Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Әскери құрылым қатарында

Әскери құрылым қатарында

Елімізде кеңестік кезеңде совет армиясы атанып, Германия, Польша, Куба, Моңғолия сынды көптеген алыс шет елдерде әскери міндетін атқарған азаматтар аз емес. Олардың мүддесін қорғайтын «Германиядағы кеңес әскерінің тобы мен Варшава Келісім шарты тобы» құрылған еді. Міне, осы құрылым туралы аз-кем тоқталып өтсек.Германияда КСРО-ның әскерилендірілген бірлестігін құру туралы шешім 1945 жылы КСРО Жоғарғы қолбасшылық штабының 1945 жылдың 29 мамырындағы «Германиядағы Кеңес оккупациялық күштері әскерінің тобы» деп өзгерту туралы №11095-ші санды Директивасының негізінде, 1945 жылдың 10 маусымында сағат 24.00-ден бастап құрылды. Бұл топқа 1-Беларусь, 2-Беларусь және 1-Украин майдандары әскерлерінің құрамалары кірді. КСРО-дан азат етілген аумақтарда Германиядағы кеңестік оккупациялық әскерлер тобымен бір мезгілде Австриядағы, Венгриядағы, Чехословакиядағы Орталық күштер тобы және Польшадағы Солтүстік күштер тобы құрылды.
Тарихқа көз жүгіртсек, 1945 жылы 10 маусымнан бастап Германия Демократиялық Республикасының аумағында Кеңес Одағының Басқыншылық әскери күштерінің тобы өз қызметін атқара бастайды. Оның бірінші Бас қолбасшысы боп Кеңес Одағының Маршалы Георгий Жуков тағайындалады. Бұл топтың алдында басып алған аймақты басқару және оны бейбіт өмірге қайтару міндеті тұрды. Сонымен қатар КСРО-ның батыс шекарасын сыртқы қауіп-қатерден қорғау және кез келген жаудың соққысына төтеп беру басты миссия болды.
Тарихи деректерге сүйенер болсақ, бұл топта бастапқы кезде, Германиядағы кеңестік оккупация аймағындағы адамдардың саны шамамен сол кезде 18 миллион 559 мың адамнан тұратын, жер көлемінің аумағы 107 мың 500 шаршы шақырымды құраған. Жалпы бұл топ құрылған кезде Кеңес әскерінің тобында 1,5 миллион адам болған. 1949 жылға қарай 2 млн 900 мың адамды құраса, 1958 жылға қарай Германияда 700 мыңға жуық кеңес қызметкері қалды. Кеңес әскерінің тобының құрамы 1980 жылдары 500 мыңнан астам адамды құрады. 1991 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша топтың құрамына 337,8 мың әскери қызметші (олардың отбасы мүшелері мен қызметкерлерін қосқанда – 546 200 адам) кірді. 1994 жылы бірлестік жойылған кезде олардың саны 600 мыңнан сәл аз болған деп көрсетеді тарихшылар
Офицерлер, прапорщиктер, әскери міндеттілер, азаматтық қызметкерлер мен әскерге шақырылғандар ГДР маркасында жалақы алған. 1954 жылы оккупациялық функциялар жойылғаннан кейін, Германиядағы Кеңес Одағы әскерлерінің тобы, сол жылдың 24 наурыз жұлдызынан бастап, орысша қысқаша ГСВГ, қазақша ГКӘТ (Германиядағы Кеңес әскерлерінің тобы) болып өзгертіледі. Ал 1989 жылы 1 шілдеде Германиядағы Кеңес әскерінің тобы – Әскердің Батыс тобы (ӘБТ) болып өзгертілді. Дәл осы жылы Михаил Горбачев Германиядан әскери құрамаларды шығару туралы шешім қабылдайды. Оның мұндай шешім қабылдауына канцлер Гермут Кольдің КСРО-ға сапары түрткі болған деседі.
Ол уақытта Германиядағы Кеңес әскерлерін тобында борыш өтеу абыройлы әрі жауапты міндет болған. Алғы шепте болу – үлкен бедел. Ол жерден көптеген «әскери» үлгілі азаматтар шыққан. Кейіннен Кеңес әскерінің Қарулы күштерінің негізгі элитасын құрағандардың арасында да осы топ сарбаздары болған.Германиядағы Кеңес әскерлері тобының ардагерлері жастарға үлгі-өнеге көрсетіп, ақыл-кеңестерін айтып, Отанға деген патриотизмнің қандай болу керектігі жайында кездесу-жиындарда айтып келеді.
Сондай ардагерлердің бірі ? жастарға болашақта да өз перзенттеріне еліне деген сүйіспеншілікті ұялата білу парыздары екенін айта келе:
–Бізде бір ғана мақсат болды, ол – Отан қорғау. Көп кездесуде жастарға елді сүюді, оны қорғап, қастерлеуді айтамыз. Біз кеңестік кезеңде әр елде әскери қызмет атқардық. Қашан, қай елде қызмет атқарсақ та, қазақтың атын шығардық. Қазір біздің тәуелсіз елімізде өскелең ұрпақ өсіп келеді, еліміздің қарулы күші қалыптасты. Қазақтың қуаты күшті ұландары, сарбаздары біздей патриот, мықты болсын дейміз. Себебі біз армияға баруға асықтық, қазіргі жастар Отан алдындағы борышын өтеуге құлықсыз. Әрбір ер-азамат Отан қорғауы керек, әскер қатарында қызметін өтеу – абыройлы міндет. Мемлекетіміздің келешегі жастарға байланысты. Берекелі Қазақстанымыз әрқашан өсіп-өркендеу керек, – деді.
К. МАХСҰТ 
06 маусым 2023 ж. 377 0