Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қиянат құрбаны

Қиянат құрбаны

Нәубетті жылдардағы қуғын-сүргін мен қайғы қасіреттің жазылмайтын жара сияқты адамдардың санасынан ешқандай да өшпесі анық. Өткен ғасырдың 20-30 жылдардағы кеңестік биліктің қылышынан қан тамған зұлым саясатынан туған зұлматты оқиғалар ежелден құт дарыған Қарақұм өңірін де сырт айналып кетпеген. «Алғаш байлардың тізімін алып малдарына санақ жүргізеді екен» деген қауесет желдей еседі. Қауесет емес рас болып шықты. Кәмпеске деген науқан келді. Құм бетіндегі Бектібай, Оспан, Атшы, Халық деген байлар «қара тізімге» ілігіп «итжеккен» айдалып кете барады. Енді үкімет бейқам елді салық деген соққының астына алады. Салық төлемегендерді «шолақ белсенділер», «Кеңес үкіметінің жауысыңдар» деп зіркілдеп қамшының астына алады. Қит етсе «контра», «байский элемент» деп зобалаң төндіреді. Бәрі Голощекиннің «аша тұяқ қалмасын, асыра сілтеу болмасын» деген саясатының кесапаты еді. Іле-шала партияның ұжымдастыру деген науқаны басталады, қаласаң да қаламасаң да мал-мүлкіңді ортаға салып кіресің деп тықыр таяды. Әуелді ТОЗ деп еді, сосын колхозға бірігесің деп зобалаң салды. Байғұс халық неге көнбеген, басқа лажы жоқ оған да қарсы болмады.
Тарихи деректерге сүйенсек, сол кездерде №8 Ұзақбай ауылдық кеңесінің аумағында Сазды, Куйбышев, Аралқұм, Алға, Жігер, Жаңаталап, Ораз Жандосов атты 8 колхоз құрылған екен. Онымен тынбады, ет, май жүн салығының үстіне енді шығыр салығын төлейсің деген пәрмен келді. Ала жаздай жауын жаумайтын ыстық климатқа егін шыға ма, жаны алқымға келген шаруалар үкіметтің «қайдан тапсаң онан тап, қаптың түбін қақ» деп амалсыз кәмпескелеуден аман қалған малын сатып, тапсырманы орындаудан басқа амалын таба алмады. Біздің үлкендерден естігеніміз осы, науқандардың жалғасы 1937 жылы сталиндік саяси қуғын-сүргінге ұласады. Үкімет ел халқына беделі бар, сөзін тыңдататын адамдардан қатты қауіптеніп бақылауда ұстап қырына алып отырған. Сол жылдарда жер-жердегі «салпаң құлақ» тыңшылары арқылы «мәліметтер» жинаған. «Қызыл жағалылар» елім деп еңіреген талай боздақты жазықсыз түрмеге тоғытып отырған. Мұндай сорақылықтың асқынғаны соншалық мұндай сатқындар жоғарының тәртібімен жоспарлы түрде жүргізіп отырған. Оны біздің қолымыздағы архив құжаттары айғақтайды. Мәселен, Ақтөбе облыстық НКВД бастығы Делюдов дегеннің Арал аудандық бөлімшесіне берген жеделхатында былай делінген:
– «Дәлме дәл 5 қазаннан кешіктірмей облыстық басқармаға 2- категориялық тартылған адамдардың тізімдері жедел жіберілсін. Қамауға алудың жоспары мынадай: Арал ауданы бойынша30 адам. Оларды қамауға алуға менің рұқсатымды күтпеңдер». Бұл ауылдардағы көкірегі ояу, елге ықпалы, сөзі жүретін адамдардан құтылудың басы ғана екен. Жазалау машинасы екпін ала бастады. Көнекөздердің әңгімелеріне зер салсақ, 1937 жылдың тамыз айынан бастап №8 ауылдық кеңесіне қарасты алақандай ауылдан