Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Сапақтан шыққан Сәбинұр

Сапақтан шыққан Сәбинұр

Күй құдіретін сезінген адам әркез рухани бай, дәстүрлі өнермен біте қайнасқан қауымнан болса керек. Сол бір сырлы тылсымды жан дүниесімен меңгерген Қадір Мырза Әлі «Нағыз қазақ қазақ емес нағыз қазақ – домбыра» деп әсте тегін айтпаған болар. Бүгінде домбыраның үніне ғашық біздің буын дәстүрлі өнердің туын жықпай келеді. Құрманғазы, Диналардың салып кеткен сара жолы талай буынға бағдаршам болса, кейінгі дәстүрлі өнер жанашырлары бұл қазақ өнерін көкте қалықтатып келеді. Ал оның туын жықпай, қайта тіктеуде қазақ баласының қолтаңбасы қалатынына бек сенімдіміз. Осы дәстүрлі өнерді таңдаған біздің түлектер дәстүрлі «Бозторғай» балалар конкурсында топ жарғанын қуанышпен жеткізгіміз келді.
Нақтысы, осы жылдың наурыз айында ауданда өткізілген ХХV «Бозтозрғай» балалар конкурсына №69 орта мектебінен 4 оқушы, орта топтан Рахметулла Аяна, Темірбай Салтанат, кіші топтан Оралбай Әмина, Темірбай Сәбинұр қатысып, аудандық әділқазылар алқасының шешімімін облыстық іріктеуге 4 оқушыда өткен болатын. Келесі күні облыстық әділқазылар алқасының шешімімен орта топтан Рахметулла Аяна мен кіші топтан Темірбай Сәбинұр облыстық конкурсқа жолдама алды. Ал 28-29 сәуір күні облыста А.Тоқмағанбетов қалалық мәдениет үйінде өткен «Бозторғай» конкурсында Рахметулла Аяна дипломант атанып, Темірбай Сәбинұр қазылар алқасының шешімімен дәрежелі І орынды жеңіп алды да, Алматыда өтетін халықаралық «Бозторғай» конкурсына жолдама алды. Бұл біз үшін үлкен жетістік еді. Мұндай жетістік Сапақ ауылы үшін үлкен қуаныш, ауыз толтырып айтар айтулы жеңіс болды.
1-5 маусым аралығында Алматы қаласында өткізілген халықаралық «Бозторғай» конкурсына күй жанры бойынша қатысқан Темірбай Сәбинұр 3 маусым күні І-ші турда Қ.Сағырбайұлының «Адай» күйін орындаса, 4 маусым күні ІІ-турда Н.Тілендиевтің күйі «Әке толғауы» күйін орындады. Әділқазы алқасының мүшелері белгілі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері жыршы-термеші Рамазан Стамғазиев, күйші Айгүл Үлкенбаев және әділқазылар алқасының төрайымы Нағима Есқалиевалардың шешімімен үкілі үмітіміз Сәбинұр ІІІ орынды иеленді. Халықаралық конкурсқа шет елден де өнерпаздар қатысты.
Дүбірлі додада өзінің еңбегімен,ізденісімен, жігерлігімен осындай жеңіске жеткен Сәбинұрға сәттілік тілейміз. Алдағы уақытты шәкірттерімізге бұдан да биік белестерден көріне беруіне шын жүректен тілектеспіз. Және баласын ынталандырып, осындай байқауға қатыстырып, үнемі қолдап жүрген ата-аналарына шын жүректен алғысымызды білдіреміз. Ауыл мерейін асырып, құт қонған қасиетті өңірдің ендігі үміті саналған Сәбинұр сынды таланттардың бағы әлі талай жана түсеріне сенімдіміз.
Ержан СӘРСЕМБАЕВ,
№69 орта мектеп мұғалімі
20 маусым 2023 ж. 548 0