Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Күн патшасы

Күн патшасы

Боз жусанды жазықты қуалап отыратын жылан құйрық жол түйе жон беткейге иек артқан. Машина жылдамдығын үдетіп, дөңге қарай өрлей беріп едім, оң қапталдағы баурайлықтан қас пен көздің арасында ғайыптан пайда болғандай әлдебір бейне қараң етті. Көз арбаған сағым ішінен суырылып шығып, құлдырай қарсы жүгіріп келеді. «Ей, тоқта» дегендей ишарамен қолдарын ербеңдетіп, оңды-солды бұлғайды. Адымы қып-қысқа, тепең-тепең басады. Қолтоқпақтай ғана алты-жеті жасар бала. Қарсы желден ақ-жолақ көйлегі үрленген шардай домалана қалған.
Құмдақ жолдың ақ шаңын бұрқ еткізіп машинаны екпіндей тоқтаттым. Топатайдай шіби бала демін еркін ала алмай ақ тер, көк тер күйі маған кенет үрпие қарап қалды. Тіпті қайта кері бұрылып тұра қашқысы келгендей ме?! Селтиіп тұрды-тұрды да күнқағары дөңгеленген шетен қалпағын желкесіне қарай ысырды. Самайынан аққан моншақ-моншақ терді жеңімен әлме-әл сүрте берді.
– Ау-ау, сөйле, батыр,-дедім мен кабина есігін ашып. -Ұялшақсың ба, құлағыңа дейін қызарып кетті ғой...
Қара домалақ бала аяқ асты тілін жұтып қойғандай жауап қатпады. Қайқы кірпіктерін қағып-қағып қойды. Абаймен қарайтын көздерінен сомадай бейтаныс кісіні тоқтатқанына ыңғайсызданатыны сезіліп тұр. Жекіріп тастай ма дегендей жасқаншақтығы да бар.
– Сіздің машинаңызды күнде көремін. Тоқтамай ызғытып өте шығасыз.- Бала оқыс қимылмен алға бір аттады.
– Көзіме қалай түспегенсің?-дедім мен оның ауанына көшіп.
Бойы үйрене бастаған бала бауырсақ мұрнын тартып қойды.
– Анау талдың ең басына шығып отырамын,-деп оң беткейдегі жапырағы селдір жалғыз кәрі ағашты иегімен мегзеді.-Күнде таңертең осылай қарай өтесіз де, түсте қалаға қарай кері қайтасыз...
– Көкқабақтағы сиырлы ауылдан қалаға сүт тасимын, – дедім де, кабинадан секіріп жерге түстім.
Маңдай тұсқа көтеріліп алып, май шыжғырарлықтай ыси бастаған шілденің күнінен баланың екі беті албырап қызарып кеткен. Алқым астынан байланған бауын шешіп, шетен қалпағын қолына алды. Бұп-бұйра шашын қала балаларынша өсірген.
– Мен Жасан деген ағаңмын,-деп мен қолымды ұсындым.
– Роллан – Күн патшасы!-Әр сөзін қадап айтқан бала маған бір түрлі масаттана қарады.
– Күн патшасы?-Қағыс естідім бе деп қайта сұрадым.
– Атам солай қойған, – деді бала жүзі жадырап.
Баланың сүйкімді қылығы өзіне тартып, баурап барады. Толқындана көзіне түскен маңдай шашын қайырып қойды. Мұнысы «әсте кішкентай емеспін» дегені болар.
– Атам – қорықшы. Көк сексеуілді қарайды. Атам қарамаса, қаланың адамдары жас сексеуілді шауып кетеді, – деді маған бойы үйренген бала.
– Үйлерің қайда?
– Бұрғы судың басында. Мен осы жерде ойнаймын. Жолмен көп машина өтеді. Ең әдемісі – сіздің сап-сары машинаңыз.-Роллан «Молоко-сүт» деген машинама қызыға көз тастап, алдыңғы үлкен фарын сипалап қойды.-Әйдік болғасын мен де шофер боламын.
– Атаңа қыдырып келдің бе?
– Жоқ. Атам екеуіміз тұрамыз. Кеше папам Алматыға мамаға кетті.-Түсі бұзылып кеткен Роллан ерні қаймақшыл жыламсырап жүзін төмен салды.-Атам папамды «кет» деп қуып жіберді.
Тақ-тұқ сөйлеген баланы қызықтаймын деп артық қаузап жібергенімді сезіп, бармағымды тістедім. Жүрегімнің басы шым етті. Көкірек тұсыма бір түйткіл кептеліп тұрып қалды. Ролланның демде жабырқаған көңілін жадыратқым келді. Бірақ кіп-кішкентай баланы жұбатарлық сөз таппағаныма таңым бар. Үлкен кісінің қарғадай бала алдында қысылғанын басыңа бере көрмесін. Қараптан қарап қара терге түстім. Сөйткенше үн-түнсіз әлденеше минуттар өте шықты.
