Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Кәсіптік білімнің қарашаңырағы

Кәсіптік білімнің қарашаңырағы

Жастардың келешек өміріне жолдама беретін білім ордасының, білім мен тәрбиеге қоса, мамандық беретіні, жас мамандардың өмірге жолдама алуына зор мүмкіндіктер ашатындығы қандай ғанибет десеңші. Олай дейтінім, сол өткен кезеңдердің өзінде де, кейбір отбасылар балаларын үлкен қалаға жіберіп оқытуға қиналып жататын. Оған себеп болатын, бір отбасындағы балалардың білімдері сәл жетіңкіремей жатырса, бір отбасылар балаларын оқытуға жағдайы болмай қалатындығын сезіп жүретінбіз. Сондай кезеңдерде осындай отбасылаға Арал қаласының шығыс жақ бетіндегі орналасқан, бұрынғы №169 селолық кәсіптік-техникалық училищесі көп көмекке келіп, жастардың болашақ маман иесі атануларына зор мүмкіндіктер жасаған болатын. Сондағы училищені бітірген түлектердің бір легі арман қуып жоғары оқу орындарына түсіп жатса, бір легі туған жерлерінде қалып, өз мамандықтары бойынша жұмысқа орналасатын. Бұл бір жағынан жастардың ауылда қалып, сол жерде жұмысқа орналасып, ата-аналарына қолғабыс еткендіктері болатын. Содан кейін олардың одан әрі қарай өз түтіндерін түтетіп, бір-бір шаңырақтың сенімді иесі болып жататындықтарына талай куә да болғанбыз.
Сол шақтардың алдында, әкеден ерте қалған мен де әскери борышымды өтеп келіп, үлкейген анамды асырау мақсатында аудандық «Толқын» газеті баспасының баспаханасына қызметке орналастым. Осы тұста анам үлкен кісі болса да, менің оқымай қалуымды құп көрмеді. Анам Дәмеш Райсова өзі матрос-балықшы бола жүріп, Социалистік Еңбек Ері Ұштап Өтеулиевамен қатар еңбек етті. Сонымен қатар қазір Алматы қаласында тұратын, Алматыдағы Балалар институтының жоғарғы дәрежелі білікті дәрігер маманы болған, қазіргі күні зейнеттік демалыстағы Күнзия Райсова атты бірге туған бауыр апайым менің жоғары оқу оқығанымды қалап, «Қайдауыл, сен қайтсең де оқуың керек», деген сөзі желеу болып, өндірістен қол үзбей жүріп, Қызылорда қаласындағы педагогикалық институтты бітірдім. Сол арада қазіргі өмірлік жолдасым, №213 мектепте ағылшын тілі мұғалімі болып қызмет істеген Зоя Медетовамен түтін түтеттім.
