршеңдікті, жасампаздықты осы жыңғылдың табиғи болмысынан көреміз.
Қайбір жылдары туған қаламызда сексеуіл егудің бір үлкен науқандары болды. Біраз жерлерге егілді. Мектептердің аулалары, мәдениет орындарының маңына да өсіріліп шығарылды. Алайда сексеуілдің сәндік келбеті солғын, олқылау екені белгілі. Шаһарлы жерге жайыз емес. Ал енді осындай көгалдандыру дәстүрі жыңғыл егумен алмастырылса деген ой келеді. Өйткені, жаздай құбыла өсіп, алты ай гүлдеп тұратын жыңғыл айналасына сән беріп, көз тартып, қызықтырып тұратыны белгілі. Шынымен де жыңғылды күтіп-баптап, дұрыс суғарып өсірсе, биік ағашқа айналып, қаламыздың көркін ашып тұрар еді. Мұндай бағыттағы мағлұматтарға қарасақ, шөл далада жұмақ жасап отырған Израйль елінде қала көшелері мен парктерде, аллеяларда осы жыңғыл өсімдігі құлпырып өсіп, шешек атып тұрады екен. Осындай тамаша үлгіге қарап, біз де туған жеріміздің табиғат сыйлаған сыйы – жыңғылдың қадір-қасиетіне жетпей жүрміз-ау деп ойлаймыз...
Айтқандай, жыңғылдың қазақ халқының өмір-тіршілігінде, таным-түсінігіндегі мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан орнын көруге болады.
Бұрындары жыңғыл діңінде болатын сымыр деген жәндіктің бөліп шығаратын сөлінен қалатын ақ түсті ұнтақтан дәмі тәтті болып келетін сусын жасайды екен шаруақор, ұсынақты жұртымыз. Ол, сірә, табиғи өнім ретінде осы күні бүгінгі жастар жеңсік қылып жүрген кола, пепси, дизилеріңізден кем болмас. Жыңғылдан сабау, сыпыртқы, қолөнер бұйымдарын жасаған және жылуы мен шоғы мол отын ретінде пайдаланған. Ал қабығынан бояу алып қолданған. Дана халқымыз бұл өсімдікті қасиетті, киелі деп білгені сондай, жаңа босаға аттаған келіннің бетін жыңғылмен ашқан. Сондай-ақ «Жыңғылмен мал айдама, жыңғылмен мал айдасаң, мал бітер деп ойлама» деген де тыйым сөздер бар.
Жыл он екі ай айналып өтті. Ал көз алдымыздан арлы-берлі өткен жолаушылардың назарына түсіп, әсемдігімен көңілдеріне қуаныш ұялататын осынау Ақлақ тоспасының нақ маңдай тұсында дүниені түрлентіп тұрған бір шоғыр биік жыңғыл әсте кеткен емес. Қасиетіңнен айналайын туған жердің бір киелі өсімдігінің барша сұлулығын тілмен жеткізіп айта алмай тұрмыз ба деп іштей ойланып та қоямыз...
Сол қырмызы гүлді ғажайып жыңғылдар биыл да гүлдеп, шешек атып тұрар ма екен?! Мамыражай мамырда жол түссе көрерміз...
Ерғали АБДУЛЛА