Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Тынығу аумағындағы қызу тіршілік

Тынығу аумағындағы қызу тіршілік

Шуақты мезгіл шырай беріп, шартарапқа шаттық сыйлағалы аз уақыт болмады. Жайдары жаз келісімен жадыраған күннің көзіндегі тіршілік барынша қыза түседі. Әсіресе көпшілік үшін демалыс маусымы саналатын шуақты күндерде әркім есте қалатындай демалыс пен барынша жағдай жасалған тынығу аймағын іздейтіні жасырын емес.
Бүгінде туризмнің дамыған уақытында бұл үрдіс жылдан жылға қарқынды дамып, әр бағытқа бет алатындар күн санап артып келеді. Тур компанияларды жағалап, таптырмас мекен іздейтіндер үшін қазіргі уақытта шетелге шығу да аса қиындық тудырмайды. Тек қаражатың болса болғаны. Бірақ шетелге сапар шеккендердің шашылған шығыны өзге елдің қоржынын толтырып отырғанын да айтуымыз керек. Ал мұндай жағдайды болдырмау үшін бірінші кезекте өз жерімізде бәсекеге қабілетті жағажайлар мен демалыс орындарын дамыту міндеті тұр. Бұл жайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Үкімет және Парламент туризмді дамыту мәселесіне баса назар аударуға тиіс. Еліміздегі туризмнің әлеуеті зор, көрікті жерлеріміз өте көп. Бірақ сол жерлерге барып, демалуға әлі де жұрттың қолы жете бермейді. Бұл салаға тың серпін беру үшін, ең алдымен, инфрақұрылым мәселесін кешенді түрде шешіп, қызмет сапасын түбегейлі жақсарту қажет» деп жиі айтып келеді. Расында талап пен талғамға сай ортадан кім бас тартсын. Расында елдегі туризмнің дамуы экономикамыздан бөлек, шетелдіктердің көзқарасы мен қызығушылығын оятары даусыз.
Арал ауданы да бүгінгі таңда осы бағыттағы жұмыстарды жүйелі жүргізуді көздеп, қолда бар мүмкіндікті оңтайландыруға ден қойған. Қазірде көпшілікке танымал Қамбаш көлі тек жергілікті жұртшылықтың ғана емес, еліміздің жақын аймақтарынан да тынығушылар келетін орынға айналып үлгерді. Шомылу маусымы басталғалы мұндағы жиналған халықтың қарасы көп. Олардың бағасы да көңіл толтырады. Ақтөбе облысынан келген С.Есендіков:
– Жазғы еңбек демалысына шыққан соң отбасымызбен қыдырып, тынығып қайтуды көп жылдан бері дәстүрге айналдырдық. Бұл біріншіден, жыл бойғы тіршіліктен алыстап, жұмыстан шаршаған адамға жан-жақты тынығуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ қыркүйектен бастап жаз шыққанша сабақта болған балаларымның да жазғы демалысын есте қаларлықтай етіп өткізуге мүмкіндік сыйлайды, – деген Қамбаш көлінің қонағы:
– Соңғы жылдары жаз шықса ат басын Аралға бұратын болдық. Мұнда тынығу қолайлы. Жағдай да жасалған. Мүмкіндігінше ұзағырақ қалуға тырысамыз. Балаларым да елге оралған соң Қамбаштың қызығын ұзаққа дейін қайталап айтып жүреді. Жазды асыға күтетін болды, – деп күліп алды.
Әлбетте қызмет сапасы жоғары жерден тұтынушылар да толастамайтыны анық. Қамбаш тынығу орнындағы жұмыс та өте жоғарғы деңгейде ұйымдастырылған. Ол жайында аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің жетекші маманы Данияр Қаржаубаев:
– Бүгінгі таңда Қамбаш аймағында 26 кәсіпкер келушілерге тынымсыз қызмет жасап жатыр. Көл жағасы үйлер, шатырлар сияқты 104 тынығу орындарымен қамтылған. Мұнда демалушылардың сұранысына сай барлық мүмкіндіктер қарастырылады. Жарық, су қажеттілігінен ешқандай қиындық жоқ. Инфрақұрылыммен жабдықтау жағы әлі де болса дамытылады. Нақтырақ айтар болсақ, көлге дейінгі автожол салу және 100 көлікке арналған автотұрақ ашу жұмыстары бойынша облысқа ұсыныс беріліп, жобасы жасалып, оң шешімін алып қойдық. Осы жұмыс толықтай жүзеге асқанда мұнда келушілердің қатары тіпті еселеп артатын болады деп сеніммен айта аламын, – деді.
Сондай-ақ жазғы маусымда ең басты міндеттердің бірі – адам қауіпсіздігі. Мұнда келген әр тынығушының қауіпсіздігі тұрақты түрде бақылауда ұсталып келеді. Бүгінгі таңда мұнда 10 адамнан тұратын арнайы құтқару тобы осы мәселені кірпік қақпай күзетуде. Бұл мамандар кәсіпкерлердің арнайы оқытуымен қауіпсіздік шараларын жетік меңгерген.
Міне, жаз бойы су жағасындағы жанданған тіршіліктің нәтижесі ауданның дамуына айтарлықтай үлес қосып келеді. Жылына 90 мыңдай тынығушыны қабылдайтын Қамбаш көлі алдағы уақытта мұнан да ажарлана түсері анық. Ал ол аудандағы туризм дамуының нақты көрінісі болмақ.
Оңталап ЖОЛДАСОВ
01 шілде 2023 ж. 304 0