Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Тарихи қаладағы танымдық сапар

Тарихи қаладағы танымдық сапар

Арал ауданының құрылғанына 95 жыл толуына орай Арал аудандық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен аралдық бір топ ардагерлер қасиетті, киелі мекен – Түркістанға барып қайтты.
Таң ертемен аудандық орталық алаңға жиналған ардагерлер, уақытында жиналды. Иықтарына асып алған қол сөмкелерінің ауырлығына қарамастан,барлығының жүзінен қуаныштың лебі еседі. Оған себеп, аудан әкімінің қолдауымен, аудандық ардагерлер кеңесі мен қалалық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен аудан экономикасының өсіп-өркендеуі мен дамуына үлес қосып келе жатқан елу ардагерді қасиетті Түркістан қаласындағы киелі орындарға зиярат етуге, жаңа облыс орталығы Түркістан қаласымен таныстыруға алып бару. Жиналғандарды аудандық мәслихат хатшысы Базарбай Төрахметов пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әділбек Әйімбетов алаңда қарсы алып, биылғы жылы ардагерлердің әлеуметтік-мәдени, тұрмыстық жағдайын жақсарту жолдарын қарастырып, аудандық бюджеттен бөлінген қаржыға Түркістан қаласына сапарлау жоспарда бар екендігін атап өтті. Сапар алдында сөз сөйлеген Ә.Әйімбетов:
– Үлкенді сыйлау, құрметтеу – біздің ата дәстүріміз.Біздің тәуелсіздігіміздің негізін адал еңбекпен қалаған сіздерсіздер. Бұл жөнінде Президентіміз Қ.К.Тоқаев ұдайы айтып келеді, – деп аға буын өкілдеріне сәт сапар, ақ тілегін жеткізіп, жиналғандарға ауданның бүгінгі экономикалық дамуы, әлеуметтік мәселелердің шешілуі жөнінде қысқаша баяндап берді.
Жайлы «Икарус» автобусына таңғы сағат 7.00-де жайғасқан ардагерлер бірден шүйіркелесіп кетті. «Қарттарымыз – қазынамыз дейтін халықпыз, барлығы да ауданның тұрғындары болғанымен, түрлі салада мамандықтары бойынша абыройлы қызмет етіп, елге танылған жандар.
Жолбасшымыз қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әділхан Танымбетов сапарымызды облыстағы Қорқыт ата мемориалдық кешенінен бастайтынымызды алға тартты. Әділхан көп жылдан бері Сазды ауылдық округінің әкімі қызметін абыройлы атқарып, зейнетке шықса да бойынан қуаты тасып тұрғанардагер.
Менің есіме сонау өткен ғасырдың 30 жылдардағы ашаршылық кезеңіндегі Ақтөбе облыстық мемлекеттік архив құжаттарындағыауданға келген өкіл Нұрсейітовтің 1933 жылы Ақтөбе облысына қарасты Арал ауданына келген кездегі «Ұзақбай ауылдық кеңесінің төрағасы болып Төлеген Танымбетов көптен қызмет істеп келеді» деген жолдар түсті. Қиын кезеңде ел бірлігі жолында қызмет істеп,маңдай терімен еңбек етіп, халықты басқарған сол кісілердің ұрпағы шығар деп топшылап, кейін таныса келе айтылған кейіпкердің баласы екенін білдім. «Ата көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» дегендей,зейнетке шығып алып, «бейнеттің зейнетін берсін» деп жатып алатын топтың қатарынан емес сияқты.Күннің ыстығына қарамастан арагідік ақсақалдармен әзілдесіп, жол бойындағы Сапақ, Аралқұм, Аманөткел, Қосжар, Қамбаш, Бекбауыл, тағы басқа елді мекенде тұратын ардагерлермен хабарласып, көлікке мінгізіп келе жатыр. Сөз арасында «Біз аудандағы бірде-бір ардагердіңесептен тыс қалмауын қатаң бақылаймыз.Халқымыз ертеден-ақ үлкенге құрмет көрсетуді өсиет еткендей, ұрпақтар арасында сабақтастыққа, үйлесімге ерекше мән береміз» деп жаңа қызметтегі ойларымен де бөлісіп келеді. Әні-міне дегенше әңгіменің қызығымен:
Жыраудың үлкен пірі Қорқыт ата,
Бата алған тәмам бақсы асқан ата.
Таң қалып жұрттың бәрі тұрады екен,
Қобыз алып Қорқыт ата күй тартқанда,– деп жырлағандай, Қорқыт баба мемориалдық кесенесіне жеткенімізді де білмей қалдық.
