Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Тазалық – тіршілік тынысы

Тазалық – тіршілік тынысы

Жылдың қай мезгілінде болмасын тазалық мәселесі күн тәртібінен қалыс қалмай келеді. Сонымен бірге тазалық – әр адам баласының туған жеріне деген сүйіспеншілігі мен жанашырлығын қажет ететіні анық. Иә, қоғамдағы маңызды мәселелердің бірден-бірі осы тазалық болып табылады.
Көше тазалығына аса жауапкершілікпен қарап, оны ұқыпты ұстай білуді мәдениеттілік белгісі дейміз. Бірақ бүгінде кей адамдар сол мәдениетті қоғамдық орындарда, сондай-ақ өз ауласында сақтай алмай келеді. Үстімізге әдемі, таза киім кигенімізбен, жүрген ортамыздағы тазалықты сақтамау, көшенің кез келген жеріне қоқыс тастап кете салу – мәдениетсіздіктің белгісі емес пе?! Тіпті кейбірі «бұл қоқыстарды жинайтын адам бар ғой» деп, қоршаған ортаны бүлдіруін тоқтатпайтыны тағы бар. Иә, қоқыстарды тазартатын арнайы мекемелердің қызметкерлері күн сайын көше бойларын тазалап, сыпырып жүреді. Дегенмен, солай екен деп ол кісілердің бұл еңбегін сыйламауға болмайды. Сонымен бірге қала тазалығын сақтау арнайы қызметкерлердің ғана міндеті емес, ол осы қала тұрғындарының әрбірінің басты міндеті. Бірақ кей адамдар ауласына қоқыс өртеп немесе тұрмыстық қатты қалдықтарын қала сыртына тастап жатады. Әрине бұл мәдениеттің белгісі емес екені анық.
Егер әр тұрғын «тазалықтың табалдырықтан басталарын» басты қағида ретінде ұстанса, онда көше де, қала да таза болары сөзсіз. Сол үшін Жаратушының бізге берген үлкен сыйын аялап ұстап, тазалық ережелерін сақтағанымыз жөн болар.

"Толқын" ақпарат
01 тамыз 2022 ж. 669 0