Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » АҚШ -та 76 адам аптап ыстықтың құрбаны болды

АҚШ -та 76 адам аптап ыстықтың құрбаны болды

АҚШ-тың Орегон және Вашингтон штаттарында 76 адам қалыптан тыс ыстықтың құрбаны болды, ал дененің қызып кетуіне байланысты ауруханаға жатқызылғандардың саны жүздеп саналады, деп хабарлайды ҚазАқпарат The Wall Street Journal газетіне сілтеме жасап.
Басылымның мәліметінше, тек Орегон штатында дененің қызып кету салдарынан 63 адам қайтыс болды. «Бұл нағыз денсаулық дағдарысына айналды. Қалыптан тыс ыстықтың өлімге апарып соғатынын көрсетті», – дейді Малтнома округінің (Орегон) Денсаулық сақтау департаментінің өкілі доктор Дженнифер Вайнс. «Біздің жақта жаз бұдан да қатты ысиды, сондықтан бұл жағдай әлі де қайталанады деп ойлаймын». Портлендта және штаттың басқа да қалаларында осы аптада температура 46 градусқа дейін көтерілді. Көршілес Вашингтон штатында сәл салқындау болды, онда ыстық салдарынан болған 13 өлім расталды. Көз жұмғандар 44-тен 97 жасқа аралығында. Олардың өлімінің себебі гипертермия –дененің ыстықты жеңе алмайтындай қызып кетуі. Вашингтонның медицина басқармасы аптап салдарынан өзін нашар сезінген 1 648 адамға шұғыл барғандары туралы хабарлады. 358 жағдайда адамдар стационарлық емделуге жіберілді. АҚШ Ұлттық метеорологиялық қызметінің болжамына сәйкес, елдің батыс жағалауындағы қалыптан тыс ыстық тағы бірнеше күнге созылады.

inform.kz
01 шілде 2021 ж. 350 0