– Атаң сені құрдан-құр «Күн патшасы» демейтін шығар? – дедім мен Ролланның иығына қолымды салып.
– Көзімді жыпылықтатпай күнге тік қарай аламын мен.-Бала жүзіндегі мұң ізі лезде шайылған, шырайланып шыға келді. -Сіз ше? Қарай аласыз ба?
Көздері күлімдеген Ролланның әлдебір сырдың бетін ашқалы оқталғанын сезіп, жорта басымды шайқадым. Ол маған мардымси қарады. Сосын «міне, қарашы» дегендей қолын шекесіне көлегейлеместен, ашық аспанда мыс қазандай дөңгеленген күнге жүзін бұрды. Бір мезет қоладан құйған мүсіндей қалшиып тұрды. Ұялы, әдемі көздері сығырайып, жасаурап барады. Бір үлкен іс тындырғандай «уһ» деп демін алып, бетін қайта маған бұрғанда, діріл қақан кірпіктерін жыпылықтатпауға күштенді. Көз қиығында бір-екі мөлдір тамшы тұр.
Баланың өзі риясыз сенген бұл қылығына кәдімгідей таңданған болып: -О-һо, жарайсың, Роллан!-деп мен таңдайымды қақтым.
Көңілі көтерілген бала қоқиланып қойды.
– Күннен көзің қаймықпаса, өте айбатты баласың. Жанқожа батыр сияқты. Содан да атам мені еркелетіп «Күн патшасы» дейді,-деп Роллан танауы делдиіп, қиялдана көкке қарады.
Біраз аялдап қалыппын. Менің кетуге ыңғайланғанымды көріп, қимай қараған Ролланға:
– «Күн патшасы» біз әлі кездесеміз, – дедім де, тепкішекке аяқ салдым.
Қарсы өрге шығып айнадан соңыма көз тастағанымда Роллан жаңағы орнынан әлі қозғалмай тұр екен.
Осы күннен бастап тәпене бойлы қиялшыл баламен ылғи да жолығысатын болдым. Шаруам басымнан асып жатса да, қайырылмай кеткен емеспін. Иә, Ролланға бауыр басып кеткенім сондай – жас тілекшімді бірер күн көрмесем, көңілімде алаң пайда болатын. Кейде оны мінгізем де, бір кезеңді айналдырып келемін. Еһ, сондағы нарттай жанған бақытты, қуанышқа толы пішінін көрсең.
Тамыздың жуан ортасы. Соңғы кезде қалыптасқан әдетімше биіктеу кілтеңге көтерілер тұста жол шетіне тоқтадым.
– Күн патшасы, қайдасың?-деп даланы жаңғырта бір-екі мәрте дауыстадым.
Ешкім көрінбеді. Роллан бір қулық жасап жүр ме деп, сәл тұрдым. Жоқ. Енді кетуге оқталғанымда, құм шағылдың арғы жағынан өкшесі жерге тиер-тимей, делеңдеп жүгіріп келе жатқан жан досымды – Күн патшасын таныдым. Ұдайы тастамайтын шетен қалпағы басында жоқ. Ұшқын шашып тұратын көздері қаяулана қалыпты. Реңі пәс.
– Неге көңілсізсің Күн патшасы?-дедім мен.
– «Үйден қия бассаң, енді тек таяқ жейсің» деді атам. Мен сіздің күтетініңізді біліп қашып кеттім.-Ол абыржып үн қатты.
– Бір нәрсе бүлдірдің бе?
– Жоқ, Жасан аға...
– Жасырма.
– Кешкісін күннің баратын жерін көргім келді. Ілесіп жүре бердім, жүре бердім. Ана-оу, қара төбеге дейін бардым. Төбеге шыққанымда күн тіптен алыстап кетті. Жете алмай шаршадым. Мен дем алып отырғанымда күн жоқ болып кетті...
– Батыр-ау, үлкен тентектік жасапсың жүдә.
– Күннің ұясын көргім келеді.
– Ал, қасқыр жеп қойса қайтесің?
– Менің бәрібір батқан күнді көргім келеді.-Ролланның осы бір қайсарлығы ұнайтын маған. Ол тепсініп қойғандай болды.
– Қолыңдағы не?-Мен Ролланың бір нәрсені артына жасырғыштап тұрғанын сезіп қалдым.
– Мамамның суреті.
Ақ кенепке майлы бояумен салған сурет. Үріп ауызға салғандай жап-жас келіншек күлімсірей қарайды. Білектей бұрымын қаз кеудеге тастаған. Нәркес көздері тұп-тұнық. Баланың иегіндегі меңі, томпақ еріндері дөп шешесіне тартыпты.
