Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қорғау нұсқамасын бұзғандарға жаза қатаңдатылды

Қорғау нұсқамасын бұзғандарға жаза қатаңдатылды

Қазақстан Республикасының «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» Заңына сәйкес, қорғау нұсқамасы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жеке профилактикасы шараларының бірі болып табылады және оны бұзу Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде (бұдан әрі - ӘҚБтК) белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.
Қорғау нұсқамасы тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған адамның құқықтық санасына және мінез-құлқына жүйелі түрде мақсатты ықпал ету үшін, оның тарапынан жаңа құқық бұзушылықтар жасалуының алдын алу және жәбірленушінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуді көздейді.
«Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының 2023 жылғы 20 сәуірдегі № 227-Заңымен қорғау нұсқамасын бұзғандарға жауапкершілік белгілейтін ӘҚБтК-нің 461-бабына өзгерістер еніп, 1 шілде 2023 жылдан бастап қолданысқа енгізілді.
Бұған дейін ішкі істер органы шығарған қорғау нұсқамасын бұзу - ескерту жасауға не бес тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алуға әкеп соқса, бүгінде он тәулікке әкімшілік қамаққа алуға алып келеді.
Өзгерістер қолданысқа енгеннен кейін Арал аудандық сотында ҚР ӘҚБтК-нің 461-бабының 1-бөлігімен, яғни қорғау нұсқамасын бұзған азамат А-ға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қаралды.
Сот талқылауы барысында анықталғандай, Қазақстан Республикасының «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» Заңының 20-бабына сәйкес, полиция қызметкерімен құқық бұзушыға қатысты қорғау нұсқамасы толтырылып, ол бойынша құқық бұзушыға жәбірленушінің денсаулығына зиян келтіретін немесе психикалық залал келтіретін әрекеттер жасауға тыйым салынған.
Алайда, азамат А. тұрғылықты мекен жайына алкогольдік ішімдігін ішіп келіп, жанұя шырқын бұзып, қорғау нұсқамасының талаптарын бұзған.
Сот қаулысымен А. ӘҚБтК-нің 461-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, 10 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алу жазасы тағайындалды.
Айта кету керек, 2022 жылы аудандық сотта қорғау нұсқамасын бұзған тұлғаларға қатысты 22 әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қаралса, биыл жыл басынан бері 8 әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қаралып, әкімшілік жауаптылық түрлері белгіленген.


Арал аудандық сотының баспасөз қызметі
17 шілде 2023 ж. 245 0