Тұлпарлар топқа түскен күн

Ат бәйгесінің көрермендерін аудан әкімі Жеңістің 78 жылдығымен құттықтады.
– Бабалардың сұрапыл соғыс жылдарындағы батырлығы ешқашан ұмытылмайды. Елдің ерлеріне деген құрметте кемімесі анық. Біз бүгін мерейлі күн аясында батыр боздақтар рухына арнап бәйге өткізудеміз. Себебі ұлттық болмысымыз бен дәстүрімізде ат бәйгесінің орны ерекше. Көшпенділердің бүгінгі төл ұрпағы – Алаш жұрты барда ат бәйгесінің келешегі кемел болмақ. Біз алдағы уақытта да ұлттық спорт түрлерін, ат спортынан сайыстарды ұдайы, дәстүрлі түрде өткізетін боламыз,–деді Серік Сағитжанұлы.
Бәйге тай жарысынан басталды. Онда ауыздығымен алысқан 12 сәйгүлік жарыс жолына шықты. Нәтижесінде Қызылорда қаласының тұрғыны Қаюпов Қайраттың «Айторысы» бірінші келді. Ал Қарашалаң ауылының шабандоздары екінші, үшінші орынды бөлісті. Төлегенов Айдарбектің «Камриясы» мәре сызығын екінші кессе, үздік үштікті Киікбаев Нұрдаулет «Жұмбаққарасы» түйіндеді.
Көпшілік көз тіккен жүйріктер сайысы мұнан соң құнан бәйгесіне ұласты. Бұл сында 13 тұлпар сөреден серпіле ұмтылды. Ең бірінші болып Нұрлыбайұлы Рамазанның қос бірдей аты, яғни, «Нұрқасқасы» топ жарса, «Өмірқасқасы» үшінші орынды жеңді. Қармақшылық «Үміт» екінші болып келді.
Десе де қай бәйгеде болмасын көрермен аламаннан айрықша әсер алады емес пе?! Бұл жолы да солай болды. Дүбірлі додаға 17 сәйгүлік шықты. Үміт пен сенім ұштасқан үлкен бәйгеде арғымақтар 22 шақырымдық қашықтыққа шапты. Алғашқы айналымдарда топ жарған ешкім болмап еді. Соңына қарай бірлі-жарым сәйгүліктер суырылып алға ұмтыла бастады. Бақ пен бап қатар шапқан бұл жарыста бас жүлде қызылжарлық Берекетов Байназардың «Золотой» атты сәйгүлігіне бұйырды. «Золотай» десе дегендей тапал күрек алдына қара салмады. Ал екінші орынды қазалылық Күнтуов Мархабаттың «Абыройы» еншілесе, үшінші орын Қызылорда қаласынан қатысқан Киікбаевтардың «Сұңқарына» бұйырды. Бәйгенің бас жүлдесін аудан әкімі Серік Сермағамбетов табыс етті.
«Толқын» ақпарат