Тоқсан екінші тарих

Иә, құрметті патша көңілді оқырман, барша Арал жұрты «Толқынның» жүріп өткен жолдары сіздердің көз алдыңызда. Әу баста «Екпінді балықшы» деген есімді еншілеген газетке тұңғыш редактор, филология ғылымынң докторы, профессеор Әуелбек Қоңыратбаев қол қойғанының өзі бағыты айқын «Толқынның» қоғамдағы өзіндік орнын аңғартса керек. Аймақтағы қаншама іргелі істердің қарлығашындай болып, жағымды жаңалықты халыққа дер кезінде жеткізе білген аудан айнасы бұқаралық ақпарат құралдары арасында зор беделге ие бола алды. Талай мәрте республикалық конкурстарда үздік атанып, полиграфиялық сайыстарда қаншама рет айы оңынан туды. Бұдан бөлек, «Толқын» газеті редакциясы Қазақстан Журналистер Одағының дипломымен марапатталып, «Таңдаулы аудандық газеттер» номинациясына да иелік етті. Оқырман көңіліне қонымды болған газеттің алар асуы, бағындырар белесі мұнымен бітпек емес. 2014 жылы «Сыр медиа» серіктестігінің қарамағына қосылған газеттің сол жылдардан бастап екінші тынысы ашылып, ұжымға қолайлы жағдай жасалды.
Мемлекет басышысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру» жолы атты стратегиялық Жолдауында: бұқаралық ақпарат құралдары бәсекеге қабілетті және еркін болуы керек. Бұл қағидат кез келген өркениетті ел үшін айрықша маңызды. Отандық ақпарат құралдарының Қазақстанда, өңірде және әлемде болып жатқан үдерістер туралы өз көзқарасы болуы тиіс. Мемлекет ашық ақпараттық кеңістікпен сұранысқа ие әрі пәрменді ақпарат құралдарын құруға айрықша назар аударады. Журналистер өз еліне және азаматтарына шынайы жанашыр болуы тиіс. Бұқаралық ақпарат құралдары бекерден бекер «төртінші билік» деп аталмаса керек Сол себепті, сіздер жұрттың санасы мен сезіміне ықпал ету мәселесіне мұқият қарағандарыңыз жөн. Мен мұны журналистер қауымына арнайы айтып отырмын. Тәуелсіз әрі жауапкершілігі жоғары бұқаралық ақпарат құралдары болмаса, қоғамды одан әрі демократияландыру мүмкін емес екендігіне сенімдімін. Сондықтан мемлекеттің мүддесін, қоғамның сұранысын және ақпараттық медиа саласының даму үрдісін ескере отырып, БАҚ туралы заңды қайта қарау керек, – деді.
Бұл Президент пәрмені. Көзі қарақты, көкірегі ояу ел сезіп, біліп отырғандай. Арал қаласының 95 жылдығы шеңберінде «Толқын» газеті аянып қалған жоқ. Үлкен ізденіспен толымды істерді тақырыпқа арқау етіп, жарқын бастамаларды жеткізуге асықты. Балықшылардың өлшеусіз еңбегін қалам ұшында тізбектеп, Алла аузына сөз салған айтыскерлердің теңіз төскейіндегі толымды тірлікті баяндаған жырларын алға тартты. Жазба ақындардың туған қаламызға өлеңмен ескерткіш тұрғызған сұлу сөздерін тасқа басты.
Бүгінгі таңда сөз басында айтқанымыздай, кешегі «көненің көзі, ескінің сөзі» болып басты бағытынан жаңылмай жеткен «Толқын» аймағымыздың өсіп-өркендеуін, қаламыздың көркеюін әрдайым тарих қатпарына таңбалай бермек. Сіздерді 1 қараша ауданның бас басылымының жарық көрген күнімен құттықтай отырып, барша аралдықтарға, «Толқынды» таңдаған оқырмандарыма амандық, бақыт, абырой тілеймін.
Абай Елешов,
Арал аудандық «Толқын» газетінің бас редакторы