Аралдағы алғашқы жылыжай
СОЛ КҮНІ…
Мамыр – он екі айдың ең сұлуы. Табиғат гүлге бөленген, нұрға кенелген көктемнің тамаша кезі. Шаруаның асыға күткен сүйікті айы. Осы айдың 16-шы жаңасында ертеңгілік жаңбыр жауды. Сағат тілі 9:00-ды соққанда облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев теміржол аспалы көпірінің қадасын қақты. Бұл аралдықтардың шешімін көптен күткен проблемаларының бірі еді. Орындалды. Жиналған жұрт разылық білдіріп, дуылдата қол соқты.
Түске таяу жылыжайдың алғашқы өнімі базарға түсті деген сүйінші хабар жетті.
– Қайдағы жылыжай?!
– Осы Аралдағы…
– Иесі кім екен?
– Шамасы 26-27 жастағы осы жердің тумасы Мәлік Орынбасаров есімді азамат көрінеді…
«Апыр-ай» – деп ойланып қалдым. Өйткені, Солтүстік Аралдан, қысы қытымыр, аязды аймақтан осындай істі бастағандар болды. Қаладан да, ауылдан да… Бірақ өнімі базарға түскенін естімедім. Суы ма әлде жылуы ма, әйтеуір бірі болса, бірі болмай, қазіргі тілмен айтқанда банкротқа ұшырады.
«ТӘЖІРИБЕ ЖИНАУ ҮШІН…»
Мәлік Орынбасарұлы жайында аз-маз дерек қолыма түсті. Әкесі теңізден маржан сүзген балықшының ұрпағы екен. Ермек анасы денсаулық саласының үздігі атаныпты. Ал Мәліктің өзі ше? Мектепті, колледжді және институтты тәмамдапты. Мамандығы – ветеринар. Келісті мамандық. Еңбек өтілі үш жыл. Осы үш жылдан кейін басқа бағытқа жалт берген. Қалайша, ә?! Осы жастарды түсіну қиын-ақ! Сол жылыжайға қарай тартып келем… Машинаға қала әкімінің орынбасары Әлімжан Сүйеубаев отырды. Ол бір сөзінде:
– Мәліктің үйі мен жылыжайының арасы алты шақырым. Қайсысына барасыз, көке! – деді!
– Жылыжайға!…
Қаланың шығысы. Биік төбе. Бір жағы – теміржол. Екінші жағы – үлкен трасса. «Алты құдық» бекетіне қол созымдай аралыққа орналасыпты. Бұрын «Қоңырлық» десе, енді жұрт «Мәлік төбе» атай бастапты. Несі бар, алғашқы жылыжай ашқан өренге бұл артықтық етпейді.
Мәлік келіншегі Сандуғаш екеуі бума-бума қиярды үйіп жатыр.
– Ау, осынша өнім мына ескі жылыжайда өсті ме?
– Иә, өсті, – деді Мәлік шырайланып, – наурызда жеті жүз түп қияр, жеті жүз түп қызанақ тіккенмін. Қияр пісті, қызанақ та шілде айында шаң береді. Жылыжайды жалға алғанмын. Әйтеуір, жөндеп ретке келтірдім. Голландиялық тұқым ғой. Біздің ауа райына сай келеді деген Анар ұстазым. Дұрыс айтыпты.
– Әй, жігітім, үлкен мамансың, ветеринарсың. Келіннің де мамандығы солай. Сөйте тұра, кілт, тоқсан градусқа бұрылып диқан, бағбан болып шыға келгенің қалай?
– Көке, жастайымнан жерді, табиғатты сүйіп өстім. Жер иісі, құлпырған дала тарта берді. Өсе келе экологиялық қасірет аймағында екенімді білдім. Халқымды тамшыдай болса да таза азық-түлікпен қамтамасыз еткім келеді.
– Әлгіде Анар ұстазым дедің, ол кім?
– Ақтөбеде «Green House Kazakhstan» компаниясының қызметкері. Үш гектарлық, плантациясы бар. Соның жылыжайында қатардағы жұмысшы болып, бір жыл жүрдім. Көкөністің, жеміс-жидектің технологиясын, қыр-сырын үйрендім, игердім. Өзіме-өзім сенетіндей жағдайға жеткесін, не тұрыс болсын, білек сыбана іске кірістім. Әзірге 7-ақ сотық жерім бар, – деді. Басталған ісін олқылсынып жүргенін сездім.
ТАЛАП ДҰРЫС, АЛ ШЕШІЛМЕГЕН ТҮЙІН ҚАЙСЫ?
– Бір сұхбатыңда көкеністі жыл бойы өсіретініңді айтыпсың. Жылу жүргізілмеген, жылыжайыңның алқам-салқам түрі мынау…
– Ә-ә, – оныңыз рас, осы күнге дейін өз қаржымды пайдаланып келдім. Аудан әкімі Серік Сағитжанұлы келіп, шаруамен танысты. Қолдаймын, көмек болады деді. Қуанып қалдым. Арқамды тамға сүйегендей болып отырмын.
***
«Жас келсе – іске», деген сөз қолдау болса, олар қайсы жұмысты да жапырады. Үкіметтің қолдауы да аз емес. Жастарға жеңілдетілген пайызбен несие беруде. Биылғы аудан бюджетінің былтырғыдан артық болып бекітілгенін есіткен жас кәсіпкердің жүзінде күлкі ойнағанын байқап қалдым.
Күлсе, осындай талапты жас ұрпақ күлсін-ай!…
Шәкірат ДӘРМАҒАМБЕТҰЛЫ,
тыл ардагері
Арал қаласы
syrboyi.kz