Травматолог Рановтың диссертациясы ұрланған ба?
Осы жылдың басында Ресейде шығатын «Аргументы и Факты» апталық газетінің 2023 жылдың 23 акпанындағы санында Юлия Бортананың «Рыба от ран. Что за заживляющую пленку создали наши ученые» деген мақаласын оқып, Арал аудандық ауруханасында қызмет істеп жүріп-ақ ғылыми жаңалық ашқан атақты травматолог-дәрігері Досхана Рановтың осыған ұқсас диссертациясының тақырыбы есіме түсіп, ақыры тауып алдым. Алдымен орыстардың газеттегі ашқан жаңалығы туралы айтайын, онда былай деп жазылған: «Майкоп қаласының ғалымдары операциядан соң, іріңдеген жерді жазатын кілегейге (пленка) патент алды» (Ученые Майкопа запатентовали ранозаживляющую пленку, которая поможет в лечении гнойных осложнений и язвенных дефектов после операций). Бұл ғылыми жаңалықты ашқандар Майкоп мемлекеттік технологиялық университетінің «тамақ өндірісі мен ұйымдастыру» кафедрасы мен Майкоп мемлекеттік институтындағы әріптестері Майкоп қалалық клиникалық аурухана жанындағы «биотехнология ғылыми зерттеу орталығының» базасында ойлап тауыпты. Бұл жаңалықты олар 1975 жылы Ленинград қаласында жарық көрген орыс ғалымдары М.Лыткин мен И.Досачевтің «Панариций» (күбіртке) деген кітабын оқығаннан кейін ашқан болуы мүмкін, осы кітаптың 16-шы бетінде Арал қаласының дәрігері Д.М.Рановтың күбірткені жазу үшін жасалынған дәрісін сипаттап жазып және жоғары баға берген болатын.
Сол кезде небәрі 30 жастағы Досхана ағамыз ғылыммен айналысуына не себеп болғанын айтайын. 1968 жылы Ақтөбе медициналық институтын қызыл дипломмен бітірген Досхана Ранов Қызылорда облыстық ауруханасында еңбек жолып сәтті бастап, көзге түсе бастағанда соғыстан мүгедек болып келген әкесі Мұңайтпас баласы қасында болғанын қалап «елге кел» деген бір ауыз сөзіне байланысты Арал аудандық ауруханасының хирургия бөліміне травматолог болып орналасады. 1971 жылы сол кездегі Арал балық комбинатының бас директоры Құдайберген Саржанов былай деп өтініш айтты: «балық өңдеушілердің 25 пайызы күнделікті жарақат алғандықтан жұмысқа шықпай қалады және жарақат алған саусақтары іріңдеп жазылмай, күбірткеге айналып ұзақ емделеді, соның алдын алуға бола ма?» деген соң ойланып қалып іске кірісіп кетті. Қарап отырсам кейін осы екі тұлға өз мамандықтарының шыңына жетті. Құдайберген Саржанов Қазақ ССР-нің Балық шаруашылығының министрі болса, Досхана Ранов жоғары санатты травматолог болып мыңдаған адамдарды аман алып қалып, аяғын тең бастырып емдеген аңыз адамға айналды (бұл туралы арнайы жазамын).
Жігерлі жас травматолог дәрігер Досхана Аралдағы обаға қарсы күрес станциясынан 100 тышқан алып, оларға күбірткені жұқтырып, оны емдеу жолын уақытпен санаспай іздеді, ақыры «Клей-БФ» дәрісін пленка түрінде жасап шығарды. Оның құрамындағы дәрілерді аптекада ұзақ жыл провизор болып істеген Жақсыбай Байқожаев жасап шығарды. Қазақстанның шалғайындағы Арал ауданындағы қатардағы травматолог дәрігер Д.Ранов арнайы лабораториясыз өз қаражатымен жалақы алмай, «кустарлық» жағдайда тікенді балықты өңдеу кезінде алатын жарақаттың алдын алатын кілегей-пленканы ойлап табуы әлемде болып көрмеген жаңалық еді. Рановтың бұл ашқан жаңалығын Аралдан кейін Астрахандағы балық өңдеу зауыты өндіріске екінші болып енгізді, содан кейін жоғарыда көрсеткен атақты екі орыс ғалымы 1975 жылы Ленинградта шығарған кітабының 16-шы бетінде Рановтың осы жаңалығына жоғары баға берген болатын.
Досхана ағамыз ашқан өз жаңалығын ары қарай жетілдіріп, «Балықшылар арасындағы жарақаттану және оның алдын алу» деген тақырыпта кандидаттық диссертацияны қорғауға талаптанды. Жетекшісі профессорлар А.Пальчев пен А.Сегізов болса, опоненті кейін академик атанған Камал Ормантаев болды. Алайда, Аралдан шыққан «орда бұзар отыздағы» жас жігіттің жаңалығы қызғаныш туғызды, «қырық жасында қамал бұзып жүрер» деп, Москвадағы жоғары аттестациялық комиссияға арызды боратты. Осылайша көреалмаушылық кесірінен Досхана ағамыздың ғылымға барар жолы жабылды. Оған мойымаған Мұңайтпастың ұлы Досхана, сол отыз жасынан асқанда жоғары санатты травматолог деген дәрежесімен-ақ өмірінің соңына дейін мыңдаған адамды емдеп, алғысына бөленіп, елдің есіңде мәңгі сақталып қалды.
Ал диссертациясы ұрланған деп айтуыма негіз болған себеп Д.М.Ранов кандидаттық диссертациясын 1976 жылы 7 шілдеде Алматы медициналық институтының үлкен залында қорғағасын іріктеуден өтіп, Москвадағы СССР Медицина академиясы жанындағы жоғары аттестациялық комиссиясына бір данасы жіберіліп қойылғанмен, ақындар жырлағандай «қызғаныш деген қызыл ит, қыр сонымнан бір қалмадың» дегендей оны қорғауға мүмкіндік бермеді. Әйтпесе ашқан жаңалығы балық шаруашылығында қолданысқа енгендіктен медицина кандидаты атағын алуға 100 пайыз мүмкіндігі болды. Әттең, бір кем дүние......
Бақытжан Абдул-Түменбай,
өлке тарихын зерттеуші,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі