Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Тірлігі түзу, бірлігі бекем ауыл

Тірлігі түзу, бірлігі бекем ауыл

Қазақ ауылдарының бірінен бірінің кемі жоқ. Бояуы қашпаған баямасыз болмысқа ие қазақты көргіңіз келсе ауылға келіңіз дер едім. Бүгінде ауыл халқының қазақы болмысы сақталған. Ескі дәстүрден қол үзді демесеңіз, адамдық ізгі қасиеттерге бай ауылдар баршылық. Еңбек етіп жан баққан, тірлік етіп нан тапқан ағайынның бір шоғыры бүгінде ауданға қарасты Тоқабай ауылында тұрады. Аудан орталығынан шамамен 154 шақырым қашықтықта орналасқан Жіңішкеқұм ауылдық округі жайында айтпағымыз бар еді. Округ бойынша халық саны 724 адамды құрайды. Экономикалық белсенді халық саны –331, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар – 223, кәсіпкерлік субъектілері – 45, оның ішінде шаруа қожалықтары – 20, ЖШС-1, ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі –1, дара кәсіпкерлер саны – 23.
– Аудан орталығынан шалғай орналасқанына қарамастан, ауыл тұрғындары үшін барынша жағдай жасалуда. Ауыл іші ажарланып келеді. Атап айтсақ, кәсіп бастаймын деген ауыл тұрғындарына мемлекет қайтарымсыз грант бөліп, жыл басынан бері мал басы көбейтіп келеді. Сонымен бірге ауыл көркін келтіретін жарық шамдар орнатылып, бүгінде халық игілігіне жарап отыр. Демеуші есебінен ауыл ішіндегі балалар ойын алаңына, кіші футбол алаңына жөндеу жұмыстары жүргізілген болатын. Сондай-ақ мердігер есебінен жаңадан 20х40 кіші футбол алаңын салуға сметалық құжаттары жасалынып, бюджеттік өтінім тапсырылды,–дейді ауыл әкімі Мұхансерік Әлішев.
Қазіргі таңда басты мәселелердің бірі – жұмыссыздық. Аталған мәселенің алдын алу жұмыстары Жіңішкеқұм ауылдық округінде де жүйелі жүзеге асып келеді. Жалпы жыл басынан бері жаңа жұмыс орындарына 8 адам қабылданып, 6 адам такси қызметіне патент алып жұмыс жасайды екен. Сонымен қатар осы округте 18 адам қоғамдық жұмысқа қабылданып, жұмыс істеуде.
Тағы бір маңызды жаңалық, құрылыс саласы бойынша ауылдық округте 100 орындық №248 орта мектебінің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ «Бекзия-Ана» жеке балабақшасына 2 топта 3 пен 6 жас аралығындағы балалар қамтылған. Бұл ауылда білім саласына деген қамқорлық та ерекше екенін аңғарамыз. Ауыл көлемінде тазалық және қайырымдылық жұмыстары ауыл жастары, шаруа қожалықтары, жеке кәсіпкерлер және ауыл тұрғындарының қолдауымен бірге жүйелі түрде ұйымдастырылып, өзге де көптеген жұмыстар қоғамдық келісім кеңесімен бірігіп атқарылады.
Мемлекеттік бағдарламалардың да орындалуы көңіл көншітерліктей. Атап айтсақ, мемлекеттік бағдарламалар аясында ауқымды істер тындырылуда. Атаулы әлеуметтік көмекке 3 адам құжат тапсырып, ақшаларын алып отыр. 3 800,0 мың теңгеге ауыл ішін жарықтандыру жұмыстары жүргізіліп, 1 200 мың теңгеге ауызсу автокөлігіне қосалқы бөлшектер алынған. Ауыл тұрғыны Бағдат Мергенбайұлы қайтарымсыз грант алып, уақ мал басын көбейтуде.
Ауылдық округте жыл сайын оң өзгерістер орын алып келеді. Тәуелсіздік алған жылдар ішінде еліміз еңсесін тіктеп, кемелдікке бет бұрды. Сол еңселі егемендіктің арқасында округ тұрғындары жасампаздыққа, жаңашылдыққа ұмтылуда. Ауыл тұрғындары «Ауылдың дамуы – тұтас мемлекеттің дамуы» деген қағиданы басты нысана етіп, Мемлекет басшысының ел дамуы бағытында берген тапсырмаларының үдесінен шығып келеді. Оған ауылдағы ауқымды істер мен толымды тірліктер айқын дәлел. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 4 адам несие алуға 25,5 млн теңгеге бизнес-жоспарларын дайындап, құжаттарын өткізген. Осы қаражаттары алынса, ауыл жастары жаңа кәсіп көздерін ашпақ. Сондай-ақ 6 адам 1 380,0 теңгеге қайтарымсыз грантқа құжаттарын өткізіп, өз кезегін күтуде.
Ауылдың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы жылдан-жылға жақсарып, түрлі мәдени-көпшілік шаралар атқарылып келеді. Мәселен, №248 орта мектебінің дене тәрбиесі пәні мұғалімі,марқұм Сағат Ибраевты еске алуға арналған «Сағыныш» атты еске алу кеші өтті. Кеш аясында үстел теннисінен аймақтық турнир өткізілді. Сонымен қатар мәдениет және өнер қызметкерлерінің күніне байланысты бірнеше жыл клуб меңгерушісі қызметін атқарған, Желтоқсан оқиғасына қатысушы, марқұм Әбдіхамит Сермағанбетовті еске алу кеші ұйымдастырылып, кеш соңы аудандық мәдениет үйі өнерпаздарының қатысуымен гала концертке ұласты.
Ауылдық округ бойынша әр түрлі салада шаруа қожалықтары мен кәсіпкерлер жұмыс істеуде. Ауылдықтар осы бағытта еңбек етіп, мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көріп, мемлекет қамқорлығын сезінуде. Төрт түліктен нәпақасын тапқан тұрғындар үшін ауыл шаруашылығы да аса маңыздылыққа ие. Білім беру, емдеу мекемелерінің материалдық базасын нығайту өз жалғасын тауып келеді. «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген қанатты қағиданы ұстанған ауыл тұрғындары ауызбірлікке сызат түсірмей, ынтымағы жарасқан ел болып, болашаққа сеніммен қадам басып келеді.
Иә, Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асып жатқан реформалар бүгінгі күннің талабы екенін ел-жұрт жақсы біледі. Міне, осындай экономикалық реформаларды кешенді жүзеге асыру бағытында ауыл тұрғындары тынымсыз еңбек етіп, алдағы уақытта да ел дамуына сүбелі үлестерін қоса беретін болады.
К. МАХСҰТ 
01 тамыз 2023 ж. 284 0