Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Тоқсан үшінші тұғыр

Тоқсан үшінші тұғыр

Жағалау жұртының жақсылығын асырған жалғыз басылым бар. Ол – «Толқын» газеті. Атадан балаға жеткен «Жер киесіз, сөз жүйесіз болмайды» деген қанатты қағида көптің есінде шығар. Расында да сөзді тоқтаусыз жүйелі жолға түсірген, елді айдай анық қылған басылым талай белестерді бағындырып, қаншама асулардан асты.
Өткенге қайта оралып, тоқсан үш жылдың тұғырында тұрған төл басылым жайында қайталап айту артық та шығар. Газет атауы меңзеп тұрғандай айдынды Аралдың үнпарағы ауданның оң имиджін қалыптастыруға, теңіз тереңінен су маржанын сүзген балықшылардың өлшеусіз еңбегін дәріптеуге, төрт түлігін өріске өргізген малшылардың жүйелі жұмысын насихаттауға барын салды. Әлі де солай. Алғашқы редактор Әуелбек Қоңыратбаев сүбелі сөздің зергері ретінде танылып, филология ғылымдарының докторы атанғаны патша көңілді оқырманға мәлім. Аралдың сырлы шежіресі «Толқын» әу баста «Екпінді балықшы» атауымен өмірге келді. Одан әрі «Социалистік Арал» деп аталды. "Екпінді балықшының" тәй басқан қадамын Әуелбектей әдебиет сұңғыласы нығайта түсті.
Жайсаң жан 1905 жылы Қызылорда облысы, Шиелі ауданында жарық дүние есігін ашты. Тағдыр жолында балалар үйінде тәрбиеленді. Өзбекстан астанасында белсенді жастардың қатарынан табылған Қоңыратбаев «Жас Алаш» газетінің шығарылуына да атсалысты. «Құрмет белгісі» орденімен және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасына да иелік етті. Өзі басшылық еткен жылдарда басылым бетінде сын материалдардың көбірек жарық көруіне басымдық берді.
Хош... Тойбазар Елемесов те «Толқынды» толқытқан іскер редакторлардың бірі еді. Оның шығармалары қатарында «Жанқожа», «Аралдағы айқас» атты кітаптар да бар-тұғын. Иә, қаузай берсек, аузы дуалы, қаламы қарымды көптеген қаламгерлердің есімі осы газетте жұлдыздай жарқырады. Нақтырақ тоқталсақ, Әбдіраман Байтаханов, Қалас Сәрсенбаев, Әбсадық Жанзақов, Қуандық Қарабалин, Төлепберген Нұржанов, Жүніс Шәукебаев, Тәжімағанбет Тәжіков, Мәлік Сәрсенов, Сағынжан Ермағанбетовтей аяулыларымыз келместің кемесіне мінсе де, 93 жылдық тарихы бар сарғайған газет тігінділерінде есімдері сақталып қалды.
Қазіргі таңда өзімізге ақылшы болып, көргені мен көңілге түйгенін бөлісетін ағалардың барына шүкірлік етеміз. Нақтырақ тоқталсақ, Еркін Әбілов, Жұматәлі Әбдіраман, Жұмабай Жақып, Шымкентбай Жылмағанбетов сынды үлкендеріміздің көмейі көмбе, кеудесі қазына екенін сеземіз.
Басылым уақытпен үндесіп, тарихпен тілдесе қаншама жас буынды қанаттандырды, қалам ұстауға үйретті. Талай қиын-қыстау замандардың куәсіне айналған «Толқын» Зейнолла Шүкіровтің, Әбдіжәміл Нұрпейісовтің есімдерімен марқайды. Аймақтағы жарқын жобаларды, толымды бастамаларды сүйіншілетіп, жағымды жаңалықтарды бірінші кезекте жұртшылық жадына салды. Бір уақыттарда теңіздің кенезесі кеуіп, аққанат шағала сорға қонғанда қамыға күңіренді. Бертін келе, мемлекеттің сындарлы саясатымен Кіші Арал жобасы жасалған кезде шаттанды, мақтанды. Бейнелі сөзді кестелеп, рухани құндылығымызды тасқа басқан редакция ұжымының өлшеусіз еңбегі қандай мадаққа да лайықты.
