Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Рановтың еңбегін ел біледі

Рановтың еңбегін ел біледі

«Аралдағы Ранов» деген екі сөз мыңдаған сырқаттың бойына үміт отын жағып, сынған сынығы қисық бітіп жүре алмай қор болып қалғандар Арал қаласына ағылды. Досхана ағамыз Арал мен Қазалы ауданының сүйікті дәрігеріне айналды, аңыз адамға айналған оған еліміздің басқа өңірлерінен де келіп құлан-таза жазылып жатты. Қазалы ауданындағы Бекарыстан би ауылының бойжетіп қалған «Р» есімді қызы бір аяғы 9 см қысқа болып туылған болатын, Илизаров аппаратын қолданудың шебері атанған Д.Ранов қыздың аяғын екінші аяғымен бірдей қылып ұзартып, үш айдан кейін травматология бөлімінен екі аяғын тең бастырып шығарған болатын. Тарлан тұлғалы травматолог Рановтың есімі республикадан да тыс жерлерге белгілі болды. 2006 жылы сол кездегі Самара-Ташкент, қазіргі Батыс Қытай-Батыс Еуропа тас жолындағы автокөлік аударылып, Арал аудандық ауруханаға Тәжікстанның Ленинабад облысының футбол командасының бас жаттықтырушысы басынан ауыр жарақат алып, ауыр күйде жеткізілді. Д.Ранов бас сүйегі майдаланып сынып кіріп кеткендіктен, дереу ота жасау керек деп шешіп, Аcылхан Нұрқожаев екеуі бас сүйегін ашып, ұйып қалған қан мен сүйекті алып, аман алып қалды, екі аптадан соң аяғымен ауруханадан шықты. Еліне барған соң білікті профессорларға көрінгенде бәрі де таң қалып, «шалғай ауданда адам басына осындай күрделі отаны қалай жасап жүр» деген сөзін ризашылықпен жазған алғысқа толы хатын алды.
Досхана Мұңайтпасұлы Ранов 1943 жылдың 15 қазанында Арал ауданының Мергенсай ауылдық кеңесінде дүниеге келді. 1959 жылы орта мектепті бітірісімен, Қызылорда қаласындағы медициналық училищеге оқуға түсіп, 1962 жылы үздік бітірген соң Ақтөбе қаласындағы медициналық институтқа түседі. Осы мединституттың соңғы курсында Орал қаласындағы облыстық ауруханада тәжірибеден өтіп жүргенде, Орал пединститутының соңғы курс студенті Рая Хамзинамен танысып үйленеді. Дүниеге Изатулла, Ботакөз, Әділет, Сәуле, Әділжан есімді ұл-қыздары келді, барлығы да жоғары оқу орнын бітірген мамандар, қазір әр салады қызмет істеуде. Рая Наушақызы № 14 мектепте мұғалімдік қызмет істеп, зейнетке шықты.
1968 жылы мединститутты үздік бітірген Д.Ранов Қызылорда қаласындағы облыстық аурухананың реанимация бөліміне дәрігер болып қызметке тұрды, ағамыздың облыстағы алғашқы анестезиологтардың бірі болғаның қазір екінің бірі біле бермейді. Жалпы Досхана ағаның жарты ғасырға жуық қызметінде көп жағдайда алғашқы болуы біліктілігін көрсетіп тұр. Ол кезде жоғары білімді дәрігерлердің басым бөлігі басқа ұлттың өкілдері болды. Сондықтан Досхана ағамыз облыстық ауруханаға қызметке тұрғанына сол кездегі аурухананың бас дәрігері, медицина ғылымының докторы Ш.Абдуллаев, бас хирург К.Құлсартов, реанимация бөлімінің меңгерушісі К.Жақыпов ерекше қуанып, жас маманға бар білгенін үйретуге тырысты, зерек Ранов ұстаздарының үмітін ақтады, сондықтан олар Москва мен Алматыға білімі мен тәжірибесін жетілдіру курстарына қайта-қайта жіберіп отырды. Осылайша білікті маманға айналып, ел аузына іліне бастағанда, Аралдағы әкесі Мұңайтпастан «елге келіп, халқыңа қызмет ет» деген сөзін түсінді, әкесі Мұңайтпас совет-герман соғысына қатысып, бір аяғын қанды майдан даласына беріп келген соғыс мүгедегі еді, баласының қасында болғанын қалады.
