Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қорғау нұсқамасын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды

Қорғау нұсқамасын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды

Қазақстан Республикасының «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» Заңына сәйкес, қорғау нұсқамасы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жеке профилактикасы шараларының бірі болып табылады және оны бұзу Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде (бұдан әрі - ӘҚБтК) белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.
Арал аудандық сотында ҚР ӘҚБтК-нің 461-бабымен, қорғау нұсқамасын бұзған азамат Ж-ға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қаралды.
Сот талқылауы барысында анықталғандай, Қазақстан Республикасының «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» Заңының 20-бабына сәйкес, полиция қызметкерімен құқық бұзушыға қатысты қорғау нұсқамасы толтырылып, ол бойынша құқық бұзушыға жәбірленушінің денсаулығына зиян келтіретін немесе психикалық залал келтіретін әрекеттер жасауға тыйым салынған.
Алайда, азамат Ж. алкогольдік ішімдік ішкен масаң күйінде отбасы тұрмыстық қатынастағы адамдарға сыйламаушылық білдіріп, былапыт сөздер айтып, олардың тыныштығын бұзып, қорғау нұсқамасының талаптарын бұзған.
Сот қаулысымен Ж. ӘҚБтК-нің 461-бабымен кінәлі деп танылып, оған ескерту түріндегі жаза қолданылды.
Айта кету керек, 2022 жылы аудандық сотта қорғау нұсқамасын бұзған тұлғаларға қатысты 22 әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қаралып, әкімшілік жауаптылық түрлері белгіленген.


Арал аудандық сотының баспасөз қызметі


12 қаңтар 2023 ж. 334 0