Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Тамыздан бастап Қазақстанда қандай өзгерістер болады?

Тамыздан бастап Қазақстанда қандай өзгерістер болады?

Қазақстанда тамыздан бастап бірқатар өзгеріс болады. Мәселен, электрлі самокаттардың қозғалысы заңмен реттелмек, білім гранты иегерлерінің тізімі жарияланады және Астана әуежайының автотұрағы қымбаттайды.

Грант иегерлерінің тізімі жарияланады

Білім гранты иегерлерінің тізімі 10 тамызға дейін жарияланады. Биыл бакалаврға түсу үшін 73 мың грант бөлінді.

Айта кетейік, биыл республика бойынша негізгі ҰБТ-ның орташа балы 73 балды құрады. Тестілеу қорытындысы бойынша, 135 мыңға жуық талапкер шекті балл жинады. Бұл – қатысушылардың жалпы санының шамамен 83 пайызы.

Талапкерлердің 75%-і қазақ тілінде, 24%-і орыс тілінде, 0,1 пайызы ағылшын тілінде тест тапсырған.

1-сыныпқа құжат қабылдау аяқталады

Бүгін бірінші сыныпқа құжат қабылдау аяқталады. Өтініштер 1 сәуірден бастап қабылданған еді. Төрт айда ата-аналардан 350 мыңнан астам өтініш түсті, бірінші сыныпқа қабылданған бүлдіршіндердің 70%-тен астамы қазақ тілінде оқытатын мектептерді таңдаған.

Жаңа оқу жылында 410 мыңнан астам бала бірінші сыныпқа барады деп болжанып отыр.

Колледжде тегін оқу

Колледждерде тегін білім алуға құжат қабылдау 20 тамызға дейін жалғасады.

Биыл мемлекеттік білім беру тапсырысы 50 мың орынға артты. Жалпы, колледждерге мемлекеттік тапсырыс бойынша 130 мыңнан астам талапкерді қабылдау жоспарланып отыр.

Мемлекеттік тапсырыс техникалық мамандықтарға бағытталып, геология, тау-кен өнеркәсібі, энергетика, металлургия және машина жасау, көлік, IT, құрылыс және коммуналдық шаруашылық бағыттар бойынша ұлғайтылды.

Электрлі самокатқа қатысты жаңа заң күшіне енеді

Енді самокат тізгіндейтіндер нені ескеруге тиіс? Электр самокаттардың, шағын электр көлік құралдары жүргізушілерінің құқықтары мен міндеттері айқындалды. Енді шағын көлік құралын тізгіндеген жандар жол ережесін бұзған жағдайда Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы кодекстің екі бабы бойынша жауапқа тартылады.

30 тамызда «Жол қозғалысы туралы» заңға енгізілген түзетулер күшіне енеді.

Енді самокат жүргізушісі 18 жасқа толған болуы шарт, сонымен қатар кез келген санаттағы көлікті басқару құқығын беретін жүргізуші куәлігі, түймеленген дулыға, ал тәуліктің қараңғы уақытында үстінде жарық шағылыстыратын зат болуға тиіс.

Электросамокатқа тротуар немесе жаяу жүргіншілер жолымен сағатына 6 км аспайтын жылдамдықпен жүруге рұқсат етіледі. Ал жолдың жүру бөлігінде жылдамдықты сағатына 25 шақырымнан асыруға болмайды. Бұл ретте самокатшылар жолдың оң жақ шетімен жүруі керек.

Ұялы байланыс тарифі өседі

Тамыз айында ұялы байланыс операторлары кейбір тарифтік жоспарлардың бағасын көтереді. Қазақстандықтарға тарифтің өсетіні туралы SMS-хабарлама да жолданды.

Операторлар тарифтердің өсуін инфрақұрылымға жұмсалатын шығындардың ұлғаюымен, жаңа технологиялардың іске қосылуымен, жаһандық логистика тізбегінің бұзылуымен, инфляция және электр энергиясының қымбаттауымен түсіндіріп отыр.

Ұялы байланыс операторлары қымбат тарифке өтемақы ретінде қосымша ресурстар мен қызметтер ұсынбақ.

Астана әуежайының автотұрағы қымбаттайды

1 тамыздан бастап Астана халықаралық әуежайының автотұрақ тарифіне өзгеріс енді. Тұрақ құны екі есе өседі.

Атап айтқанда, P1, P2, P3 аймағындағы автотұрақ бағасы 100 теңгеден 200 теңгеге көтерілді. Ал P4, P5, P6 аймағындағы көлік тұрағының бағасы сағатына 50 теңгеден 100 теңгеге өзгерді.

Сондай-ақ отырғызу-түсіру экспресс жолағын теріс пайдалану фактілерінің көбеюіне және жолаушылардан келген шағымның артуына байланысты 15 минуттық тегін отырғызу-түсіру жолағына тәулік ішінде үшінші рет немесе одан да көп кірген жағдайда жаңа тариф бойынша 300 теңге төлеу қажет болады.

Әуежай әкімшілігі автотұрақ құнының өзгеруіне коммуналдық тарифтердің өсуі себеп болғанын мәлімдеді.

Сондай-ақ 8 тамызда Астана әуежайының ұшу-қону жолағындағы жөндеу жұмыстары аяқталады деп жоспарланып отыр.

Жөндеу жұмыстары 15 шілдеде басталған еді.

Әуежай жолағының ағымдағы жөндеу жұмысына байланысты күндізгі 11:00 мен 18:00 аралығында ұшу-қону жолағы жабық. Осыған орай ішкі және халықаралық рейстер кестесіне өзгеріс енді.

Үндістанға арзан билеттер

Үндістанның бюджеті төмен IndiGo лоукостері Қазақстанға әуе рейстерін іске қосады.

Дели – Алматы бағыты бойынша рейстер 15 тамыздан ұша бастайды деп күтілуде. Рейстер аптасына 3 рет орындалады. Жолаушыларды А-320 және А-321 типті ұшақтар тасымалдайды. Айта кетейік, IndiGo – Үндістанның ең ірі арзан әуе тасымалдаушысы.

Астаналық кәсіпкерлер үшін грант алу мүмкіндігі

Астанада жаңа бизнес-идеяларды іске асыратын кәсіпкерлерге мемлекеттік грант беріледі.

Өтінім kezekte.kz порталы арқылы 7-16 тамыз аралығында онлайн қабылданады.

Конкурсқа өз қызметін экономиканың басым секторлар аясында жүзеге асыратын, мемлекеттік тіркелуі 3 жылға дейінгі жеке кәсіпкер немесе заңды тұлға ретінде тіркелген (әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілер реестріне енгізілген) кәсіпкерлер қатыса алады.

Конкурстық комиссия өтінімдерді қарау кезінде бизнес-идеяны жаңашылдығы, бәсекеге қабілеттілігі, қолданысқа енгізуге дайындығы бойынша бағалайды.

Мемлекеттік гранттар кімдерге берілмейтінін мына жерден оқуға болады.

turkystan.kz

01 тамыз 2023 ж. 187 0