Сыр бойы – сыр тұнған тарихи орындар мен ескерткіштерге бай өлке. Солардың ішінде түркі дүниесіне ортақ тұлға, ойшыл данагөй, абыз Қорқыт бабаның мемориалдық кешенінің орны бөлек.Қорқыт тарихи дәуірлерде Сырдария бойын мекен еткен оғыз-қыпшақ тайпаларының ортасынан шыққан ақылшы, батагөй, ақын, болашақты болжайтын сәуегей кісі болған, деп айтылады.
Бұл кешеннің негізгі құрылысына 1980 жылы Қармақшы аудандық орталық партия комитетінің бірінші хатшысы болған жерлесіміз Елеу Көшербаев ықпал жасаған екен. Сол бір кезден бері де біршама жаңарту, жаңғырту жұмыстары жүргізілген. 1997 жылы ескерткішті қалпына келтіру, қайта жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ¬амфитеатр, қылует, қошқар мүсінінен тұратын тұтас сәулеттік ансамбль жасалған. Ал 2000 жылы кешен жанынан Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің ¬филиалы ретінде Қорқыт ата музейі ашылды.Музей қорында Қорқыт ата туралы материалдармен қамтамасыз етілген 2500-ге жуық экспонат сақталған. Бірақ оның тек 700-і ғана келушілердің назарына ұсынылған. Онда Қорқыт ата өмір сүрген дәуірдің тарихы мен мәдениеті жайлы ауқымды мәлімет қоры бар.
Ерекше сәулетімен алыстан мен мұндалап тұратын баба кесенесі рухани дүниенің есігі іспетті. Қобыздың үні сарнаған Қорқыт ата кесенесі адамзатқа күйбең тірліктің шеңберінен шығуды, әрбір сәттің құнды екенін бағалай білуді еске салып тұрғандай. Оның мәңгілік өмір дегені де қайталанбас уақытты қадірлеп, келешекке өнер, руханият арқылы өшпес із қалдыру болса керек-ті.
Қорқыт ата мемориалдық кешенінің тарихи сызбасы керемет жасалған. Кешеннің сызбасын еліміздің еңбек сіңірген сәулетшісі Бек Ибраев сызған көрінеді. Негізінен жоғарыдан қарағанда кешен Қорқыт атаның қобызын бейнелейді екен. Мәселен, кешеннің мұражайы мен әкімшілік ғимараты қобыздың екі құлағы болса, ал қошқардың мүсіні қыл қобыздың тиегі. Сәйкесінше, баспалдақтардың қылдан жасалған ішегін бейнелейді. Қорқыт ата мемориалдық кешеніндегі амфитеатр қобыздың шанағы ретінде бейнеленген. Бұл амфитеатрдағы адамның сыйымдылығы 2000 орынға жуық. Айта кету керек, дәл осы жерде еліміздің ұйымдастыруымен 4 жыл сайын «Қорқыт баба» және «Ұлы дала сазы» атты түркі халықтарының халықаралық фестивалі өтеді. Кезінде жерлесіміз жырау,қобызшы Рысбек Әшімов осы фестивальге қатысып, жүлделі орын иеленіп,аудан мәдениетінің мәртебесін бір көтеріп тастаған еді. «Батыс Еуропа –Батыс Қытай»тас жолында орналасқан кешен қазіргі заманға сай туристік кластерді дамытуға сұранып тұрғандай. Мемориалдық кешенді аралаған ардагерлер ашық аспан астындағы амфитеатрды көріп, музейді аралап, жолға жиналдық.
Орындарына жайғасқан ардагерлер «Жер қадірін ел біледі, ер қадірін ел біледі» деген Қорқыт бабаның нақыл сөздерінен өз ұрпағына адамгершілік пен адалдық қасиеттерді ұғындыру басты парыз екендігін сөзге тиек етіп келе жатты.
Түскі астарын жолаушылардың көп аялдайтын орны «Оазис» кафесінен ауқаттанып, «Арыстанбаб, қайдасың?»деп жолға шығып кеттік. Жол бойы облыстың Шиелі, Жаңақорған аудандарының табиғатына тамсанып қарап келеміз. Екі ауданның территориясында ағып жатқан Сырдария өзені мен каналдардағы судың деңгейі жоғары, көңіл қуантады. Дегенмен, Арал теңізіне ағып келіп жатқан су деңгейін ойласаң, көңілің құлазиды. Келешекте «су алтыннан да қымбат болады» деген болжамды оқыған сайын, келешегіміз не болар екен деген ойға қаласың.Жолбасшымыз Әділхан Арыстанбабқа түнейтінімізді айтып, Түркістанға ертең жететінімізді ескертті. Халық арасында «Арыстанбабқа түне, Қожа Ахметтен тіле» деген сөз бар.
