Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қос азаматтық – қатерлі құбылыс

Қос азаматтық – қатерлі құбылыс

Елімізде қос азаматтығы бар­лардың қатары қалыңдағанға ұқ­сайды. Әсіресе, Ресейдің қоңыр паспортын иеленгенін жа­сырып жүргендердің саны күрт артыпты.
Мұны ресми статистика рас­тайды. Сарапшылардың ай­туынша, қос азаматтық мәселесі ушықса, ол елдің бірлігіне сына қағады. Елдегі қоғамдық тәртіп пен ұлттық қауіп­сіздікті қожыратады. Оның әлеу­меттік-экономикалық залалы да зор. Сондықтан құзырлы органдар­дың бұл кесірлі құбылыс­пен күресті күшейткені қуантады. Сонымен бірге алда ұлттық заң­на­маға өз­герістер әзірленуде.
Бұл құбылыстың қандай ауқымға жеткенін және ондағы трендтерді мына деректен байқауға болады. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, республи­када бүкіл 2022 жыл бойы қос азаматтығы бар жалпы саны 841 адам табылып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның тек 138-і сот шешімімен елден аласталған. Қалғанын соттар айыппұл салумен шектеген.
Осыларды қоса алғанда, соңғы 5 жылда азаматтық туралы заңнаманы бұзған 3 515 адам жазаланды. Соның ішінде 3 мыңнан астамы айыппұл ар­қалаған, 473-і елден шығарылып, жаңа отанына қуылды. Осы 3,5 мыңнан астам адамның бәрінің қазақстандық көк паспорты тартып алынды.
2023 жылы бұл саладағы күрес бір­шама өрістеді. Бір ғана Ұлттық қауіп­сіздік комитетінің Шекара қызметі биыл­ғы маусымдағы жағдай бойынша жыл басынан бері қос азаматтығы бар 233 адамды әшкерелеген. Бірақ бұл – мұзтаудың ұшар басы және шекарада ұсталғандары ғана.
Мысалы, Павлодар облысында қос азаматтықты иеленудің 800-ден астам дерегі анықталды.
– Қазір облыстық Полиция де­пар­таментінің көші-қон қызметінің бө­лімшелері меморгандардың облыстық аумақтық бөлімшелерімен бірлесіп, қос азаматтығы барларды анықтау бойынша тұрақты негізде жұмыс жүргізіп жатыр. Жыл басталғалы Павлодар облы­сында 819 азамат Қазақстан азаматты­ғынан айырылды. 49-ы әкімшілік жауап­кер­шілікке тартылды, оның 8-і Қа­зақстан аумағынан шығарылды, – деді Павлодар облысы ПД Көші-қон қызметі басқар­масы бастығының орынбасары Ғомар Шәбиденов.
Мәселен, Павлодар облысының Шарбақты аудандық полиция бөлімінің көші-қон полицейлері 45 жастағы ер адамның Ресей азаматы атанғанын құзырлы органдардан жасырып қал­ғанын, қазақстандық құжаттарын ары қарай пайдаланып жүргенін анықтады. Оған қатысты Әкімшілік кодекстің 496-бабы 2-бөлігі бойынша әкімшілік материал жасалды. Материал шешім қабылдау үшін сотқа жіберілді.
Бүкіл 2022 жылы қос азаматтығы бар 841 адам анықталса, биыл осы көрсет­кішті бір ғана облыс беріп отыр. Осыдан-ақ проблеманың ауқымын бағамдауға болады.
Бұл – тек бір өңірдегі ахуал. Өзге өңірлердің көрсеткіштері төмен. Бірақ оларда да проблема салмақты әрі кө­кейкесті. Мысалы, биылғы 5 айда Шы­ғыс Қазақстан облысында қос азамат­тығын жасырғаны үшін 20 адам жауапқа тартылды. Оның ішінде шетел азамат­тығын алғаннан кейін құжаттарды уақы­тылы тапсырмағаны үшін 13 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды, олардың үшеуі сот шешімімен Қазақ­стан­нан тыс шығарылды.