Мұғалімдік оқуды бітіргеннен кейін, менің де алдымда қай жерге орналассам екен деген үлкен таңдау тұрды. Не керек, сөздің қысқасы, аталмыш училищеге мұғалім болып келдім де, ең әуелі екі айдай тәрбиеші болдым. Ол кездегі жұмысқа жаңа барған менде де балалармен қалай тез тіл табысып кетеді екенмін деген қорқыныштар болды. Жоқ, балалармен жұмыс істей бастаған күннен бастап бұрынғыдай қорқасоқтағаным басылып, екі айдың ішінде балалармен қалайша тез тіл табысып кеткендігім байқалмай, дереу мұғалімдікке ауыстырылып, қазақ тілі мен әдебиеті сабағынан дәріс беріп кеттім. Алғашқы беталысым жаман болмағанындай, ары қарайғы еңбек жолымның осы жерден қалай басталып кеткендігін де сезбей қалыппын. Әрине, ең бірінші қызметке келгенде жаңа жұмыстағы жол көрсетушілерсіз жұмысты ары қарай алып кету қиынның-қиыны екендігі түсінікті де болар. Осы жерде менен де бұрын қызметке келіп, біршама тәжірибе жинақтаған білікті мамандар, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Омар Махамбетов, директордың оқу-өндірістік жұмыстары жөніндегі орынбасары Данабек Сәрсенов сынды ағаларымның жаңа жұмысымды алып кетуіме көп септіктері тиді. Мендегі жұмысқа енгендегі әдепкі қорқыныштар болғандығының себептері, біріншіден, сол кездері училищеге тек мектептен қашқан бұзық балалар барады екен деген, екіншіден, техникалық-оқу базасы ескірген деп айтылып та, есітіліп те жүретін желеу сөздер болды. Осы оқу орнына қызметке келгеннен кейін, көп ұзамай училищенің директоры Әбіл Сейітжаппаров сынды білікті басшының көрегенділігі арқасында оқу орнының базасы жаңа техникалармен толықтырылып, жаңа оқу корпустары мен жатақхана орындары салынып пайдалануға берілді. Училищедегі жатақхананың болуы ауылдық жерлерден келіп оқитын балалардың көп екендігімен де түсіндірілетін. Сол кездегі училищеге жаңа оқу корпусының пайдалануға берілгендігі оқуға тілек білдіре келетін оқушылардың санын біршама арттырып, білім сапасы көтеріле бастады.
Бірқатар ұстаздарымыз бен оқушыларымыз білім жарысының жеңімпаздары атанды. Училищені жақсы мен өте жақсы деген бағаға бітіріп жатқан оқушыларға мамандықтарына сәйкес жоғары оқу орындарына жолдамалар берілді. Соған қарап балаларын осы училищеге беретін ата-аналардың да саны көбейіп, ықыластары еселеп артты. Осы ретте сол кездегі білім беріп жүрген ұстаздардың да мерейлері үстем болды. Сондағы білікті ұстаздар Сабырбай Оразалиев мал шаруашылығы білімінен дәріс берсе, Қылышбек Ермағанбетов жолда жүру ережелері пәні, Мұхтар Ниязбаев тракторлар мен автомобиль пәндерінен, Жидебай Өтегенов ауыл шаруашылығы машиналары пәнінен дәріс берді. Сол сияқты жалпы білім беретін пәндер бойынша Сахитжан Мүсенов дене тәрбиесі пәні мұғалімі, бірнеше жарыстар жеңімпазы, спорт шеберлігіне кандидат болса, Айнакөз Сағымбаева физика, Зибагүл Арзықұлова информатика (есептеуіш машиналар), Гүлхан Тілепова қазақ тілі мен әдебиеті, Ақбала Айназарова химия, Нағима Көптілеуова математика, Гүлнар Матниязова орыс тілі мен әдебиеті, Шолпан Балманова арнайы техникалық пәндерден, Бақтыбай Әйділдаев алғашқы әскери дайындық пәнінен, Мейрамкүл Тұрымбетова тарих пәнінен дәрістер беріп, білім мен біліктіліктері арқасында училищенің Құрмет тақтасынан орын алды.
Училищелерде жалпы білім берумен бірге арнайы пәндермен қатар өндірістік оқу да бірге жүргізілді. Өндірістік оқу дегеніміз – болашақ жас мамандарды сол училищенің базасында өндіріске дайындап, дайын маман күйінде жұмыс орнына баруға жол ашатын білім. Бұл салада Дүйсенбай Тұрмашев, Ағысбай Өтемісов, Дәулет Мәзенов, Асан Молдабаев, Нұрхан Сарбөпеев, Қыдырбай Кәленов сынды өндірістік оқытудың майталман шеберлері болды. Білім алушыларды машина мен трактор рөліне отырғызып, жүргізіп айдауды үйретуде жақсы шеберлік танытқан жүргізушілер Сәдуақас Қилашов, Берік Есов, Толағай Әленов зор біліктіліктерімен атсалысып отырды. Директордың оқу ісі жұмыстарының орынбасары Лайық Шалабаев, өндірістік оқудың аға шебері Тілеген Таймырзаев, есеп-қисап жөнінен Қуандық Үмбетов, кадр есебін жүргізуші Маржан Ешекенова сынды мамандар өз еңбектерінің майталман мамандары атанды. Осындай еселі еңбектердің арқасында училище аз уақыт ішінде облыстағы алдыңғы қатарлы экспериментальді-тірек училищесіне айналды.