Түс қайта облыс мәртебесін алған Түркістан шаһарына кіріп, Отырар ауданына кіретін екі жолдың біреуін таңдауымызға тура келді. Біз таңдаған жол қаланың ескі бөлігімен өтетіндіктен, үйлерді жаңарту жүргізіле бастаған, тар көшелерді бойлай отырып Отырар ауданына баратын жолға түстік. Жол бойы канал қазу,жол жөндеу, тас төсеу сияқты құрылыс жұмыстарын көріп, тіршілік нышаны бар екендігі байқалады, шамасы Арыс–Шәуілдір каналының жөндеу жұмыстары болса керек. Екі сағат мұғдарында жол жүріп, күн ұясына қонбай тұрып Шәуілдірдегі Арыстанбабқа жеттік. Алдынала дайындалып қойған қонақүйге орналаса сала жуынып-шайынып, Арыстанбаб кесенесіне қарай беттедік...
Аңыз бойынша, Алланың елшісі Мұхаммед(с.ғ.с.) 63 жасында дүниеден өтіпті. Аңыздар бойынша дүние саларында «кім менің аманатымды алып, ісімді әрі жалғар екен?» деген өтінішіне Арыстанбаб жауап берген екен дейді. Сол заманда 30 дінді біліп, тек мұсылман дініне ден қойған адам болған. Бабтың келісімін алған Мұхаммед(с.ғ.с.) Алланың қалауымен аманатын осы кісіге береді. Содан көп жыл өткен соң иен далада келе жатқан Арыстанбабқа жеті жасар бала: «Ата, аманатымды беріңіз» дейді Сол бала Қожа Ахмет Иассауи екен. Ата-бабаларымыздың айтып отыратын әңгімесінен шығатын түйін Қожа Ахмет Мұхаммед(с.ғ.с.)ісін жалғастырушы болса, Арыстанбаб – оларды байланыстырушы деген ұғым ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатыр. Тарихта бұл аңыздың жыр қып айтатын бірнеше нұсқасы бар. Мысалға, көбінесе Арыстанбабтың жеті жерде жайы бары туралы айтылып келе жатыр. Арыстанбаб өмірден өткенде оның мәйітін жер-жерден жиналғандар өз елдеріне алып кетпекке талас жүргізіп, бір мәмілеге келе алмағанда Құдайдың құдіретімен мәйіт жеті бірдей мүрдеге айналыпты. Міне, сол жеті мүрде Мекке-Мәдинада бір мазары, Израильдің Тель-Авив қаласында бір,Қырғызстанның Жалалабад қаласында бір, Иранда екі, Қазақстанда екі жерде жайы бар көрінеді.
Баба кесенесіне келушілер легі толассыз екені аулаға кіреберістен көрініп тұр. Жол бойында зәулім мешіт пен тізбектей орналасқан қонақжайлар,асханалар шығыс үлгісінде салынғаны көзге ұрып тұр. Әлі де болса айналасын абаттандыру жұмыстарын жүргізу керек сияқты. Кесенеге кіргенде бұл кісінің екі сахабасы болған, оң жағында Лашынбаб,сол жағында Қарғабаб жатыр. Онан берірек осында имам болған Шерімбет Әззер жатыр. Бұл жөнінде кесене имамы айтып, таныстырып өтті. Зиярат етуге келушілер бала-шағаларына нұрлы жол,ауыл-аймағының, елінің тыныштықта болуын, өздерінің дендерінің сау болуына тілек тілеп, дұға бағыштады.
Кесене басындағы құдықтан емдік су ішіп, тілеуімізді тілеп, қонақүйге қарай беттедік. Бизнесін дөңгелеткен кәсіпкерлер бірнеше қонақүй, асхана салып қызмет етіп, құрбандыққа шалатын малыңа дейін сойып, дайындап қояды екен.
Әңгімеміздің басында Арыстанбабтың жеті жерде жайы бар деп айтып өткенбіз. Міне, соның бірі өзіміз сапарлап келген Арал ауданындағы Ақиректегі Арыстанбаб кесенесі еске түсті. Көне көз қариялардың айтуынша, мүрде артқан түйелердің бірі осы Ақирекке келіп шөгіпті, сонан бері бір жайы осында деп топшылайды. Қазалы ауданынан шыққаннан кейін Арал ауданының территориясына кіргеннен кейін Ақбай ауылының іргесіндегі Ақирек тауы көлбеңдеп көрінеді. Марқұм шешем кейбір кезде шалқалай жатсаң «мұрның Ақиректің шыңындай болып не істеп жатырсың?» деп айтатын. Ақиректі дүние жүзіндегі биік шыңдарға теңеп отыратын. Мұндағы қорым басы ақ тастармен қоршалып, бабаның төрт құлақты тамынан бөлекБала әулие, Қыз әулие сияқты киелі орындары мен тастағы түрлі бейнелер мен қолдан құйған құдықты көресің. «Дін апиын» деген қағида ұстаған «қылышынан қан тамып тұрғанКеңес өкіметі дәуірінде кеңестік атеистер қорымды бұзуға,тастарын алуға бұйрық алыпты» деген әңгімелер бар. Жергілікті жердің халқы жақсы білгенмен, Шәуілдірдегі Арыстанбаб кесенесіне келіп жатқандай нөпір халық жоқ. Киелі жерін қастерлеуші халық демеушілердің көмегімен тілеухана салып, ыдыс-аяқ,көрпе-төсек жинастырылып, шырақшы сайлаған.
