Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » «Барсакелмес» қорығының көлемі артты

«Барсакелмес» қорығының көлемі артты

Табиғат Ананың кез келген аумаған өз қалпында сақтап, оның бауырын мекендеген жанды-жансыз барлық құбылысқа құрметпен қарау, қажет болса көздің қарашығындай сақтап, қорғау адамзат баласының борышы десек қателеспеген болармыз. Өйткені табиғат пен адам егіз ұғым. Екеуінің бірінсіз тіршілік дамымаған болар еді. Десе де адамзат баласына қызмет етіп тұрған сол құбылыстардың барлығы бүгінде түрлі күйге еніп, қажеттілігіне сай адамзат баласының қисынсыз әрекеттерінен көптеген өзгерістерге ұшырап жатыр. Айталық тұрын Жолбарысы бір замандарда осы маңды мекен еткен. Теңізбен біте қайнасқан аймақтың ну қамысын мекен еткен жолақты жыртқыш не себепті жоғалып кетті деп ойлайсыз. Басты себеп табиғаттың күтімсіздігі, қала берді адамзат қолымен жасалған қисынсыз қиянат. Сондай нулы Тұранның ойпаты бүгінде құлан жортқан қу медиен шөлдің нақ көрінісіне айналды.
Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығы Арал теңізінің солтүстік батыс бөлігіндегі бұрынғы Барсакелмес аралында орналасқан, аралдың жалпы көлемі 16795 гектар. Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығының негізі 1929 жылы бағалы аң терісін өндіретін қорғалым ретінде қаланған. 1939 жылы Қазақ ССР Халық Комиссарлар Кеңесінің №973 шешімі бойынша қорық статусы берілген.
Қазіргі таңда Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығының жалпы көлемі 163126 гектар. Қорық үш кластерлік учаскеден құралған. Яғни, «Барсакелмес» учаскесі бұрынғы Барсакелмес аралы және оған жалғас жатқан Арал теңізінің кепкен табанын алып жатыр, көлемі 50884 га. Бұл учаске 3 бақылау-шолу аумағынан тұрады.
Еліміздің бас қаласында үздік инспекторлары, орманшылары мен табиғат қорғаушыларына орман шаруашылығы және жанарлар дүниесі саласындағы «Елім-ай» арнайы сыйлығы тапсырылды. Аталған шарада ең үздік қорық номинациясында «Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығы» республикалық мемлекеттік мекемесі танылды. Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығы ерекше қорғалатын табиғи аумақтар арасындағы «Парктер шеруі – 2022» халықаралық табиғат қорғау акциясы республикалық байқауының қорытындысы бойынша ІІ орынды алып, Құрмет дипломымен марапатталды. Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығына «Тұран шөлдері» номинациясы бойынша ЮНЕСКО-ның Әлемдік табиғи және мәдени мұра мәртебесін беру мақсатында жұмыстар жүргізілуде.
Қорықта жылдың әр-түрлі мезгілінде 250 түр құстар мекен етеді немесе ұшып өтеді. Оның 33 түрі Қызыл кітапқа енгізілген, 17 түр индикаторлық болып табылады. Қызыл кітапқа енгізілген түрлер: бұйра бірқазан, кіші аққұтан, сары құтан, сұр тырна, бидайық, қарабас өгіз шағала, сұңқылдақ аққу, жыланшы бүркіт, дала қыраны, қарақұс, джек-дуадақ, жәй дуадақ, тарғақ ақбауыр және қарабауыр бұлдырықтар, үкі, қоқиқаз, қарабай, мәр-мәр шүрегей, ақкөз сүңгуір, жалбағай безгелдек, ителгі, қылқұйрық бұлдырық кездеседі.
Балықтардың 22 түрі бар. Арал теңізі бассейнінде Қызыл кітапқа енгізілген – тасбекіре, аралдық қаяз, түркістандық қаяз және шатқалдық подкаменщик – 4 түр кездеседі. Индикаторлық түрлерге Abramis brama (Linneaus) ақтабан балығы жатады. Ол ең көп таралған жергілікті түр болып табылады.
Қорық аумағында мекен ететін жабайы жануарлар мен құстарға көктем және күз айларында санақ жұмыстары жүргізіледі. Санақ жұмыстары көзбен көру және іздерді санау арқылы жүзеге асырылады.
Адамзаттың үздіксіз қиянаты жалғасып, жануарларға тісі батса бәлкім бұл Арал босап қалар ма еді. Алайда уақытылы қабылданған шешім, бұл аймақтың аң-құс мекендейтін белгілі бір бөлігін қорғалым ретінде лайықты бақылауға алынды. Міне, осылай негізі қаланған «Барсакелмес» мемлекеттік табиғи қорығы бүгінде еліміздегі табиғат қорғау және ғылыми мекеме мәртебесi бар ерекше қорғалатын табиғи аумаққа айналып отыр.Оның қызметiнiң мақсаты өзiнiң аумағындағы табиғи процестер мен құбылыстардың табиғи барысын, өсiмдiктер мен жануарлар дүниесi объектiлерiн, өсiмдiктер мен жануарлардың жекелеген түрлерi мен қауымдастықтарын, әдеттегi және бiрегей экологиялық жүйелердi сақтау мен зерделеу және оларды қалпына келтiру болып табылады.
А. БИСЕНОВ

29 шілде 2023 ж. 258 0