Училищедегі еңбек етіп жүрген уақыттарымның есте қалған тұстарын айтып өтетін болсам, жастардың жалынды жетекшісі болған Ғани Мұратбаевтың 100 жасқа толу қарсаңындағы оқушылармен бірге барған, оның Қазалыдағы мұражайына саяхат, Арал қаласымен іргелес жатқан Сексеуіл кентінде өтетін түрлі спорттық жарыстар өте қызықты да тартымды өтетінін жиі еске аламын. Әрине, жарыс болғасын жеңіліс те, жеңіс те болуы шарт. Ал біздің барған күндеріміздің бірінде де мақтау мен мадақтаусыз, сыйлықсыз қайтқан күндеріміз болған емес еді. Осы жеңістерімізді жігерлендіріп отырған кездерімдегі училищедегі топ жетекшілік, пән мұғалімдігі қызметтеріммен қатар осындағы бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағалығын да он жылдай абыройлы атқарған уақыттарым есіме түсіп жатыр.
Иә, осы күндері қазіргі кездегі кәсіптік білімнің қарашаңырағына айналып отырған Арал көпсалалы колледжі, бұрынғы №16 кәсіптік-техникалық училищесінде абыройлы еңбек еткенімді зор мақтанышпен жие еске аламын. Сол кездегі жастарды, яғни болашақ мамандарды өмір жолына салуда, оларға білім мен тәрбие берудегі өз қолтаңбамның қалғандығына қатты қуанамын. Бүгінде сондағы оқыған оқушыларымыз қазіргі күні бір-бір жанұяның иесі, бір-бір жұмыс орнының мақтаулы мамандары болып отырған жайлары бар. Солардың бірімен кездесе қалған кездерімізде алдымыздан кесе өтпей, сәл танымай бара жатып, қайта айналып келіп, «Сіз Қайдауыл ағай емессіз бе?» деп артынша бұрылып келгендерінде, құшағымыз айқаса қалатынын айтпай өте алмаймын. Қазір сол еңбек еткен жылдарымның жемісін көріп, жанұяммен Астана қаласында тұрып жатырмын.
Бүгінде 5 баладан 12 немере көріп отырған, кәсіптік білім саласының ардагерімін. Осыдан ұққаным, адамға еңбек еткен өткен күндерінің зейнетін көруден асқан бақыт жоқ екендігін түсіндім. Осы мақаланы жазуда да, сол өткен жолдарымды тебіреніспен еске түсіре отырып, ондағы бірге еңбек еткен адамдардың да жылы лебіздері мен ыстық алақандарының табы әлі күнге дейін сезілетіндігі өткенге көп ой тастатады да тұрады. Әрине, бұл мен үшін үлкен тарих болып қалмақ.
Иә, тарих демекші, жақын күндері осы іргелі қара шаңырақтың құрылғанына 65 жыл толғалы отыр екен. Осы жылдар ішінде қаншама мамандар өмірге қанат қағып аудан экономикасын көтеруге зор үлестерін қосып отырғандығын айтпаса да түсіне аламыз. Сөзімді қорыта келе, бүгінгі Арал көпсалалы колледжінің іргесі одан да берік болып, жыл сайынғы бітіруші түлектердің саны еселеп артып, осындағы ұстаздар қатарының да шығармашылық табыстарға жете берулеріне зор тілегімді қосқым келеді.
Қайдауыл РАЙЫС,
кәсіптік білім саласының ардагері
25 шілде 2023 ж. 480 0