Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Азаматтық және қылмыстық процесте жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша өндірісті қайта бастау рәсімдері

Азаматтық және қылмыстық процесте жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша өндірісті қайта бастау рәсімдері

Заңды күшіне енген сот актілерін жаңадан ашылған немесе жаңа мән-жайлар бойынша қайта қарау жөнінде іс жүргізу жеке институт ретінде азаматтық және қылмыстық іс жүргізуде әділеттілік пен заңдылықтың қосымша кепілі болып табылады.
Себебі, Қазақстан Республикасының Азаматтық және қылмыстық іс жүргізу заңнамалары бұрын қаралған істі дұрыс шешу үшін маңызды мәні бар, туындаған немесе орын алған, алайда олар туралы сот актісі заңды күшіне енгеннен кейін белгілі болған заңды фактілер негізінде күшіне енген сот актілерінің жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қаралу мүмкіндігін қарастырады.
Мәселен, азаматтық процесте шешімдерді, ұйғарымдар мен қаулыларды жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қарау үшін: заңды күшіне енген сот үкімімен, қаулысымен, қылмыстық қудалау функцияларын жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың және лауазымды адамдардың қаулыларымен анықталған куәгердің көрінеу жалған айғақтары, сарапшының көрінеу жалған қорытындысы, көрінеу дұрыс аудармау, заңсыз не негізсіз шешім шығаруға әкеп соққан құжаттардың не заттай дәлелдемелердің жалғандығы, сол сияқты тараптардың, іске қатысатын басқа да адамдардың не олардың өкілдерінің қылмыстық құқық бұзушылығы немесе судьялардың осы істі қарау кезінде жасаған қылмыстық құқық бұзушылығы, сондай-ақ осы сот актісін шығаруға негіз болған сот шешімінің, үкімінің, ұйғарымының немесе қаулысының не өзге де мемлекеттік орган қаулысының күшін жою негіздер болып табылады.
Ал, жаңа мән-жайларға: істі қарау және шешу кезінде преюдициалдық маңызы болған сот актісінің күшін жою; сот актісі шығарылғанда негізге алынған мәмілені жарамсыз деп тану туралы заңды күшіне енген сот шешімі; Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының сот актiсi шығарылған кезде қолданылған заңдарды және өзге де нормативтік құқықтық актілерді конституциялық емес деп тануы; орындалуы туралы сот актісі шығарылған төрелік шешімнің күшін жою жатады.
Осы турасында арыз беруге арналған мерзімнің есептелуі Азаматтық процестік Кодексінің (бұдан әрі-Кодекс) 459-бабымен айқындалады. Сот актісін жаңадан ашылған немесе жаңа мән-жайлар бойынша қайта қарау туралы арызды іске қатысқан тараптар, басқа да адамдар немесе прокурор сот актісін шығарған сотқа қайта қарау үшін негіз болған мән-жайлар белгіленген күннен бастап үш ай ішінде беруге құқылы. Бірінші саты сотына келіп түскен арыз түскен күннен бастап – он бес жұмыс күні ішінде қаралса, апелляциялық және кассациялық сатылардағы соттарға іс тиісті сотқа келіп түскен күннен бастап көрсетілген мерзімде қаралады.
Сот актісін жаңадан ашылған немесе жаңа мән-жайлар бойынша қайта қарау туралы арыздың нысаны мен мазмұны Кодекстің 458-бабында көрсетілген талаптарға сай келуі шарт. Сондай-ақ оған, жаңадан ашылған немесе жаңа мән-жайларды растайтын құжаттардың көшірмелері; арызданушы қайта қарау туралы өтініш жасаған сот актісінің көшірмесі қоса берілуі тиіс. Арыздың нысаны мен мазмұнына қойылатын осы талаптардың сақталмауы істі қайта қарау туралы арызды қайтаруға бірден-бір негіз болып табылатынын айта кеткен жөн.
Осы секілді, Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік Кодексіндегі қылмыстық іс бойынша іс жүргізуді жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта бастау тәртіптері белгіленген 53-тарауында қылмыстық іс бойынша iс жүргiзудi қайта бастаудың негiздерi, жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қаралуға жататын қылмыстық iстер бойынша сот шешiмдерi, іс жүргiзудi қайта бастау мерзiмдерi, соттың іс бойынша жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша іс жүргізуді қозғау туралы өтінішхаттарды қарау тәртібі, сот актілерін жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қарау туралы өтінішхатты қарау қорытындысы бойынша шығарылатын сот қаулысы, сот қаулысын қайта қарау және сот шешiмдерiнiң күшi жойылғаннан кейiн iс жүргiзу тәртіптері көзделген.
Көріп отырғанымыздай, заңды күшіне енген сот актілерінің жаңадан ашылған немесе жаңа мән-жайлар бойынша қайта қаралуы, іске қатысты қандайда бір мән-жайлардың, дәлелдемелердің толық зерттелуін, азаматтардың, ұйымдардың конституциялық құқықтарының толық сақталуын, сондай-ақ дәлелдемелердің тиісті сот сатысында зерттелуін көздейді.
Г. НҰРЫМБЕТОВА,
Арал аудандық сотының судьясы

30 маусым 2023 ж. 333 0