Осылайша, 1971 жылы Д.Ранов Арал қаласындағы аудандық аурухананың хирургия бөліміне травматолог дәрігер болып қызметке келді. Арада екі жыл ғана өтсе де, білікті дәрігер ретінде елге таныла бастаған отыздағы Д.Рановқа сол кездегі Арал балық комбинатының директоры Құдайберген Саржанов мынадай өтініш жасады: «Комбинаттағы балық өндеушілерінің 25 пайызы күнделікті жарақат алуына байланысты жұмысқа шыға алмай қалады, балық тікені қолға кіргесін іріңдеп қарайып, күбірткеге ұласып кетуде. Осының алдын алуға бола ма?». Халық дегенде ішкен асын жерге қоятын Досхана ағамыз обаға қарсы күрес станциясынан тышқандарды алып, өзінің ауласындағы сарайды зертханаға айналдырды, алдымен тышқандарға күбіртке микробын жұқтырып, оны емдеу жолдарын іздей бастады. Ақыры «Клей-БФ» деп атаған дәріні кілегей-пленка түрінде жасап шығарды, балық өңдеу алдында қолына қолғап ретінде киіп алғандықтан жұмысшылар арасындағы жарақат азайды, жарақат алғанмен де кілегей қабатындағы дәрі әсерінен іріңдемейтін болды. Арнайы зертханада емес, үй жағдайында, яғни «кустарлық» жағдайда балық өңдеуде жарақаттан сақтайтын пленка түрінде дәрі ойлап табуы әлемде теңдесі жоқ жаңалық еді. Осы еңбегі 1975 жылы Ленинград қаласында жарық көрген орыс ғалымдары М.Лыткин мен И.Досачевтің «Панариций» (күбіртке) деген кітабының 16- бетінде жарияланып, жоғары бағаланды. 1975 жылы облыста алғашқылардың бірі болып І дәрежелі травматолог-дәрігер дәрежесін қорғап алды. Сосын өзінің ашқан жаңалығын одан әрі жетілдіріп «Балықшылар арасындағы жарақаттану және оның алдын алу» деген диссертациясын 1976 жылдың 7 шілдесінде Алматы медицина институтының үлкен залында алдын ала қорғауға талаптанды. Диссертациясына профессорлар А.Пальчев пен А.Сегізбаев жетекшілік етсе, кейін академик болған С.Ормантаев опоненті болды, диссертациясын алдын ала сәтті қорғағасын, Москвадағы Жоғары аттестациялық комиссиясына жолданды, алайда ол кезде «домалақ арыздың» дәуірі жүріп тұрған кез еді. Москваға өзінен бұрын осындай арыздар барып бөгет жасады. Осылайша Досхана ағамыздың ғылымға барар жолы жабылды. Оған мойымаған Мұңайтпастың балуан денелі баласы Досхана өзінің мамандығын жетілдіре берді. Н.Сызғанов атындағы институтта академик М.Ә.Әлиев төраға болған комиссия алдында жоғары дәрежелі травматолог-ортопед мамандығын сәтті қорғап алды. Облыс бойынша аудандардың ішінде алғашқы болып, 1982 жылы Арал аудандық ауруханасында 40 төсектік травматология бөлімін ашуға өзінің біліктілігі арқасында қол жеткізді. Оның басты себебі басқа аудандарға қарағанда, Сексеуіл станциясынан ары қарай авто және мото көлікпен киік қуған жастар жиі мертігіп түсетін. Талай рет ауыр жағдайда түскен науқастарға отаны ізіне ерген әріптес інілерімен бірге жасағандықтан Балтабек Кемалов, Асылхан Нұрқожаев, Ғабит Нұрғалиев, қазіргі кездегі хирургия бөлім меңгерушісі Әмірхан Жүсіпов пен травматология бөлім меңгерушісі Тұрғанбек Ерсейітов ұстазы Досхан ағасындай білікті дәрігерлер халықтың алғысын арқалап жүрген ақ халатты абзал жандар.
Досхана дәрігер ретінде өмір бойы ізденісте болып, мамандығының шыңына шыққан жан. Курган қаласындағы дүние жүзіне белгілі травматолог-ортопед, лениндік сыйлық иегері, Социалистік Еңбек Ері Г.А.Илизаровтың өзінен 1990 жылы дәріс алып қайтқан соң, Арал аудандық травматология бөлімшесінде сол кездегі озық емдеу тәсілдері Иллизаров тәсілімен компрессиялық-дистракциялық остеосинтез тәсілі, бас сүйек трепанациясы,остеосинтездің бірнеше түрлері жасалып, елдегі озық емдеу мекемелерінің бірі болды. Қазіргі уақытта журналистер кей дәрігерлер туралы жазғанда 10-11-12 мың адамға ота жасаған деп көрсетіп жатады. Әріптес інілерінен сұрағанымда Досхана ағамыз ешуақытта ондай есеп жүргізбегенін, атақты дәрігер болса да қарапайымдылығымен өздеріне үлгі болып қалғанын айтты. Абзал жан, асыл ағамыз Досхана 2014 жылдың 9 тамызында дүниеден өткен болатын.
Халыққа жарты ғасыр бойы адал қызметі үшін бір марапат та алмағанын білгенімде, есіме Арал ауданы мен қазақ журналистикасының абыз ақсақалы атанған 95 жастағы Шәкірат Дәрмағамбетовтің Ранов туралы жазған мына мақала жолдары есіме түсті: «Нағашылы-жиенді болғасын, өзгелерде бар КСРО, ҚР-нің медицина үздігі төсбелгісін одан көрмегесін: – жиен-ау, омырауына ештеңе тағылмапты ғой» –деп әзілдегенде, тау тұлғалы Досхана ағамыз: «Алғыстан артық марапат жоқ» деген екен.
Бұл мақаланы жазудағы басты мақсатым марқұм ағамыз 2023 жылдың 15 қазанында 80 жасқа келер еді, осы мерейлі жасына орай кезінде еңбегі еленбеген Досхана Рановқа "Арал ауданының құрметті азаматы" атағы берілсе деймін.
Бақытжан Абдул-Түменбай,
Арал мен Қазалы өлке тарихын зерттеуші,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
04 шілде 2023 ж. 409 0