Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Донорлық – көп өмірді құтқаратын ерікті, ізгі іс

Донорлық – көп өмірді құтқаратын ерікті, ізгі іс

Әлемнің әрбір үшінші тұрғыны өмірінде кем дегенде бір рет қан құйдыруға мәжбүр болады екен. Донорлық қанға мұқтаж адамға өз қанын ерікті түрде беру, адам өмірін сақтап қалатын қайырымды, ізгі іс. Қан тапсыру арқылы сіз кез келген адамға ең құнды сыйлық – өмір сыйлауға мүмкіндік аласыз. Бір немесе бірнеше адамның өмірін сақтап қала аласыз.
Сіз тарту еткен қан күрделі хирургиялық ота кезінде,ауыр жарақат алған жағдайларда, оның ішінде көп қан жоғалту, ауыр дәрежедегі күйік шалған сәттерде және онкологиялық ауруларға,кейбір қан ауруларында(лейкоз,гемофилия және т.б.) өте қажет болуы мүмкін.
Қан тапсыруға: 18жастан асқан,әрі салмағы 50келіден жоғары болатын дені сау, бұрын қандай да бір жұқпалы аурулармен ауырмаған Қазақстан азаматы қан доноры бола алады. Оның қан құрамындағы гемоглобин мөлшері 120 г/л-ден төмен болмауы керек.
Ғылым-білім қаншалықты қарыштап дамыса да, адам қанын алмастыратын дәрілік препарат әлі табылған жоқ. Қан доноры болу – ерікті шара. Халықаралық зерттеулерге сүйенсек, бір рет қан тапсыру арқылы адамдар орта есеппен үш адамға көмек көрсетеді. Көпжылдық зерттеулердің нәтижесінде 450 мл мөлшердегі қан беру адам денсаулығына ешқандай зиянсыз. Қан тапсыру донор денсаулығына және иммундық жүйесіне еш зиян келтірмейді, керісінше қанның жаңа жасушалары пайда болып, зат алмасу процесі күшейеді. Дені сау адам жылына кемінде екі рет қан тапсыра алады.
Донорлыққа тіркелу кезінде жеке куәлік міндетті түрде болуы керек.
Қан тапсыратын күні дұрыс тамақтанып, жеңіл таңғы ас (тәтті шай, нана, көкөніс, жемістер) жеп, майлы, қуырылған, ащы, кептірілген тағамдардан бас тартып, жұмыртқа, сүт тағамдарын пайдаланып, сұйықты көп мөлшерде ішкеніңіз дұрыс.
Қан тапсырар алдында 48 сағат бұрын алкогольдік ішімдіктен бас тартыңыз. Қан тапсыру үшін бір реттік стерильді бұйымдар қолданылады. Сондықтан донор инфекциядан толығымен қорғалады. Әрбір донор адам өмірін арашалап қалу үшін қанын бере отырып, өз қанының қауіпсіз екендігіне және науқастың ағзасына тиімді болатын есте сақтауы қажет.
Әлемдегі ең танымал қан доноры өмірінің соңына дейін 624 рет, барлығы 500 литр қан тапсырған. Медициналық қажеттіліктерді өтеуде 1000 тұрғынға кемінде 40 донор болуы керек. Әлем халқының 10-15% қан доноры бола алады, бірақ іс жүзінде қан тапсыратын адамдар он есе аз.Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша, үнемі қан тапсыратын адамдар басқаларға қарағанда 5-7 жылға ұзақ өмір сүреді. Белсенді донорлар жүрек-қан тамырлары ауруларынан аз зардап шегеді және жазатайым оқиғалар кезінде қанды аз жоғалтады. Ересек адамның денесінде қан массасы 6-8%, ал баланың денесінде 8-9% құрайды. Ересек ер адамның орташа қан мөлшері – 5-6 литр. Қан доноры – өз қанын өзгеге ұсына отырып, өлім аузында жатқан адамға өмір сыйлайтын жан. Дегенмен екінің бірі қан доноры болуға келісе қоймайды. Оған қорқыныш, сенімсіздік және денсаулық жағдайы себеп болуы мүмкін.
Донорлық қан көптеген адамның өмірін аман алып қала алады. Мысалы, босану кезінде туындаған қан кету жағдайында, қан аздықтың ауыр түріне шалдыққан балаларға, жазатайым оқиға кезінде зардап шеккендерге және онкология мен хирургия бөлімдерінің емделушілеріне қан құйылады.
Қан тапсыру арқылы сіз кез келген адамға ең құнды сыйлық – өмірді сыйлауға мүмкіндік аласыз. Бір немесе бірнеше өмірді сақтап қала аласыз. Біздің облыста қан тапсыру облыстық қан орталығында жүргізіледі. Облыстық қан орталығы облыстық медицина орталығының ғимаратында орналасқан. Адамдарды донор болуға мәжбүрлеуге болмайды, бұл бүкіл әлемде ерікті түрде жүргізіледі. Көптеген елдерде азаматтық жауапкершіліктің деңгейі сол, адамдар өз отандастарына көмектесуді өздерінің азаматтық борышымыз деп есептейді. Ал біздерге неге солай жасамасқа.Сондықтан сіздерді ерікті донор болуға, әсіресе жастарды, денсаулықққа бірегей үлес қосып, басқаның өмірін сақтап қалуға, ұзартуға шақырамыз. Барлық донорларға адам өмірін, адамгершілік пен жомарттықты сақтауға, адамдарға өмір үмітін сыйлауға дайын болғандарыңыз үшін алғыс айтамыз.
Серік СЕРАЛИЕВ,
«Аралаудандық көп бейінді орталық ауруханасы»
ШЖҚ КМКтрансфузиолог-дәрігері
05 шілде 2023 ж. 250 0