«Батыс Еуропа – Батыс Қытай»тас жолынан 10 шақырым жерде орналасқан киелі жер Арыстанбаб қорымына қаншама жылдан беріоблысқа, ауданға басшылық еткен азаматтардың көңіл бөлмегеніне таң қаласың?!Ақбайдан Ақирекке қарай асфальт жол салып, қонақжайлар мен асханалар салып, туризмді дамытуға болмас па еді?! Кешкі әңгіменің арқауына да өзек болған Ақирек ауылындағы Арыстанбаб кесенесінің жыры, шаршауды білмейтін ардагерлердің қиялына айналып, түнгі қараңғылыққа сүңгіп батып бара жатты.
Таңертеңмен ерте тұруды әдетке айналдырған ардагерлердің алды сағат төрттен бастап оянып, жолға дайындала бастады. Сәресіні ерте ішкен ардагерлер Түркістан шаһарына жолға шықты. Кешегі келген сапарымыздай емес,бүгінгі жолмен Түркістанға бір сағат шамасындай уақытта жетіп келдік.
Тәуелсіздік жылдарында елімізде атқарылған игі істер баршылық. Солардың ішінде тарихымызда алтын әріптермен жазылатын оқиғалардың бірі – Түркістан, Жетісу, Абай, Ұлытау облыстарының құрылуы. Талай ғасырлардан бері қазақ халқының рухани астанасы болып келген Түркістанның өзінің орнын табуы.Бүгінде Түркістан өзінің даралығын, мәдени, тарихи, діни орталық екендігін күллі әлемге паш етіп келе жатыр.
«Тарихы бай, тағылымы терең Түркістанның еліміз үшін орны бөлек. Ол бүкіл Орталық Азиядағы ең көне қалалардың бірі. Түркістан – қазақ елінің рухани жүрегі, қазақтың көптеген қабырғалы тұлғалары мәңгіге жай тапқан қасиетті қала. Осында жерленген 164 әйгілі тұлғаның 21-і ел басқарған қырандар, 30-дан астамы қол бастаған батырлар, ауқымды сөз бастаған билер. «Қасиетті Түркістанға деген мақтаныш сезімі әр қазақтың жүрегінде ұялаған. Түркістан – тек бізге ғана емес, күллі түркі жұртшылығына қасиетті әрі қадірлі мекен. Халқымызда «Мәдинада Мұхаммед, Түркістанда Иассауи» деген сөз бар. Осындай сан алуан факторлар Түркістанды тұтас Тұран даласының, түбі бір түркі жұртының рухани орталығына айналдырды. Түркі мемлекеттері Түркістан қаласын түркі әлемінің мәдени астанасы деп жариялағаны белгілі. Қаланың шығыс колитрімен жаңадан салынған, халық арасында «Венеция» деп аталып жүрген бөлігіне келгенардагерлер әрбір ғимараттың жанына келіп, естелікке суретке түсіп жатты.
Бұдан соң біз Қожа Ахмет Иассауидің кесенесіне келдік. Талай ғасырлар бойы құрылыс мәдениетіне үлкен үлгі боп келгендігі де рас. 1978 жылы Ахмет Иассауи архитектуралық кешені музей болып ашылыпты.Түркістандағы Қожа Ахмет Иассауи кесенесінің есігінен аттаған адамның көзіне алғаш түсетін зат – қазандық бөлмесінің қақ ортасынан орын тапқан қасиетті Тайқазан.Бойына талай сыр бүккен бұл қазанды бабалардың көзі деп қолымен ұстап көруге әркім-ақ құмар. Бұл күнде Тайқазан ғасырлар бойы мемлекетіміздің жүрегі саналып келген, рухани астанамыз – киелі Түркістан қаласындағы әулиелердің сұлтаны Қожа Ахмет Иассауи кесенесінде, Қазақстан атты үлкен шаңырақтың берекесінің, тыныштығы мен бірлігінің нышаны қызметін атқарып тұрғандай көрінді. Алған әсерімізді бір мақала төңірегіне жеткізу мүмкін емес, дегенмен біршама көрген-білгенімізді жеткіздік деп ойлаймын.
Б. ҚУАТОВ,
«Арал өлкетанушылары»
қоғамдық бірлестігінің төрағасы
23 шілде 2023 ж. 175 0