Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Үздіктер көші үзілмеген ұжым

Үздіктер көші үзілмеген ұжым

Заман дамыған сайын түрлі мамандықтар мен кәсіп түрлері дамып, көбейіп жатқаны рас. Мамандардың әрбіріне жеке төл мереке арналуы қазір таңсық емес. Сол ізбен жыл сайынғы тамыз айының алғашқы жексенбісі – ел экономикасының күре тамырына айналған Қазақстан теміржолшыларының төл мерекесі. Сонымен қатар өзін «Қазақстан темір жолы» АҚ қызметкерімін деп атайтын жандар үшін ерекше дата, магистраль майталмандарының еңбегі еленіп, қуаныштары еселенетін күн. Бұл мереке ауданымыздың дамуына мол үлесін қосатын «Арал теңізі» станциясы қызметкерлерінің де мерейі. Қашан көрсең қауырт жұмыстың басында, тізбектелген жүк көлігінің жанында жүретін бұл ұжымдағы қызметкерлер үшін әр уақыт маңызды. Сондықтан мерекеге қарағанда олар үшін магистраль бойындағы отарбаның қалыпты жұмыс істеуі маңызды.
Өз бастауын Арал-Аралсульфат теміржолынан алған қазіргі «Арал теңізі» темір жол станциясы 1906 жылы Орынбор-Ташкент темір жол торабымен байланыстырылды. Сол уақыттан бері елдің экономикалық, әлеуметтік дамуына мол үлесін қосып келеді. Ғасырдан әрі ғұмыр кешкен шойын жол бойындағы қалыпты жұмыстың қауырт кестесі әлі күнге толастамады. Ал сол жолда талай буын алмасып, көптеген тәжірибелі мамандардың еңбек майданында мерейлері үстем болды. Ал Талғат Шүренов басқаратын қазіргі ұжымда «Қазақстан темір жолы - жүк тасымалы» АҚ, «Арал теңізі» станциясы қазіргі таңда кестеге сай қалыпты жұмыс жүргізіп келеді. Жалпы 35 жанды жұмыспен қамтып отырған мекеменің негізгі міндеті – жүк тасымалы, жеткізу қызметі. Бүгінде халық қажеттілігіне жарататын, Аралдың ақ алтыны болған тұзды және құрылысқа қажет шебін, ракушка, сонымен қатар бензин мен көмірді тасу қызметі жыл бойына толастамақ емес. Сонысымен бұл саланың маңыздылығы экономиканың күретамыры деген маңызды статусқа ие. Соңғы 6 айлық есептік көрсеткіші бойынша 4536 вагон жүк тасымалданса, 2097 вагон жүк қабылданған. Және Арал-Сапақ шойын жолы күрделі жөндеу жұмыстарынан өтіп, халық игілігіне қызмет етпек.
Биылғы жылы мереке қарсаңында еңбегі елеулі қызметкерлер де марапатқа ұсынылды. Осы орайда аудан әкімінің Алғыс хатымен 5 адам, облыс әкімінің Алғыс хатымен 3 адам және Қызылорда жол бөлімшесі басшысының Құрмет грамотасымен 2 адам марапатталды. Осы салада 40 жылға жуық еңбек еткен сала майталманы Әлімбай Бисембаев «Қазақстан темір жолы» АҚ басшысы Н.Сауранбаевтың «Адал еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды. Мұның барлығы ұжымдағы елеулі еңбектің ескерілгендігін аңғартса керек. Шын мәнінде маңызды саланың майталман жұмысшылары көрсетілген құрметтің қайсысына болсын әбден лайық. Өйткені олар атқарған еңбектің артында асыраушы саланың айтулы көрсеткіші мен кестеге сай қалыпты жұмысы жатыр.
Міне, осындай кәсіби шеберлігі мол қызметкерлер ауданымыздың абыройын асқақтатып, саланың серпілісін биіктететіні анық. Жауапкершілік, еңбекқорлық, адалдық – бұл әрбір теміржолшының бойынан табылатын ізгі қасиет. Осындай қуанышты күні темір жол саласының барлық қызметкері ең биік марапаттарға лайық.
Г. Сақтапова
06 тамыз 2023 ж. 191 0