ШҚО ПД Көші-қон қызметкер­ле­рінің айтуынша, қос азаматтық иелену фак­ті­лерінің өсуі байқалады. Олар был­тырғы шілдеде басқа елдің азаматтығын алған Риддер тұрғынын анықтады. 29 мамырда ол әйел Риддер қаласының әкімшілік сотының шешімімен елден аласталды.
Елде Қазақстанның азаматтығынан бас тартпай, өзге елдің азаматтығын рәсімдеу жағдайлары жиі кездеседі. Бұл үрдіс Қаңтар оқиғасынан кейін күшей­гені байқалады.
Моноазаматтық – мемлекеттік құндылық
Полицияның түсіндіруінше, қазақ­стандықтар басқа елдің азаматтығына кірмес бұрын қазақстандық азамат­тықтан бас тартуы қажет. Ол үшін 30 күн мерзім ішінде өзге мемлекеттің аза­мат­тығын алуды жоспарлағаны туралы ішкі істер органдарына немесе шет мемлекет­тің аумағындағы Қазақстанның диплома­тия­лық өкілдігіне хабарлауы тиіс. Ол ҚР паспорты мен жеке куәлігін тапсыруы шарт. Бірақ өкінішке қарай, өзге елдің паспортына ынтыққандардың бәрі бірдей «Қазақстан Республика­сының азаматтығы туралы» заңның 21-бабының осы талаптарын орындай бермейді.
Құқық қорғау органының қызметкері Айдын Бекмырза қазақстандықтардың өзге ел азаматтығын алуының бірнеше себебін тізбелеп берді. Бастысы, әрине, қауіпсіздік: республика бейбітшілігінен, тыныштығынан, тұрақтылығынан айы­рылса, төтенше жағдай туындаса, отба­сымен шұғыл эмиграцияланып, өзге елден еш қиындықсыз пана табудың алдын ала қамын жасайды.
«Екіншіден, мемлекеттік шекарадан кедергісіз өтуді, өзге елде еркін қоз­ғалуды көздейді. Үлкен бір бөлігі сол кезде ұсталады: мысалы, РФ азаматты­ғын жасырын алғандар көрші елге ұзақ­қа барғанда паспорттық бақылауда, Шекара қызметіне қазақстандық емес, ресейлік паспортын көрсетеді. Сөйтіп, Ресей аумағында РФ паспортын пай­даланып, сонда ұзаққа қала алады. Сонда «Бүркіт» ақпараттық жүйесі ар­қылы тексергенде, оның ҚР азаматты­ғынан шықпағаны анықталуы мүмкін. Үшіншіден, Қазақстан азаматтығын сақтап қалу арқылы материалдық артықшылықтар алғысы келеді. Бүгінде Ресейге қарағанда, Қазақстанда зей­нетақы да, бала туу, мүгедектігі және басқасы үшін берілетін жәрдемақылар да жоғары», – деді А.Бекмырза.
Салдарынан, Ресей Федерациясының жаңа азаматтарының Қазақстанда зей­нетақы, әлеуметтік жәрдемақылар алып келуі фактілері тұрақты түрде әшкере­леніп тұрады. Мысалы, таяуда Шемо­наиха полицейлері 2022 жылы РФ аза­маты атанғанымен, ҚР паспортын тап­сырмай, қазақстандық қомақты зей­нетақыны алуын жалғастырған ерлі-зайыпты қос зейнеткерді тапты. Сот ше­шімімен ол екеуі де Ресейге депорта­цияланды.
Сарапшының айтуынша, көші-қон саласындағы ынтымақтастық аясында Қазақстан мен Ресей осы мәселені де реттеуге уағдаласқан. Алайда Мәскеу іс жүзінде посткеңестік кеңістіктегі рес­пуб­ликалар тұрғындарының РФ азамат­тығын жеңілдетілген тәртіппен алуын ынталандырып отыр.
Белгілі заңгер ғалым, профессор Сәуле Амандықованың айтуынша, мо­ноазаматтық қағидаты – еліміздің Конс­титуциясында бекітілген аса маңызды прициптердің бірі. Қазақстан азаматы­ның басқа мемлекет азаматтығын иеленуі мойындалмайды. Дегенмен, 1991 жылы «ҚР азаматтығы туралы» заң қабылданған соң қос азаматтық пробле­масының ушыққаны айқындалды. Қос азаматтыққа ие адамдар мемлекет үшін де, қоғам үшін де нақты қиындықтар туғызады. Ендеше бұл кесірмен пәрменді күрес жүргізілгені жөн.
