Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жас келіннің аяғының астына кілем төсеудің мәні неде?

Жас келіннің аяғының астына кілем төсеудің мәні неде?

Заман алмасып, өмір көші өрге басып, соған сай тұрмыс тіршілігіміз жаңаша тыныс алса да, халқымызбен бірге жасасып келе жатқан дәстүрлеріміз бар. Ол бала өмірге келгеннен бастап тал бесік пен жер бесіктің арасындағы адам өміріндегі ашықты сәттерде жасалатын жөн-жоралғылар. Солардың бірі – беташар. Өміршеңдігін жоғалтпай келе жатқан бұл дәстүрдің түпкі мақсаты – жаңа түскен келінге қайын жұртын таныстыру, сәлем салғызу.
Ертеректе жаңа түскен келінмен бірге келген төсек-орнын түсіріп, отау тігуге ауыл болып кіріскен. Шаңырақты көтеру үрім-бұтағы өскен, елге беделді анаға жүктеледі. Бұл – жас келінге «жағың түскенше жамандық көрме, осы абыройлы ананың жолын берсін» деген ырыммен жасалатын жоралғы. Сондай-ақ келіннің алдынан ауылдың қыз-келіншектері шымылдық алып шығып, шашу шашады. Шымылдықты келіннің бетіне жауып, бет-жүзін үлкендерге көрсетпей, қайын атасының үйіне алып кіргізеді. Босағаны оң аяғымен аттай кіріп, сәлем берген келінге атасы бата береді. Бұл жоралғылардан кейін келінді ошақ алдына апарып, «жаңа түскен жас келіннің мінезі иленген тулақтай (тері) жұмсақ, биязы болсын» деген ырыммен тулаққа отырғызып май иіскететін болған.
 Осыдан кейін жас келінді жаңа түскен еліне таныстыру мақсатында беташар рәсімі жасалады. Сол кезде көпшіліктің алдына бетіне ақ орамал жабылған келінді алып шығып, аяғының астына «қойдай жуас болсын» деп қой терісін тастайды.
Мұндай көріністі соңғы кездері көп кезіктірмей жүрміз. Оның себебі, қазір беташар рәсімінің тойханада өтуіне байланысты болар. Тойдың өтуін той ұйымдастыру орталықтарына табыстайтын өзімізден де кінә бар шығар мүмкін. Ал, той ұйымдастыруды тек қана табыс көзіне айналдырған мұндай орталықтардың мейлінше жаңаша, ерекше өткізіп, қызықты етуге атсалысатыны да жасырын емес. Сондықтан, әрбір адам өзі үшін дәстүрлерімізге бей-жай қарамай, ұрпағына да насихаттаймын десе, өзінен бастағаны дұрыс.
Менің бала  күнімнен көргенім, жас келін жаңа отауға келгенде аналарымыз май иіскетер сәтте тулаққа отырғызатын. Әр үйде «келін келсе керек болады» деп сақталатын қойдың иленген тулағы болатын-ды. Ал жаңа түскен келінді беташар рәсімін орындау үшін көпшіліктің алдына екі абысыны екі қолтығынан сүйемелдеп алып шыққан кезде жас келін үшін арнайы кілемше жайылып, келіндер соның үстіне келіп тұрады. Оның мағынасына үңілетіндей жаста емеспіз, бірақ көз алдымдағы көрініс жатталып қалғандықтан, кейінгі кезде «неге солай жасаған екен?» деп ойланатын болдым. Дәстүрдің қаймағын қалқып алатын, көненің көзін көргендер де азайып бара жатыр ма, кейінгілерге бұл аманат дұрыс жетпей жатыр ма, барлығы өзгеріп, жаңашаланып жатыр.
Ол кездері келіннің бір қапталын сүйемелдеп беташарға алып шығудың өзі абысындарға үлкен мәртебе еді. Өніп өскен, елге жібектей мінезімен танылған абыройлы келіндерді таңдап алып, жаңа түскен келін де сол жандарға ұқсасын деп ырым ететін. Ал тулақтың орнын кілемше алмастырған екен. Жаңа түскен келінді «қойдай жуас, еліне биязы болсын» деген ниетпен қой терісінің үсіне тұрғызып, беташар рәсімін жасап, сәлем салғызатын болған. Сол тулақты қазіргі күні кілемше алмастырған.
Әрбір әрекетінің астарына терең мән-мағына сыйғызған қазақ халқы үшін жаңа түскен келіннің жақсы болуын тілеп жасалатын ырымдардың бірқатары осылар. Соның бастауы келіннің аяқ астына тулақ тастап, соны бастыру болса, қазір заман ағымына сай тулақты кілем алмастыруда. Ал тойханаларда жасалып жатқан тойларда тулақ тұрмақ, кілем де төселе бермейді.
Негізі ұлтты екінші бір ұлттан ерекшелеп көрсетіп тұратын бабалардан жалғасқан дәстүріміздің ұрпақтан-ұрпаққа мазмұнын бұзбай жеткізу – біздің перзенттік борышымыз. Сондықтан кейбір біз ұсақ-түйек деп білетін дәстүрлеріміздің өзінің мағынасы тым тереңде жатқандығын түсінуіміз керек. 
Н. МАРАТҚЫЗЫ
13 мамыр 2023 ж. 326 0