Қай кезде де газетке баға беретін халық. Заман ағымына бейімделген журналистика саласында тың серпін бар. Осыдан 10 жылдан астам уақыт бұрын облыс әкімдігінің қолдауымен «Сыр медиа» құрылымы құрылып, берері мол бастама баспасөз саласының екінші тынысын ашты. Аралдықтардың айнымас досына айналған «Толқын» газетінің қалам ұстаған тілшілері мен қоғамдық авторлары үлкен ізденіспен жазды, ойдың кенін қазды. Осылайша медиа орталықта шоқтығы биік редакция ретінде танылды. Жергілікті үркердей ғана шығармашылық топқа қолайлы жағдай жасалып, журналистердің ой-танымын арттыруға бар мүмкіндіктер қарастырылды. Мұның бәрі «Сыр медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры, облыстық мәслихат депутаты, елжанды азамат Аманжол Оңғарбаевтың тыңнан түрен сала білетін іскерлік қабілетінің жемісі еді.
"Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі" деп атап өткен Ахмет Байтұрсыновтың өміршең сөзі әлі күшін жоймағанын, оқырмандарымыздың іздеп жүріп оқитынынан, мекемеге келіп жазылатынынан анық аңғарамыз. Уақыт алға жылжиды. Ғасыр алмасады. Алайда, тарих болып қатталған басылым саналы ұрпақ барда жұртшылық жадында жатталады.
Журналист – мылтықсыз майдандағы жауынгер. Қалам ұшымен қоғам қалыптастырады, күнгей мен көлеңкені ажыратады. Мәселеге майшаммен үңіледі, оқиға десе бірінші кезекте жүгіреді. Оғаш көрініс естісе елеңдеп тұрады. Әділдікті жақтайды. Содан да шығар, халық осы мамандық иелерін төртінші биліктің өкілі деп айдар тағады.
Мемлекет саясатын ақпараттандыратын Арал ауданындағы басты басылым журналистері бүгінде жасарған. Бас редактордың орынбасары Алтынбек Бисенов және тілшілер Күлдәрі Көздібаева, Оңталап Жолдасов, Назерке Бақыран, Айсәуле Нұрланова үнемі ел арасынан табылады. Сондай-ақ маман Райкүл Прманова, сайт маманы Күнзипа Зденова редакция мүддесі үшін ыстыққа күйіп, суыққа тоңып қалтқысыз қызмет қылады. Заман ағымына сай сайт жұмысын жандандыруды да басты назарда ұстаймыз. Бұдан бөлек, редакция жанындағы пошта тасымалдаушы қызметін үйлестіруші қызметкеріміз Күлмараш Ерғазиева газет тасымалдаушылардың жұмысын қадағалап, республикалық, облыстық, аудандық басылымдарды шыққан күннің ертесіне-ақ ойлы оқырманның қолына тигізуге күш салады.
Газет – ел тарихы. Осынау кәсіби мерекемізде өзіміз жайында аз болса да сөз сабақтауды жөн деп таптық. «Өткен күнде белгі бар» демекші, «Толқынның» әр санында ойлы оқырман, өздеріңіздің ыстық ықыластарыңызды көреміз. Рухани қолдаушымыз әрі сенімді серігіміз деп білеміз. Баспасөз күнінде «Толқынды» таңдаған қауымға, тілеулестігін білдіріп, ақжарма тілегін арнаған ағайынға риясыз пейілмен алғыс айтамыз.
Абай ЕЛЕШОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
аудандық «Толқын» газетінің бас редакторы
27 маусым 2023 ж. 257 0