Суреттің етек жағына «Сүйіктім Мүсілимаға.Мәңгілік махаббатым. Қалден» деп өрнектеп жазыпты.
Көз бен көңілімді еріксіз тартқан суретті Ролланға қайтып бердім. Ол көйлегінің ішіне сүңгітті.
– Тіпті кірлетіпсің...-дедім мен.
– Папам жыртамын дегенде, қостағы сандыққа тығып тастағанмын.-Бала бұртия қалды.
Ішім жидіп қоя берді. Әлі өзім көрмеген Қалденнің оспадарсыздығына қаным қарайды.
– Үйді жығып тастадық. Енді «Жыңғылдыдағы» көп ауылға жақындап көшеміз...-деді бала бір сәт. Сосын шалт қимылмен қолымнан ұстады.
– Сонда келесіз бе, Жасан аға?
Басымды изедім де, оны қапсыра құшақтап, төбемнен асыра көтеріп алдым. Маңдайынан сүйдім.
– Келемін, әрине! Келемін!

***
Арада екі айдай уақыт өтті. Жел-құзды күз келді. Қара барқын аспанның қабағы ашылар күн жоқ. Береке алар жауын-шашын кімге ұнаған. Әсіресе, қала сыртына шығатын жүргізушілерге ауыр-ақ.
Ылжыраған осындай бір күні қаладан таң сыз бере шыққанмын. Ең шеткі көп қабатты жаңа үйлерден өткенімде жол жиегінде дөңбек үстінде бүкшірейіп отырған біреу қолын көтерді. Кілт тоқтағанымды көріп, қалбалақтай жүгіріп келіп, кабина тұтқасына жармасты.
Мен құралыптас жігіт екен. Өзі жалаңбас. Желкесіне түскен ұзын шашы желмен дудырап кетіпті.
-Көкқабаққа дейін ала кет, бауырым. Ақшасын беремін.-Ол шапшаң кіріп, есікті сарт еткізіп жапты.-Ар жағына жаяулатсам да жетермін.
Әбден жаурап қалыпты. Жайғасып отырып үсті-басын түзеді. Түр-түсіне қарап: «Дәу де болса сырттың адамысың-ау» деп жорыдым. Бидай өңі қуқылданып кетіпті. Көз асты көгістеніп, дімкестігін танытқандай күлтеленіп тұр.
Әуелі екеуіміз де үнсіз отырдық. Жер-су жайын тәптіштеп сұрар деп ойлағанмын, бірақ ол тіс жармады. Шөккен нардай дөңкиген ақ таңдақ жоталарға телміріп, сам-соз қалпы отырды да қойды. Безбүйректене сазарып отырысы мені жалықтыруға айналды.
Машина түйе жон дөңеске ырғалаңдап тырмысқанда жолаушы серігім кенет күбір етті.
– Бір нәрсе дедіңіз бе?-дедім мен.
– Жазда біздің шалдың үйі ана шағылдың арғы етегінде отырған,-деді де ол бір күрсініп қойды.-Жетім қара ағашты көріп келесіз бе? Жалғыз ұлымның күн ұзынғы ермегі еді. Ұшар басына өрмелеп алып, арлы-берлі ағылған машиналарды санайды да отырады.
– Сіз... Қалденсіз бе?
– Қалденмін.-Ол маған аңтарыла қарады. Галстугінің түйініне қос саусағын тығып, мойнын ырғап-ырғап жіберіп, алқымын кеңітіп қойды.-Қайдан танисыз?
– Ұлыңыз... Күн патшасы айтқан...
– Ә-ә...Роллан.-Демде жан жүйесі босап кеткен Қалденнің көзінің кіреукеленгенін сездім. Саусақтары дірілдеп, дегбірі қашты. Ебедейсіздеу қимылдап, «Рұқсат па?» деп алып темекісін тұтатты. Көк түнтінді бұрқ еткізді.
– Күн патшасын жазды күні машинама талай мінгізгенмін,-дедім мен.
– Демек, мен жайлы құлағдарсыз.
– Солай деуге болады.
– Бәлкім, қатын-баласын қаңғыртқан деп мені атарға оғыңыз болмай отырған шығар. Замандас, «Дүние бір қисық жол бұраңдаған», адамды кінәлауға асықпаған жөн.-Қалден темекісін қомағайлана сорды.-Өз қолыңды өзің кесе алмайсың. Мені де тыңдарсыз...
Мен үндемедім. Жүзі күреңіткен Қалденнің ақтарылуға оқталғанын сездім.