күн құрғатпай бір адамды ұстап кететін болған. Қолдағы деректерге қарағанда колхоз төрағасы Дәуқараев Серекеш, Қанашев Қошқарбай, Нұрманов Құлеке деген саясатқа еш қатысы жок қарапайым шаруа адамдар қанды құрыққа ілінген. Сондай нақақ жалаға ұшырап 10 жылды арқалап кеткендердің қатарында колхоз төрағасы Лекеров Көбеген, Қарақұм көтерілісіне белсене қатысқан Тұрымбетов Өтепбергеннің де болғандығын архив құжаттары растайды. Сол бір зұлматты күндердегі асыра сілтеушінің салдарынан қиянат құрбандығына ұшыраған бейкүнә жандардың қатарында менің атам Тілеу Рыспайұлының да болғандығына кеш те болса көз жүгіртіп отырмыз. КСРО-да саяси қуғын-сүргін құрбандарын іздеу сайттарынанда – Рыспаев Тілеу 1878 жылы туған, тұрағы Ақтөбе облысына қарасты Арал ауданы №8 ауылдық Куйбышев колхозының мүшесі, әлеуметтік жағдайы орта шаруа, білімібастауыш. 1937 жылдың 15 тамызы күні НКВД Арал аудандық бөлімі арқылы тұтқындалып, арада бар-жоғы 11 күн өткенде Ақтөбе облыстық УНКВД жанындағы «үштік» шешімімен ату жазасына кесілген,үкім сол мезетте орындалған, – деген мәлімет бар. Үлкендерден естігеніміз бойынша Тілеу атамыз ауыл-аймағына айбатымен танылған Төртқара Матай руына ақыл-парасатымен бас болған, өз ортасынан озып туған орынды сөйлейтін, елге сөзін тыңдататын, билігіне ел тоқтайтын адам болған деседі. «Адамгершілік болмысы биік, қолынан келсе адамдарға көмек қолын созуға деген мейірбандығымен ерекшеленеді екен. Бір күні жазықсыз жаланың кесірінен НКВД Арал аудандық бөлімінен тұтқындау туралы хабар келеді. Сондағы оған қояр кінәсі «үкіметтен қашып жүрген бір адамға астына ат берген» деген ауылдың шолақ белсенділерінің жазған «домалақ арызы» болған көрінеді.
Иә, жазықсыз жала құрбаны болған атамыздың артында жесірлік зарын тарқан жары, жетімдік азабын көрген ұл-қыздарының обал-сауабынкім ойлады? Әйтеуір шүкірлігі, «орнында бар оңалар» деген, артында балалары елге сыйлы азамат болып өсті. Соның бірі менің атам Тілеу баласы Қыпшақ атамыз елге сыйлы ақсақал, Ұлы Отан соғысының ардагері, құрмет биігінен көрінген малшы, атақты атбегі болды. Одан тараған ұрпақтары да өсіп жетілген ел-халқына адал қызмет етіп жүрген жандар.
Өткінші өкініш жүректі сыздатады. Десе де шындық әйтеуір бір күні шығады екен. ҚР 1993 жылы 14 сәуірдегі Заңының негізінде Қызылорда облыстық прокуратурасының 1997 жылғы 30 мамырдағы қаулысымен жазықсыз сталиндік саяси қуғын-сүргін құрбаны болған атам Тілеу Рыспайұлы толық ақталып, оның адал екені ел-жұртына қайтарылды.
Саяси қуғын-сүргінзұлматына ұшырап, жазықсыз құрбан болған ата-бабаларымыздың есімдерін ұмытпау кастерлеп отыру – ұрпақтарының міндеті. Олардың қасіретті оқиғаларға толы тарихының сабақтары мен тағылымы ескі қателіктерді қайталамас үшін де аса қажет. Өскелең ұрпақ оны білуге тиіс.
Роза ТЛЕУОВА.
«Қызылорда облысының мемлекеттік архиві» КММ-нің
«Арал аудандық архиві» филиалының инспекторы
31 мамыр 2023 ж. 172 0