Ұлттық қауіпсіздік шендінің ойыншығы емес
Кеңес одағы қос азаматтыққа қатаң тыйым салды және оған жол бермеу үшін аяусыз күресті. Ал Ресей керісінше, өз паспортын өзге елдер азаматтарына белсенді таратуға ден қойды. Салда­рынан КСРО ыдыраған соң қос аза­маттық мәселесі ТМД аумағындағы ең күрделі проблемаға айналған.
Сарапшылар тәуелсіздіктің өткен отыз жылдығында елімізде парадоксты жағдай орнағанына назар аудартады. Бір жағынан, Ата Заң қос азаматтыққа тыйым салады. Екінші жағынан, билік практикада бұған тегеурінді тосқауыл қойған жоқ.
Салдарынан түрлі эксперттердің бағалауынша, Қазақстанның орыс­тілділері көп өңірлерінде тұрғындардың төрттен бір бөлігі немесе одан көбі РФ азаматтығын астыртын алып алған. А.Бекмырза да таныстарының біразы Ресей азаматтығына ие екенін, олар ҚР паспорты мен жеке куәлігін тапсырға­нын, әйткенмен, сол бойы Қазақстанда қалып, жұмыс істеп жатқанын айтады. Бұл да үлкен бір проблема. Өйткені олар Еңбек министрлігінің сырттан келген мигранттарға қатысты ста­тистикасына ілікпейді, тиісінше, рет­тел­мейді.
Сарапшылардың тұспалдауынша, билік органдарында қос азаматтыққа ие адамдар болуы мүмкін екенін жоққа шығаруға болмайды. Әсіресе, Г.Мар­ченко кезінде Ұлттық банкте қос аза­маттығы барларға жұмыс істеуге рұқсат етілген. Марченконың өзі де кейін өзге елдің азаматы екені туралы сырын ашып, Швейцарияға тайып тұрды.
Азаматтық мәселелері жөніндегі көрнекті ғалымдардың бірі Н.В.Витрук «қос азаматтығы бар тұлғалардың со­ларды өз азаматым деп санайтын мемле­кеттің егемендігіне айтарлықтай зиян келтіретінін» ескертеді. Бірінші кезекте, мемлекеттің «негіз қалаушы қағидаты» – өз азаматтарына мемлекеттік биліктің толық юрисдикциясын, үстемдігін жүргізу принципі бұзылады. Сонымен бірге өзге елдің азаматы екенін құпияда сақтаған тұлға мемлекеттік қызметке тұрып, мемлекеттік құпиямен жұмыс істесе, бұл енді тікелей ұлттық қауіп­сіздікке нұқсан.
Сондықтан Ішкі істер министрлігі қос азаматтықты шектеу шараларын кү­шейтуге бағытталған жаңа заң жо­басын әзірлеп шықты. Заңнамалық тү­зетулер – «Кейбір заңнамалық актілерге ішкі істер органдарының қызметі сала­сындағы нормалардың артық (шамадан тыс) заңнамалық регламенттелуін бол­дырмау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» деп аталатын заң жобасына енгізілмек.
Себебі Қазақстан Конституция­сының 10-бабында «Республика азама­тының басқа мемлекеттің азаматтығында болуы танылмайды» деп қана, қысқа жазылған. Егер Парламент қабылдаса, ұлттық заңнамада бұл ұғымды кеңейту ұсынылып отыр.
Осы мақсатта сонау 1991 жылғы 20 желтоқсанда қабылданған, бірақ қазіргі кезде де қолданылатын «Қазақстан Рес­пуб­ликасының азаматтығы туралы» заңы­ның жаңа негізгі міндеті пайда бо­лады. Ол міндет: «мемлекеттің тәуелсіз­дігін, аумақтық тұтастығы мен егеменді­гін, оның конституциялық құрылымын сақтау және қамтамасыз ету мақсатында қос азаматтықты болдырмау».
