Тазалыққа неге немқұрайлымыз?!
Жексенбі. Күні ұзақ төбе құйқаңды шыжғыратын аптап ыстықтың беті қайтқан сәтте самал желмен қосылған ыстық леп тәніңді кептіріп әлек. Әйтсе де айтылған сөз бен уәделескен келісімнің құны бәрінен биік болады ғой. Үлкен қаладан келген қонақ досымызбен сол күні кешкілік қала сыртына сауық кешін ұйымдастырмақшы едік. Әрине отбасы мүшелері тағы бар. Таңдаған аймақ қаланың солтүстік-батыс беткейі. Үй сол жақта болған соң ба, тарау жолдың тінін тарқатып келе жатқанда қала сыртына да шығып кетіппіз. Жә, алған бетімізден қайтқымыз жоқ. Жүріп келеміз. Тіршілік толқыны бір сәт үзілмеген Арал сыртынан қарасаңыз демін тартып тыныстап жатқандай. Қаланың шаңы сыртқа көтеріліп, жақын маңды тұтас жайлаған.
– Бұл қай жақ?
Жанымда отырған сыйлас достың алғашқы сұрағы осы болды.
– Аралдың батыс беткейі ғой. Ел-жұрт «Арай» атап кеткен мөлтек ауданнан енді алыстап барамыз. Анау бағытта қаладан шыққан қоқыстарды сұрыптайтын полигон бар. Біз оған жете қоймаймыз ау, – деп қоямын.
Қараңғы түсе қоймаған шақта төңірекке көз тастасаң тым сұрықсыз еді. Сол кемшілігімізді бетімізге басқандай:
– Сен айтқан қоқыс полигонының шеті осы маңдардан басталатын сияқты ғой, – демесі бар әлгі достың.
Тілімді тістедім де қалдым. Ақталуға негіз жоқ еді. Айтса айтқандай көзге ұрған сұрқы қашқан сүреңсіз көрініс қаланың шетін тіптен аздырып жіберіпті. Жайшылықта жататын иттер де бұл жолы ескі-құсқыны ақтарып, қоқыс жайлаған алаңды тіміскілеп әлек. Төңірек толған пакет мен қауырсын құтылар. Жарайтыны бар, жарамайтыны бар. «Сырт көз сыншы» дейді ғой. Қара басып мұнда неге шықтым? – деген өкініш іш тырналап әлек. Үй сыртынан ұзамай-ақ қояйық деп әлектенгендегі естір сөзім осы ма еді. Кімді кінәлайын?! Қазақ десем өзіме тиеді. Көзбен көрмеген соң атын атап, түсін түстей де алмайды екенсің.
«Өзіміздікілердің әрекеті ғой» деген сырғытпа жауаптан басқа айтар уәж болмады. Шындығында қоқыс шыққан аумақтың тазалығы бірінші кезекте басқаларға үлгі болуы керек еді ғой. Әупірім жердегі полигонға жетпей жығылған жалқаулардың бұл әрекетіне не айтармыз. Қала өзіміздікі. Тазалық та бізге керек. Сонда кімді алдап жүрміз? Тазалық сақтауға ниеттеніп қала сыртына шыққан екенсіз, онда неге көліктегі қоқысты жетер жеріне жеткізбеске? Айтса айтқандай, қаланың біз көрген аймағы тым көріксіз күйге енген. Жалпылдаған жалауша, солқылдаған шөлмек. Тағы басқа да тұрмыстық қатты қалдықтар тиісті аймаққа жетпей шашылып жатыр. Жаялаутқаны да, көлік мінгені де сол маңнан аспаған тәрізді. Қысқасы, біз ол маңнан отыруға тиіс лайықты орын таппадық. Сәл ұзаңқырап барып, бір төбешік бөктеріне барып бөгелдік. Басты ойымыз қаланы сыртынан тамашалап, ортақ естеліктерді ортаға салу еді. Әңгіме ауаны тазалыққа ойысты.
Қараңғы түсіп келеді. Тіршілік нышаны бар алып қаланың алау шамдары жанып жатыр. Қызылды-жасылды көріністер көз тойдырады. Жазық даланы қараңғылық көмкерген сәтте қоқыстар да көзден ғайып болды. Алайда келер күннің шуағы сол төңіректі тағы да солғын көрініске бөлейді-ау. Соны ойлап келем. Біз неге сондай «салақ» атандық екен. «Тазалық табалдырықтан басталады» деген халықтың ұрпағы емес пе едік. Ендеше неге мұндай күйге ендік?! Ерінсеңіз есік алдына келетін қоқыс шығаратын көліктер бар. Арнайы тастайтын контейнерлер бар. Неге солардың көмегіне жүгінбеске. Ақшасы да қалтаға ауырлық салмайды. Ішіп-жемді өтеген екенсіз, енді соның қалдығын шығару қиын болды ма? Қаламыз бізге керек. Сондықтан бұл мәселеде майдаланбасақ екен дейміз. Тазалықты сақтайық, аралдықтар!
А. ҚАРАСАЙ