– Мен суретшімін. Институттан соң үйлендім. Бағыма қарай сүйген жарым Мүсілима ақ желең мінезді, ақыл-парасаты мол жан болып жолықты. Торсықтай ұлды да болып үлгердік. «Күн патшасы» деп отырғаныңыз сол жайсаң. Ертегішіл атасы бір хикаядан шығарып, немересін еркелетіп солай атап кетті.
Тағдырын өнерге теліген адамның соры бес елі болатынын білмеппін. Студент шағымда күндіз-түні көз майымды тауысып, бір полотноға шұқшиып жүретінмін. Жазғы ауылдың апақ-сапақ пен іңір тоғысындағы пейзажы еді. Бояу тілінде бірқыдыру сәтті шықты.
Іліп алар тұңғыш дүнием көрмеде маңдай көрсеткеннен, майталман суретшілер ортасында әжептәуір дабыр тудырды. Төбем көккен екі елі жетпей жүрді. «Қазақтың Левитаны» деушілер де табылды. Күні кешегі тесік қалта елеусіз студентке жұрт назарының болмашы ауғанын шауып шығар биігім деп топшыласам керек. Құр желікпен аяғым мықтап шалынды. Келе-келе екі адамның басы қосылған жерде көсемсіп, мақтау дәмететін «ауруға» шалдықтым. Кей жолдастар арқамнан қақпай кетсе, «өз аты озбаған соң, тілін буған өгіздей боп тұр» деп талағым тарс айрылады.
Тоқетері жалғыз сәтті шығарманың буымен біраз сілтеп тастадым. Екі-үш жыл көрмеден көрмеге сопитып «Ауыл кешін» сүйрей беруге қанша бетсіз болсам да, ұяла бастадым. Ойын-тойды тиып шеберханаға қайта оралдым. Бастапқы пәтім тау қопарып тастарлықтай еді. Қолым жүрмеді. Күшене тартқан тірлігімнің доңғалағы кері айналғанын көріп, жігерім құм болды. Дәрменсіздігімді сездім. Күйіне-күйіне баяғы думаншыл тобыма қосылып, әуеніме бастым. Шыдамның да шегі болады емес пе, Мүсілима шорт сынды. Сөйтіп қос аққудай боп жарасып, сүйіп қосылған екеуіміз сот арқылы айырылыстық. Роллан атасының қолында болатын. Мойныма су кетіп ауылдан шықтым. Аудандық Мәдениет үйіне орналасып, ұшып-қонып, жеңіл-желпі әр шаруаның басын бір шалып жүрдім. Тапқан тиын-тебен мейрамханаға кетеді.
Осыдан екі ай бұрын Алматыдан «Мүсілима ауыр күйде» деген хабар келді. Шынымды айтсам, Мүсілиманы өлердей сүйетінмін. Есімді шала-шарпы жиған күйім салып ұрып жетсем, келіншегімнің кірпігі қимылдап жатыр екен. Қос бүйрегі қарайып кеткен. «Ролланның маңдайынан иіскей алмадым. Қарашығымды жылатпашы. Бәрін кешірдім» деп араздасуға ғана ақтық демі жетіп, сол күні үзілді...-Жүзі қабарған Қалден ернін тістеді. Бет әлпетінде ащы қиналыс ізі сайрап тұр. Көз астындағы қос қыртыс әжім тереңдеп кетіпті.
– Ролланды қатты сағындым. Қанатым болса тезірек ұшып жетіп, мауқымды басар едім. Имандай шыным, өзінен сұмдық қысыламын да. Сорлы әкесінің қателігін кешірер ме екен?! Қайдам... есейіп қалды ғой,-деді де Қалден сөніп қалған темекі тұқылын терезеден сыртқа атып жіберді.
Жыландай иреңдеген айдау жол екі айрыққа тірелгенде, мен машинаны солға бұрдым. Түнеріп отырған Қалден маған аңтарыла бұрылды.
– Айналдырған бес шақырым жер. Жыңғылдыға жеткізіп салайын,-дедім мен.
Қалден қарсылық танытпады. Тұнжыраған қалпы үнсіз отыр.
Қасқа жол құм ішіне кірді. Әлден соң Жыңғылдының қалың нуына іліктік. Машинаны бар жылдамдығымен ұшыртып келемін. Терезе әйнегіне ентелей, көздері жасаураған Қалден дүниені ұмытқан.
Жапырайған бес-алты үйдің жобасы көрінді. Әлдене ғажайып тосқандай, елегзіген менің де көңілім алай-түлей алаңдаулы.
Таудай күде шөптің арғы жағынан әлдене қараң етті – асыға күткеніміз де осы еді.
Әне, кіршіксіз таза жүректі менің ең жас досым Роллан – Күн патшасы шаттана айқайлап, құлдырай қарсы жүгіріп келеді.
– Е-е-ей-ей!
Е. АБДУЛЛА
17 маусым 2023 ж. 235 0