«Бұл норма Қазақстан аумағында бірнеше, соның ішінде қос азаматтыққа қатаң тыйым салынатынын нықтайды. Тиісінше, шетел азаматы бір мезгілде Қазақстан азаматы бола алмайды», – деген түсініктеме берді заң жобасын әзірлеушілер.
Отанына арамдық танытса, оралмағаны игі
Айтпақшы, сарапшылар былтыр Мәскеу көрші еліне кең ауқымды соғыс бастағалы кері процесс де өрбігеніне назар аудартады: елді тәрк етіп, өз тағ­дырын оның болашағымен байланыс­тыр­ғысы келмей, Ресейге кетіп қалған экс-отандастардың үлкен бөлігі енді Қа­зақстанға оралуда, біразы азамат­тығын қалпына келтіруге тырысуда. Себебі РФ паспортымен дамыған ел­дерге виза алу күрделенді әрі бұл елдің азаматтарына дүниежүзінде көзқарас күрт нашарлады.
Олардың арасында кезінде қос аза­маттығын жасырғаны үшін сот ше­шімімен елден қуылғандар бар. Сол се­беп­ті ішкі істер органдарының маман­дары мұндай арамза пиғылды адамдар­дың қайтадан Қазақстан азаматы болуына жол бермеуді ұсынды.
Осы мақсатта қолданыстағы аталған заңның 17-бабындағы «ҚР азаматтығына қабылдаудан және ҚР азаматтығын қалпына келтіруден бас тарту негiздерi» жаңасымен толығады.
Бұрынғы экс-отандас «Қазақстан Республикасының азаматтығына қабыл­дау туралы өтінішпен жүгінгенге дейін 5 жыл ішінде ҚР Ішкі істер органдарына немесе Қазақстанның шет елдердегі мекемелеріне өзге мемлекеттің азамат­ты­ғын алу фактісі туралы хабарламаса», онда оған Қазақстанның азаматтығы берілмейді. Парламент депутаттарының «құлағына алтын сырға»: бәлкім, бұл жерде 5 жылдық мерзімді алып тастаған, оларға өмір-бақи тыйым салған жөн де шығар.
Мысалы, биыл Ақмола облысының Көші-қон қызметінің қызметкерлері Ақкөл қаласында қос азаматтықпен жүрген қызды анықтады. 23 жастағы бойжеткен ҚР азаматтарына арналған квотамен 2019 жылы ресейлік жоғары оқу орнына түсіпті. Сонда жүріп, көр­шінің азаматтығын қабылдаған. Оны отандық құзырлы органдарға хабарлама­ған. Оған қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, материалдар сотқа жол­дан­ды. Ақмола облысында былтыр астыр­тын РФ азаматтығын алған 2 760 адам табылды. Анықталмағаны қан­шама?
Мұндай жағдайда Әкімшілік ко­декске сәйкес, қос азаматтығын жасыр­ғандарға 200 АЕК (2023 жылы – 690 мың теңге) айыппұл салынады немесе ҚР аумағынан шығарылып жіберіледі: оларға 5 жыл мерзімге елімізге кіруге тыйым салынды. Содан соң оралуына рұқсат.
Сарапшылар бұл құбылыстың ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретінін еске салып, айыппұл көлемін 1000 АЕК-ке дейін күрт өсіруді немесе сол үшін қыл­мыстық жауапкершілік енгізуді ұсынады. Сонда заң бұзбас бұрын әлгілер дұрыстап ойланар еді.
Ішкі істер министрлігі биыл өзге ел­дің азаматтығын көрінеу, қасақана жа­сырғаны үшін жазаны қатайту мақса­тында заңнамаға түзетулер енгізу жос­пар­­ланып отырғанын хабарлады. Бұ­рын­­­ғы билік тіпті ұсақ құқықбұзу­шы­лықтарға да «нөлдік төзімділік» таныту саясатын жариялады. Сонымен бірге жылдар бойы ол қос азаматтыққа тоқтау салу бағытында тиімді шаралар қабыл­дамады, бұл мәселеге көз жұма қарап, ахуалды ушықтырып жіберді. Енді осы олқылықты жедел түрде түзету қажеттілігі туып тұр.

aikyn.kz
03 тамыз 2023 ж. 293 0